Кейінгі кездері ғаламторда "жершарындағы ең сұлу ұлт – қазақтар" деген мақтаулар жиі айтыла бастады. Осы сұлулықтың себебін іздеген отандық және шетелдік сарапшылардың пікірі бір арнаға яғни әлемде бізден басқа ешкімде жоқ жеті ата заңымызға тоғысады.
«Жеті атаға толған соң жеті өзен аттап құда болатын» халықымыз адам түгілі қорасындағы қойға дейін «қортық болсада қошқарды алыстан қос» деп қан тазалығына ерекше мән берген. Ауыз толтыра мақтана айтатын осы даналық салтымыз, әрине, адамзат өркениетінің биік шыңы десек артық болмас. Тарихта ел арасында тума кемтар аурулардың аз болуының да сыры осында жатыр.
Алайда соңғы кездері жұрт мақтап жатқан сұлулығымызға селкеу түсірер себептер артпаса кеміген жоқ. Бұның біреуі ретінде осы жеті атасын ұмытқандар жайлы айтсақта жетіп жатыр. Бұл қатарға «қара орыстар» мен өзін қазақ емес мұсылманмын деп қарайтындар кіреді. Бұлардың жарасы жеңіл, қайта қайырып алуға, жөнге салуға болар. Ең қиыны - жанары жаутаңдаған қара көздер болып отыр. Ресми мәліметтерге сенсек елімізде 40 мыңның ар жақ, бер жағында ата-ана қарауынсыз бейкүнә балалар бар екен. Олардың көбі - ата-анасының әлеуметтік, экономикалық жағдайына байланысты балалар үйінде жүргендер. Бұларға сөз бөлек. Сонымен бірге мұнда «тастанды» аталатын бір топ бар. Олар кімдер?
"Тастандылар" қайдан келіп жатыр?
Мамандардың дерегіне сүйенсек олардың көбі мереке атаулыны мейлінше тойлап жүрген қыз-келіншектерден келіп жатыр екен. Әсіресе жаңа жыл, сегізінші наурыз және ақпанның он төрті секілділер жеті атасын білмейтіндер шығатын мерекенің басталары. Бұл түндері болғанын былай қойғанда пәктігінен айырылатын кәмелетке толмаған қыздардың саны да жетіп артылатын көрінеді. Оның қатарына жаза басқан аяқтың жасататын түсігін, одан кейінгі ана денсаулығын қоссыңыз. Ал бала тапқандардың көбі оларды балалар үйінің алдына не қоқысққа тастап кетеді. Ол баланың кімдікі екенін ешкім біліп жатқан жоқ. Енді ойлай беріңіз олардың қаншауы өз туған ата-анасын, шыққан тегін біледі? Білген күннің өзінде қамқоршылардың қабағы туған ата-ананың жылуындай қайдан болсын. Бұл бөлек әңгіме. Ал кімнен туғанын білмейтін «тастандылар» ше? Еретең оларда ел санатына қосылып, отбасын құрайды. Сонда кімнен туғаны емес, кіммен тұрғаны басты мәселеге айналады. Құдай қосар қосақтары бір атадан тараған туысы немесе бірге туған қандасы болмауына кім кепіл?. Олардан қандай ұрпақ өрбиді?.. Міне көкейде осы сұрақ. Бұл сұрақты енді болашақтағы ұлттың сапасына әсері қандай деген тұсқа қойыңызда ойлай беріңіз. Сонымен мерекешіл жастарға айтарымыз - кейінгі өміріңізде Жаратушыға берер жауабыңызды және обал-сауапты бір уақыт ойлап қойыңыз...
ӘЛІБЕК Ыдырыс
Пікір қалдыру