Арандатудан туған апат

/uploads/thumbnail/20170708164628080_small.jpg

Марат ТОҚАШБАЕВ

Үстіміздегі жылғы 7-қаңтар күні Париждегі Charlie Hebdo сатиралық апталығының редакциясына шабуыл жасалып, соның салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам жараланды. Кейбір басылымдардың жазуынша бұған жауапкершілікті «әл Каида» террористік ұйымы мен «Ирак пен Левантаның ислам мемлекеті» ұйымы мойнына «алыпты». Бұл қанды қырғынды жасады деп күдіктелінген ағайынды Саид пен Шериф Куашиді 9-қаңтар күні арнайы операция барысында франсуздың арнайы мақсаттағы күштері көзін жойған болатын.

Ағайынды Саид пен Шериф Калашников автоматтарын кезеніп, редакцияға басып кіргенде тура жиналыстың үстінен түскен. Әрі өздерінің кімді өлтіруге тиіс екендіктерін жақсы білген. Редакция қызметкерлерінің аты-жөндерін сұрап, анықтап алған соң атқан.

Қаза тапқандардың қатарында Charlie Hebdo сатиралық апталығының бас редакторы әрі карикатурист Стефан Шарбоннье бар. The Daily Telegraph агенттігінің деректеріне қарағанда Шарбонье Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с) мазақтап карикатураларын салғаны үшін баяғыда-ақ «Аль-Каиданың» қара тізіміне іліккен» көрінеді. Шабуыл кезінде Жан Кабю, Жорж Волински, Бернар Вельяк, Филипп Оноре сияқты карикатуристер мен Бернар Марис деген журналист қаза тапқан. Қаза тапқандардың екеуі полиция қызметкері, бірі Франк Бренсоларо (Шарбонньенің оққағары), екіншісі мұсылман жігіті Ахмед Мерабе. Бас редактор Шарбоннье жеке оққағар ұстағанына қарағанда өзінің отпен ойнап жүргенін білген сияқты.

Әрине, бейбіт күнде париждік карикатуристердің оқыстан қаза тапқаны өкінішті. Сондықтан қаза тапқандардың отбасына, франсуз мемлекетіне шын ниетпен көңіл айтамыз.

Франсия (Франция емес, әдейі қазақша Франсия деп жазылып отыр. Греция емес –Грекия, Турция емес – Түркия тәрізді – Автор). Президенті Франсуа Олланд редакцияға басып кіріп қызметкерлерді атқан жандарды қанды оқиға аяғына дейін тергеп-тексерілмей жатып «террористер» деп атады. Сол сол-ақ екен, бүкіл батыс басылымдары терроризм тақырыбын гулетіп ала жөнелді. Бірақ осындай оқиға алғаш рет пе?! Мұндай келеңсіз оқиғалар тізбегіне көз жүгіртейік. 1980 жылы үнділік Салман Рушди деген біреу «Шайтанның шатпағы» деген кітап жазып, онда мұсылмандардың қарапайым мекенін мазақ еткен. Бұл күллі мұсылмандарды ашындырды. Иранның сол кездегі рухани жетекшісі Хомейни оның басына үлкен ақша тікті. Рушди енді тірі қалмасын сезіп, аты-жөнін өзгертіп ғайып болды. 2005 жылы «Бағыну» деген фильм түсіріп, онда қарапайым әйел тағдыры арқылы мұсылмандарды қорлағаны үшін голландиялық режиссер Тео Ван Гог өлтірілді. Сол 2005 жылы Данияның «Джулиандс-постен» (Jyllands-Posten) газеті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) 12 түрлі карикатуралық мазақ суретін жариялағаны үшін бүкіл әлем мұсылмандарының наразылығына ұшырады. Редакция басшылығы жарияланған суреттер сөз бостандығының іс жүзіндегі көрінісі деп ақталғысы келсе, сол Данияда тұратын мұсылмандар, сондай-ақ әлем мұсылмандары мұны саналы түрде арандату әрекеті деп санады. Осы оқиғаға байланысты 11 мұсылман мемлекетінің сыртқы істер министрлері жарияланған суреттер үшін Дат үкіметінен ресми кешірім сұрауды талап етті. Кейбір елдер кешірім сұрамағаны үшін тіпті дат еліндегі елшіліктерін жабуға дейін барды. Дипломатиялық наразылықтар соңы дат тауарларына бойкот жариялаумен ұласты. 2007 жылы бангладештік 20 жасар карикатурист индус жергілікті газетте Пайғамбарымызды (с.ғ.с) мазақтап салған суреті үшін мұсылмандардың қаһарына ұшырады. Автор түрмеге қамалды, шығармашылығына тыйым салынды. Бұл оқиға алыстағы Нигерияда жаңғырығып, ондаған адамдардың өліміне соқтырды. Орын алған оқиғаларда сценарий – біреу. Алдымен сөз бостандығы желеуімен әлдебір жазғыш немесе суретші мұсылмандарды, олардың өмір сүру салтын немесе Алла тағаланың жер бетіне жіберген соңғы Пайғамбары Мұхаммедті (с.ғ.с) мазақтап «шығармасымағын» жариялайды. Бұл қай елде, қай жерде екендігіне қарамастан күллі мұсылмандарды ашындырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) абыройын қорғауды өзінің өмірінен артық көретін кез келген мұсылман бұған наразылық білдіреді. Тіпті кейбіреулері «Шарли Эбдо» редакциясындағы сияқты қанды оқиғаға басын тігеді. Батыстық ақпарат құралдары оны алады да ең оңай жау «Әл-Каедаға» жапсыра салады (Егер мұндай ұйым шынымен бар болса Орталық Барлау Бюросы оны баяғыда-ақ тып-типыл етер еді). Ең дұрысы «тыныш жатқан жыланның құйрығын баспау» ғой. Басқа діннің, басқа конфессияның ұстанымдарын, ол қастерлейтін құндылықтарды мазақтау шын мәнінде АРАНДАТУ болып табылады. Сондықтан Батыс елдері мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді үйренгендері жөн. Арандатуды тоқтатудың орнына «ал қане, енді не істейсің?» дегендей сол әлгі журналдың келесі санында исламды күлкі ететін карикатуралар тағы басылған. Онымен қомай журналды 7 миллион данамен тараттық деп масайрайды. Бұрын 50-60 мың таралыммен күнін әзер көріп отырған, әне-міне банкроттыққа таяу редакция соңғы нөмірін сатудан 10 миллион еуро таза пайда көріпті (!). Бірақ ол проблеманы шеше ме? Журналдың таралымы 70 миллионға жетсе де мәселе шешілмейді. Керісінше бір редакцияның басындағы оқиға бүкіл мұсылман әлеміне қарсы текетіреске ұласады. Мұсылмандар өз діні мен абыройын қорғауға мәжбүр болады. Ал ол сірә, күннен күнге әлемге ықпалы артып бара жатқан исламды жексұрын етіп көрсету үшін белгілі бір саяси топтарға қажет те болуы ықтимал.

Бұл жерде Түркия Президенті Тайип Ердоғанның террорлық әркетті айыптай отырып, франсуздық Charlie Hebdo сатиралық журналы нәсілшілдік пен дінаралық өшпенділікті қоздырып отырғаны туралы пікірімен толық келісуге болады. «Бұл еркіндік емес, бұл басқа адамдардың кеңістігіне қол сұғу. Біз шексіз еркіндік болмайтынын түсінетін кезіміз жетті, –деді ол. – Мұндай арандатулар заңмен жазалануға тиіс».

Мені де осы мақаланы жазуға итермелеген осы пікір. Батыс елдерінде, тіпті сол Франсияда адамдардың діни сенімін, олардың құндылықтарын мазақтауға тыйым салу туралы заң қабылдануы, бұл заң бұзылған жағдайда орасан мөлшерде айыппұл салынатыны туралы нормалар енгізілуі мұндай қанды оқиғаларға жол бермес еді. Алайда Батыста мұны еститін құлақ бар ма, десеңізші?!

«Президент және Халық» 23 қаңтар 2015 жыл, 3-саны

Қатысты Мақалалар