Өрелі сөз ұстағандардың елді де ұстайтыны тарихтан белгілі. Біз мұнда тобырды айтып отырған жоқпыз немесе сөздің киесін білмейтін «қаламгерсымақтарды» да айтып отырған жоқпыз. Кімнің қаламға сүйеніп тұрғанын, кімнің қаламды сүйеп тұрғанын оқырман мен уақыт белгілейді. Біздікі «Қазақ әдебиеті» дейтін алтын теңізде қай қаламгердің қандай ескек ұстап жүргендігін, қай арнада ағып жатқанын бүгінгі оқырман таразысына салу. Оқырман ойын дөп басып, қызу талқыланған қуатты сөздің иесін дер шағында бағалай біліп, кітабын шығаруға «Қамшы» сайты қал-қадерінше тырысып бағады. Әділ төреші болуға сізде тырысып көріңіз өрелі оқырман! Жол үстінде жолығып, Жол үстінде қоштасып, Үлгердік пе, білмеймін, Қимас жандай достасып? Түйістіріп көзге көз Қарадық па дұрыстап, Екеумізді күтті ме Ақ қар басқан күміс бақ. Ести алмай кеттік пе жүректердің қағысын, іңкәрліктің тынысын, сезімдердің дауысын. Сүйікті де демедік, Сүйе де алмай қанып бір, Сіздің жұлдыз әнекей, Жоғарыда жанып тұр. Түсіме ене береді Сұлу, суық түсі ақ қар... Қыспай қалған құшақтар... Ұшпай қалған ұшақтар... * * * Ізіміз қалған іңірде, өшірме дедім, Өртенген кезім – дерт емген есімде менің. Көрместей болып көңілім қалғаныменен, кешірген едім. Талпынып тұрса дәл мендей, түсінер едім, Жиі ене береді несіне түсіме менің?! Тәкаппарлықтың бойымда тамтығы қалмай, кішірейемін. Шиыр да шиыр шаршаттым шақырымдарды, (Ақымақ күйге түстім-ау, ақылым бар-ды). Міз бақпай бүгін жатқан жол, жадырап мені шақырыңдаршы. Енді ашпас маған, не етермін, есігін қайтып, Уақыт тұрды өзінің кесімін айтып. Кететін болсам, жар салып жаһанға мынау кетермін есіміңді айтып. * * * «Қарғам» деші, Толқын-толқын ағылсын арман көші. Жанкешті боп өтейін жалғанда осы. Демейсің бе? Ал онда: «Қарашаның қол бұлғап қалған кеші Жалған» деші. «Тәттім» деуші ең, Аялауға жаралған ақ гүлдерше, Маңдайыма гүлдесте таққым келсе, Тосырқама тосыннан келген кім деп, жат біреуше. Үмітті еткен, Күліп келіп, тағы да күліп кеткен, Қызық көктем. ...Ойламауым өзіңді мүмкін емес, Себебі, Сен жайлы ойлар қаныма сіңіп кеткен. * * * Алақандағы жазулар Ала таңдағы аян боп, Жабырқау тартқан шағымды әр Жалқы бір түнге жаям кеп. Дәтімді берік деп едім, Дәрменім жетпей жоруға. Діліне бекем өзегім, Дірілдейді ерні оның да. Жайлысын, мейлі жайсызын Жақсыға жору – жоралғы. Селт еткіш жүрек-айшығым Секемшіл неге боп алды? Өң менен түстің арасы Өңменнен өтер айтты не? Қайғы алып қалған санасы Қайралып барып қайтты де. Түс жорудың сан тәсілін Түсінбес шақта қарық қып, «Құбылған күн ғой, әсілі» - Деуші еді әжем жарықтық. * * * Беймаза ой. Түн арсыз. Халім де мәз емес бұларсыз. Ай ғана арманымды ұққанда Жай ғана жайымды сұрарсыз. Жабырқау жүректің, е, бәлкім, Емшісі Сіз емес шығарсыз. * * * Мен әйелмін, жанымда қырық шырақ, Ешкімге де бармаймын үміт сұрап. Саналыға салмағы батпан өмір, Ақымаққа, шіркін-ай, қызықтырақ. Мен әйелмін жылайтын күліп тұрып, Жүрекке ауыр жүк артар біліп тұрып. Ай мен Күндей ажарлы, дертті жүрек, Хан қызындай салынған қырық құлып. Мен әйелмін жанардан жылу күткен, Айна алдында сырластым сұлулықпен. Кеше неге, білмеймін, жери бердім Пешенеме бұйырған бір үміттен. Мен әйелмін, таусылмас аңсар әнім, Мөлдірлікке мөлт етіп тамса жаным, Тазалыққа талпынған барым деп ұқ. Құшағына қапсырып алса жалын, Өртке оранып жатып та тамсанамын. Ақын Сара Тастанбекқызына Кіндік кесіп, құндақтаған, өр елім! Тал бесікте жыр несіпке бөледің. Сарадайын дара туған саңлаққа бағышталған дұғам болсын өлеңім. Көкжайдағым, ырыс қонып, тұнған бақ, Көк жайлауым Сара болып жырланбақ. Менің де анам жөргегімді жуған су - Ақсу жатыр бұрымыңдай бұлғаңдап. Тауқыметі таусылған ба тағдырдың?! Зарлы үн үшін, заман, сені жазғырдым. Жиенқұлға жіпсіз байлап бердің де Азаттығын аңсаттырдың аз күннің. Арулардың арқалаған арманын Құрбан етті жазылмаған заңдарың. Өмірі емес өнеріне еліктеп, Тіршілікте өлеңімді қармадым. Туған айдай толықсыған реңің, Ақындардың бірі ең, апа, ірі едің. Баянжүрек жер жүрегі демеп пе ең, Жыр жүрегі болды сенің жүрегің. Бұл Ешкіөлмес - Жайлауы ғой жайы түскен жасынның Табанының табы қалған асылдың. Еміреніп кеп маңдайымнан иіскеші, Балаң едім, бауырыңа кеп бас ұрдым. Тамшыбұлақ... тамшы құлап тастардан, Мөлдірліктен ұлы мұрат басталған. Ақсұңқар қыз - ақ домбыра айналы Асқақ үнін естіртеді асқардан. Енді еңсесін тіктеген гүл түсі аппақ, Үзілді кенет алға ұмсынып, үш аттап, Дала төсі аялаған ақ гүлін, Қарашоқы жатыр енді құшақтап.Сағыныш Сабыржанқызы Намазшамова – 1978 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Қосағаш ауылында туған. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1999 жылы осы факультеттің магистратурасын бітірген. Қазір Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінде бас маман. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері. 2007 жылы «Арыс» баспасынан «Бақыттың бағасы», 2009 жылы «Төрт бөрі» баспасынан «Сағыныш» атты жыр жинақтары жарық көрді.
Пікір қалдыру