Ол – адамзаттың соңғы 2000 жылдық тарихындағы таңдаулылардың алғашқы ондығынан орын алған, атағы жер жарған Шыңғыс хағанды білмейтін жан кемде кем. Орта ғасырда Шыңғыс хаған мен оның мұрагерлігі Еуразия қосқұрлығының күншығысы Сары (Жапон) теңізінен күнбатысы Пиреней түбегіне дейін, қиырда Сібірден түстікте Үндіқытай түбегіне дейінгі орасан зор аумаққа билігін жүргізді. Тіптен батыс Африка жағалауына дейін жорық жасап, күллі дүниенің жартысын бағындырды. Тарихта татар-моңғол шапқыншылығы аталатын оқиғаның тарихи маңызы мен көлеңкелі жақтарын жақтайтын да, айыптайтындар да аз емес. Шыңғыс хаған құрған ұлы империя адамзат тарихындағы әйгілі Атилла (Еділ) патшаның батыс ғұн мемлекетінің тарихи ролімен теңестіріледі. Атилла өз тұсында құл иеленуші қоғамның құлауын тарихи тұрғыдан қамтамасыз етіп, адамзатты тарихи дамудың жаңа биігіне көтергені белгілі. Немесе, Шыңғыс хаған саналы түрде Атилла мақсатын он ғасырдан кейін қайталаған деуге де келеді.
Ал, айбыны жер жарған Шыңғыс хағанға қатысты тарихи зерттеулер сан ғасыр бойы үрдісін үзбей жалғасып келеді. Бірде айуан басқыншы, бірде ұлы реформатор, теңдессіз басшы ретінде танылатын әмірші киіз туырлықты көшпелілер халықтарды әлемдік өркениет пен саясаттың биігіне қарай бастағаны әмбеге аян. Қазақ түрік халықтарының тарихында, Еуразия тарихында ұлы хағанның заңды ұрпақтарының рөлі ұшан-теңіз…
Әміршінің әуелгі азан шақырып қойған аты Темүчін, яғни Темірші екендігі белгілі (онымен бірге туғандардың есімі Темүлен, Темүге). Алайда, Хағанның атына қосарланатын Шыңғыс деген лақап есімнің тууы, мәні көптеген ғалымдардың зерттеуіне жүк болған.
Ұлы әміршіні өз еншісіне иеленіп жүрген монғол жұртына бірқатар түркологтар, айталық түркиялық және батыстық зерттеушілер дау айтады. Соның бірі әміршінің лақап есімі төңірегінде туындайды. «Шыңғыс» атауының шығу төркіні, оның мән-мағынасын зерттеу әріден басталғанымен, белгілі бір мәмілеге келмеген даулы мәселе. Түрік шежіресінің авторы Әбілғазы Шыңғыс есімінің мәнін «шың (чин)» ұлы, «ғыз (гис)» күшейткіш райдың жұрнағының қосылуынан туындаған, мағынасы «ең ұлы» дегенді білдіреді десе, француз зерттеушісі Д`Оссон «ғыз (гис)» көптік жалғауы, мағынасы «әлеуетті, қуатты» деп түсіндіреді. Неміс тарихшысы Хаммер Пургшталь Шыңғыс дегенді айбарлы, сұсты деп топшылайды.
Профессор Шмидт «Шыңғыс монғолдарының тарихы» еңбегінде көне монғол жәдігері «Эрдэнийн товч» (Қазыналы баян) жәдішерінде сөз болған «чинг» (чің) сөзі – қозғалмайтын берік деген (бұған қоса дыбысталуы ұқсас «чун» сөзі «қызыл күрең тас» мағынасында) мағынамен байланыстырады да, «гис» деген жұрнақтың моңғол тіліне ешбір қатысы жоқ екендігін айтады.
Тарихта бұл жайында алғаш қалам тартқандардың бірі Рашид-Әд-Дин әміршінің лақап есімінің мағынасын былайша түсіндіреді: «Чин (шың)» – монғолша өте берік, ал оған жалғанған «гис (ғыз)» көптік жалғауы.
Бұл лақап есім тарихи жағдайға байланысты туындаған. Қытайлықтардың кесапатынан ұсақ, бытыраңқы ұлыс пен тайпаларға бөлінген көшпелі жұрттардың әрқайсысын дербес ел-хандар (иль-хан) биледі (Таяу шығыс Азияны билеген Шыңғыс мұрагерлері құлағу мемлекетінің билеушілері иль-хан аталған). Егер билеуші бірнеше тайпаның басын біріктіре алса, гүр-хан деген титулға ие болды. Қытайша «гүр хаган» лауазымы да өте берік, қайсар мәніне жақын (одан моңғолша империя мағынасын беретін гүрэн ұғымы туындайды, түп негізі манж сөзінен). Оны Темүжінмен бақталас Жамуқа иеленсе, Керей тайпасының билеушісі Тұғырыл уаң хан дәрежесінде еді. Және де бұл атаулар бір-біріне ұқсас. Темүжін көптеген ел хандар мен гүр хандар биілігін жойып, бытыраңқы көшпелі тайпаларға иелік жасайтын шамаға жеткен соң оның билеушілік дәрежесін білдіретін титул қажет болды. Ол әрине, гүрхан, елхандардан жоғары болуы тиіс еді. Осындай талаптармен қабылданған «Чингис» титулы хағандардың хағаны дегенді білдіреді, ал оның парсыша баламысы шаһиншаһ «қайда да әмірші» мағынасын береді дейді Рашид-Әд-Дин.
Ш. Уәлихановтың замандасы буриад ғалымы Дорж Банзаровтың пайымдауынша билігін нығайтқан соң Темүжін өзіне лайықты титул таңдау үшін хұндар дәуірінде қолданылған «тенгри күбе» тәңірдің ұлы атауының (оның қытайлықтар тарапынан қолданылған нұсқасы шань-юй. Сондай-ақ тан-жу, тянь-дзи варианттары бар) лайық деп тапқан деген уәжін айтады. Ал, Қытайдың Сүн мемлекеті тұсында жазылған «Монғол-татарлар жайындағы толық белгілеу» атты тарихи жәдігерде Чингис есімін «жаратқаннан берілген есім» мағынасында тұжырымдайды.
Белгілі шығыстанушылар Б.Я.Владимирцов, П.Пелио, Хан Ру Лин қатарлы ғалымдар «Чингис» есімі көне түрік тілінің теңіз, мұхит мағынасымен төркіндес, ал «Шыңғыс хаган» жер бетіне әмір етуші ұлы хан мағынасын береді дейді. Фин түркологы Г.Рамстедт Чингис ұғымы түріктің тенгиз мағынасынан туған және ол көне моңғол тілінде түрікпен бірдей теңіз мағынасын береді дейді. Ұғымның мәні мұхитпен байланысты. Айталық, Шыңғыс мұрагерлері Өгедей мен Қүйіктер далай хан (телегей теңіз хан) лақап атын иеленген. Алайда, чингис деп дыбысталуы тибет жазуында қатаң дыбысқа қарай түрленіп кеткен дейді. Хағанның есімінің түріктік негізден тууы ықтимал дей отырып, тарихи негіздерді алға тартады. Себебі, Темүжин хан тағына көтерілгенде Меркіт, Жалайыр, Қоңырат, Керей тайпаларын иелігіне алғанын ескерсек атаудың жоғарыда ұғым қисынға саятындай. Ал, бірқатар түркологтардың болжауынша бұл есім шың + құз деген екі есім сөздің бірігуінен шыққан. Әлемді үштік негізде қарайтын көшпелі халықтардағы әмбебап универсали түсінігі бойынша аспанда жаратушы, төменде аруақтар, ортада адамзат тұрады. Ал Шыңғыс Хаған дегеніміз қара жердің ең төменгі нүктесі құз бен жердің ең биік нүктесі шың екеуінің ортасында, жер бетіне билігін жүргізетін әмірші дегенмен түсіндіреді.
Әуелгі түпнұсқадағы Чингис (Шыңғыс) аталуы тибет жазуымен түрленіп, Юань империясы жарлықтарында Дженгиз түрімен хатталған. Ол Еуропа тілдеріне Дженгиз түрімен енген. Оны өз кезегінде француз тарихшысы Ланглэ парсының дженг-энгиз сөзімен байланыстырып, мағынасын сауытталған, соғысшыл деп түсіндірген.
Ұлы Хағанның лақап есіміне қатысты үшінші бағыт оның тууын таспен байланыстарады. Оны «Моңғолдың құпия шежіресімен» сарындас жазылған Лувсанданзанның «Алтын топшы» еңбегінде мынадай бір аңыз бар. Темужин дүниеге келгеннен соң жеті күннен кейін теңіздегі (?) қара тастың үстіне қарабарқын түсті белгісіз бір құс қонып, бір түрлі қызық дауыспен шақырады. Бұл жағдай үш күн қайталағаннан соң Темүчіннің әкесі Есукей батыр барып байқаса, құс қонған тас алғашында алтын таңба болып көрінеді де ғайып болады. Екінші мәрте қонған тасы күміс, соңғы жолы гауһар таңба болып көрінеді де, қайтадан тас кейпіне енеді. Бұл сырдың тегіннен тек еместігін байқаған Есүкей батыр тасты үйіне әкеліп қойғанда алдыңғы көрінген құс ұшып келіп шаңыраққа қонады да «Шыңғыс» деп шақырады. Сондықтан дүниеге келген нәрестенің атын Шыңғыс қойған-мыс».
Саган шешеннің жазба жәдігерінде және Лувсанлхүндэвтің «Біліктің шырағданы» шежіресінде бұл мотив қайталанады: Темүжін хан тағына отырған күні орданың алдындағы үлкен тасқа бұрын-соңды ешкім көрмеген торғайға ұқсас бес түсті ғажайып құс «шыңғыс (чингис)» деп үш шақырады. Оны көрген жұрт ханды солай атаған екен. Осылайша, ұлы әміршінің лақап есімін ғажайып құспен байланыстыра (мұндай варианттар тибет, қытай аңыздарында да кездеседі) әспеттелуі, жаратқан иенің елшісі ретінде суреттелуі аз емес.
Алайда, хан есімін таспен байланыстыру шындыққа жанасады. Адамзаттың алғашқы еңбек құралы, қорғаныс қаруы тасты көктен түскен нәрсе ретінде көрсететін аңыз ертегілер әлем халықтарында соның ішінде шығыс жұртына тән ерекшелігі. Эвенк аңызында жаратқан тағала жын шайтанды құрту үшін аспаннан жерге түсетін тесіктен ыстық тастарды құйып жібергендіктен, жер бетінде әртүрлі түсті, үлкенді кішілі тас, таулар пайда болған деседі. Ал, буриад аңызында «...Жаратқан ие жердің тесігінен атқылап жатқан суды бітеп тоқтату үшін тоғыз мәрте тас атқанда ең соңғысы ғана әлгі тесікке дөп түсіп, жердің жыртығын жамап қалған екен» деп баяндайды. Осылайша, тас пен жаратқанды байланысты қарау — үнді-еуропа халықтарына ортақ.
Шыңғыс атауының таспен байланысын монголдың ауыз әдебиеті үлгілерінен кездестіреміз. Мысалға «Алтын Орда» және «Отқа табыну ғұрпы» деп аталатын мадақ жырларында (ода):
Шынайы темір аталы,
Шыңғыс (Чингис) тас аналы,
Қайсар темір бабалы
Мейірбан (Чингил) болат (аналы), —
деп жырланады, темір – оттың атасы, тас оттың анасы ретінде қарастырылады. Мұндағы чингис, чингил сөздері дыбыстық өзгешеліктегі синонимдер. Бұған қосарымыз монғол тіліндегі дыбысталуы ұқсас «чун» сөзі, яғни қызыл күрең тас. Бұлардан шығатын түйін ұлы әміршінің жас Темужин атымен хан көтергендегі лақап Шыңғыс есімі өсу мен өшудің белгісі болған от пен тасқа байланысты берілуі тегін емес. Темужин есімі монғолдың жазба тіліндегі «тэмур» (темір) сөзімен төркіндес болуы аталмыш себептерге байланысты. Шыңғыс атауы монғолдың классикалық жазба тіліндегі «Чилагу, Чингил, Чинггис» синонимдеріне қатысты деген уәжін алға тартады моңғол зерттеушісі Цэрэнсодном.
Монғол тілі диалектісінің бірінде «чингэл чингил» атауы таудың шатқалы, жар, қабақ мағынасын береді. Бүгінгі Шынжан монғолдарында биік таудан құлай күркіреп аққан тау өзенін шыңғыс суы атайды екен. Бұл сөздер тек дыбысталуы жағынан ғана емес, мағыналық, семантикалық тұрғыдан да төркіндес болуы болжамымызды қуаттай түседі. Бұл сөз болып отырған ономастикалық ұғым ғалым Г.Рамстедт жазып алған «Хан Шыңғыс Богда» жыр үлгісінде «Чигнил» түрінде қолданылады. Шыңғыс аталатын топонимдер көбіне жоталардың биік қыраттарына қатысты қойылғандығын байқаймыз, әрі онда дәстүрлі сенімі бойынша киелі асыл тастар мол деп жазады жағрафияшы Л.Сүхбаатар.
Қалай дегенмен Ұлы әсіршінің лақап есімі тарихи оқиғалар мен өз тұсындағы адамзаттың жеткен философиялық дүниетанымдық талғамына қарай туындағандығында дау жоқ.
Пікір қалдыру