Еркіндік пен ерлік туралы жыр

/uploads/thumbnail/20170708165924309_small.jpg
"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Аңыз түбі ақиқатқа ұласқан, Арынды да, асқақ рухтан сыр ашқан. Көкбөрінің ұрпағымыз ту етіп, Еркіндік пен ерлік салтын ұнатқан. Көне тарих қатпарында қатталған. Ғибрат сөздей көкіректерде жатталған, Бізге жеткен ерлік дәстүр киелі, Ғұн мен сақтар дәуірінде ақ басталған. Пыран киіп, пырақ мінген сақ бабам, Белін шешпей басына ер жастаған. Бөтен елге сұқтанып көз сатпаған, Тек өзінің бостандығын сақтаған. Ұрпаққа ерлік мұра болған атадан, Көшпенді елдің қанында бар ата заң. Талай ердің аты қалып тарихта, Батырлығы аңыз болған жасаған. Дала заңы, еркіндікке бағынған, Ер Түркіміз! Көк тәңірге табынған, Күлтегін мен Тоныкөктің рухымыз, Құлпытасқа өсиет боп жазылған. Халқы азат болу үшін құлдықтан, Талай ерлер есер жаумен қырқысқан. Қаталдықпен қанша өлім сепсе де, Ерлік рухты жеңе алмаған Шыңғысхан. Мансұқ етіп монғол салтын бұрынғы, Тарих көші соны арнаға бұрылды. Жәнібек пен Керей хандар бас болып, «Қазақ!» атты хандығымыз құрылды. Сол тарихи тағылымнан нәр алған, Мәңгілікке іргетасы қаланған, Бастау алған Қозыбасы жерінен, Ұлы Ел болдық салтанаты жаңарған. «Ақтабанда» ай тұтылып азат күн, Ел басына бұлт боп төнді азап, мұң. Ерлігімен ұран болып Абылай, Үш жүзінің басын қосты қазақтың. Зауал шақта өмір, өлім арбасқан, Ерлік болды жауға сілтер алдаспан. Қабанбай мен Бөгенбайдың ерлігі, Ұрпақтарға аманат боп жалғасқан. Ерлік рухы қалғыған жоқ бұлқынды, Бодандықтан бостандыққа ұмтылды. Кенесары, Махамбеттер ерлігі, Біздер жеткен Тәуелсіздік бұл күнгі. Кеудесіне шырақ жаққан талайдың, Өнер менен ғылымдағы ақ айдын, «Ерлік емес» - деуге сірә бола ма? Өнегесін Шоқан менен Абайдың. Асқақ рухтың жығылмады байрағы, Ұрпақтардың жігер отын қайрады. Егеменді ел болуға талпынған, Алаштықтар ерлігінің айғағы. Азат таңның арман болған арайы, Алашпенен қайта туды орайы. Ахмет пен Тұрар сынды елі үшін, Арыстардың құрбан болды талайы. Шоғын үрлеп жігер менен еріктің, Соғыс өрті қайта орады жер үстін. Фашизмнің ойран етіп ордасын, Рахымжандар туын тікті Жеңістің. Кешпес үшін күйін құлдық, азаптың, Нағыз ерлер отын кешті тозақтың. Ұлт батыры – қаһарманы атанды, Бауыржандай қайсар ұлы қазақтың. Желтоқсанда қанға бөгіп алаңы, Іңкәр үміт болған еді жаралы. Жанартаудай бұл сілкініс Қайраттай, Жас толқынның ерлігі еді саналы. Орындалып елдің аңсар, арманы, Ұлт намысы шырқау көкке самғады. Күрестердің ұлысы боп Желтоқсан, Тәуелсіздік мәңгілікке орнады! Толағайдай көтергені ел жүгі, Даналығын мойындаған жер жүзі. Нұрлы жолы мәңгілікке ұласқан, Елі сүйген Елбасының ерлігі. Төбесінде Туы сынды көк аспан, Азат елміз бүкіл әлем санасқан, Ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында, Бірлігі мен ынтымағы жарасқан!  

Абылайдың түсі

  Тарих куә – далаңғайыр даңқына, Ел бірлігін ұран еткен халқына, Хан Абылай: «Бір түс көрдім жоры» - деп, Қарт жырауды алдырыпты алдына. (Хан жүзінен байқалды ой, толғаныс,) - «Былай болды түсімдегі болған іс; Арыстанды қудым сойыл сілтеуге, Ол ғайып боп, тұра қашты жолбарыс. Жеткен кезде сол жолбарыс қашқынға, Сан соқтырып, ол айналды қасқырға. Қасқыр – түлкі, түлкі – бақа – шаян боп, Ғайып болды ат тұяғы астында.» Бұқар жырау: - «Өр мінезді жаратылған намыстан, Жауларымен арыстанша алысқан, Осы кез ғой ел бірлігін ту еткен, Түске кірген жолбарыс пен арыстан. Қулық – сұмдық, асқан айла амалы, Туар келіп қасқыр, түлкі заманы. Түске кірген бақа – шаян сияқты, Ұсақтанып азғындайды – ау адамы!» Бұхар жырау түсті осылай жорыпты, «Ұрпағымыз ұсақтар» - деп қорытты. Болашақты болжап тұрып алайда, Өз ойынан өзі жырау қорықты... Тағылымдық тарихы сан ғасырлық, Қанда тулап ағушы еді батырлық. Рухы биік қасиеттен айрылып, Парқы төмен момындыққа бас ұрдық. Куә болдық бастан өткен шындыққа, Мойынсынып пейіл болдық құлдыққа. Бас шұлғыған көмпістігің асқынып, Жуастығың айналдырды ынжыққа. Іргеңе кеп келімсектер жайланды, Сана сонан ботана боп лайланды. Бодандықтың көгеніне бас сұғып Отарланып қой мінезге айналды. Қалыңдады маңдайдағы қайғың да, Қалды иесіз, ұлтжандылық, айбын да. Адамзаттың азбанының кейпін ап, Ынжықтығың айналдырды азғынға. Асылына ұлтымыздың қас қылдық, Дінін, ділін, салт – дәстүрін жатсындық. Азғындардың тұқымынан тараған, Арамызда пайда болды сатқындық. Бабалардың бай мұрасы қалдырған, Құстай болды, топшысынан қайрылған Сатқындардың ұрпақтары айналды, Мәңгүрттерге Ана тілден айрылған. Ар, ұятты жөргегінде жерлеген, Қоғамдағы жат қылықты дендеген, Қайран жырау! Қалай ғана дөп басып, Ұрпағының келешегін меңзеген. Ел боп енді бағы басым, сорынан, Азаттықтың таңы атты оңымнан. Жойылуға аз – ақ қалып, оңалдық, Хан түсіндей Бұхар бабам жорыған. Қайран елім! Қайсар мінез, текті едің. Не қиямет, бастан зұлмат кешпедің? Бақа – шаян болсаңдағы ұсақтап, Жер бетінен жоқ боп мүлде өшпедің... Желтоқсанда жастар жаққан жалында, Тәуелсіздік қонды бақыт, бағым да. Қайсар қазақ айналды енді Барысқа, Мәңгілік рух қайта түлеп қанында. Абылайдың аманатын ақтаған, Арда қазақ азабы жоқ татпаған. Егеменді – «Мәңгілік ел» атандық, «Нұрлы жолы» болашаққа бастаған.

unnamed Байдалиев Дәулетжан, 

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Қазақстан Рсепубликасы кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.

demeu2

Қатысты Мақалалар