Жазушы, әдебиет зерттеуші, сыншы, аудармашы Герольд Бельгер өмірден озды 81 жасына қараған шағында өмірден озды.
Естеріңізге сала кетейік, Герольд Бельгер 21-ші қаңтарда ауыр жағдайда емханаға түскен болатын.
Қазақстандағы ұлты неміс, өзі үш тілде қазақ, орыс, неміс тілдерінде еркін жазатын жазушы Геролдь Бельгер қазақ шығармаларын әлем тілдеріне аударып, танылуына үлес қосқан тұлға.
Герольд Бельгер 1934 жылы қазанда Ресейдің Саратов облысында, Волга бойындағы неміс АССР-інде этникалық неміс отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Сталиннің жарлығымен барлық немістермен бірге Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылына жер аударылған. Қазақ тілінде мектепте білім алып шыққан Герольд Бельгер Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы универститет) филология факультетін тәмамдаған.
Әмірхан Меңдеке, сыншы:
«Ол қазақты алдамайды»
– Қазақстандағы әдебиетшілердің ішінде бір әрпін қалдырмай оқитын адамдарым бар. Соның бірі – Герольд Бельгер. Ол кісіні азамат, жазушы, аудармашы, ірі ғалым ретінде қатты құрметтеймін. Білімі – ұшан-теңіз. Және білімін өз шығармашылығында керемет пайдалана алады. Көргені де, түйгені де мол. Біздің классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов күрделі тұлға. Ол туралы тек Герольд Бельгер ғана шынайы жауап бере біледі. «Нұрпейісовтің жазушы ретіндегі бағы неде, соры неде?» деген сұрақтың жауабын Бельгер мақалалары мен күнделіктерінде әдемі жеткізген. Герольд – қазақ әдебиетінің шын жанашыры, жанкүйері. Ол – құбылыс. Осындай құбылыс өзге әдебиетте жоқ. Өзбек әдебиетінде өзге ұлт өкілдері бар. Бірақ олар дәл Бельгердің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін істей алған жоқ. Бельгердің қазаққа, қазақ әдебиетіне деген махаббаты шексіз. Екі-ақ мысал келтірейін: «Абай жолының» аудармасы туралы жазған мақаласындай мақаланы бір қазақ жаза алған жоқ. Әуезовті осынша терең білетін адамды бірінші рет кездестірдім. Сосын Жүсіпбек Аймауытов ақталғанда жазған мақаласы да терең зерттеу, саралау. Аймауытовты тану Бельгерден басталады. Қазақты өтірік сүйетіндер көп. Ол қазаққа күлдіртіп тұрып емес, жылатып тұрып айтады. Герольд деген сөздің өзі көне герман тілінен аударғанда ақиқаттың жаршысы деген мағына береді. Қазіргі әдеби процесc, жазушылар, қоғам туралы барлық мәселенің ақиқатының жаршысына айналған жан. Ол кісінің шығармашылығын да, пікірлерін де айызың қанып оқисың. Қазақтың жанына батырып-батырып айта алады. Герағаңнан қазақ тілі туралы үлкен сұхбат алуға болады. Осы уақытқа дейін ол кісіден шала сұхбат алынып келді. Қазаққа жанашыр екенін сөзімен ғана емес, ісімен дәлелдеген адам. Ол қазақты алдамайды. Қолымда билік болса, жоғарыда аталған екі мақаласы үшін мемлекеттік сыйлық берер едім.