«Орыс болғым келмейді»

/uploads/thumbnail/20170708165921696_small.jpg

«...Ақмешітке кетіп барасың, орысша оқитын боласың. Үстіңе орыстардың киімін кигізеді, сосын қазаққа ұқсамайтын боласың, орысша сөйлеп, орыс болып кетесің. Менің болашағым туралы бұл айтылғандар жаныма қатты батты. Енді әкеме Ақмешітке оқуға жібермеуін сұрап, жалына бастадым.  Орыс болғым келмейді, дедім».

Бұл исі түркіге есімі мәлім Мұстафа Шоқайдың  сөзі.  Мұстафа сөзін мысалға алуымыздың себебін сәл кейінірек...

1916 жылы Патша ағзамның қазақтан солдат алуға бұйрық  шығарғаны мәлім. Арғы жағы айтпаса да белгілі.  Жарлықты жақатпаған алаш баласы  тегіс атқа қонды.  Ел іші дүрбелеңге ұласып, түрлі толқулар қылаң берді.  Сол оқиғадан желдей жүйткіп жиырма бес жыл өткенде, қария тарихтың таусыншақ күнтізбесі 1941 жылды көрсетіп тұрды.  Исі қазақ баласы ЖАППАЙ МАЙДАНҒА сұранып жатты.  Енді салыстырып көрелік.  Ғасыр емес, не бары екі мүшел ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ. Алғашында ақ патшаның жарлығына қарсы болған ҚАЗАҚТЫҢ мұнысы қай сасқаны дерсің. (Фашистік Германия дүниеге өлім бүріксе, қалай ғана қарап тұрмақ деп ақтайтындар да табылар. Күдігіңіз орынды. Бірақ біз айтқымыз келген мәселенің мәнісі бұл емес еді).  Қысқасы, кеңестік жүйе жиырма бес жылдың бедерінде қазақтың ішкі табиғатын толығымен өзгертіп, тағдырын басқа тарапқа салып үлгерген екен.  Ал ойланайық.  Бағанағы (жоғарыдағы) аспанға шапшыған асау  мінез бен  қайнаған ішкі қайрат қайда кетті? Қал-қадерімше түсіндіріп бермекке  талаптанып көрейін.  ҚАЗАҚТЫҢ 1916 жылғы  ақ патша жарлығына қарсы болуының басты себебі біз ойлағандай «оқымағандығы»  емес,  ОРЫСТЫ БӨТЕН  санаған иммунитетінің күштілігі еді.  СОЛ ДӘУІРДЕ  «НЕ ҮШІН ОРЫСТЫҢ  ПАТШАСЫ ҮШІН ҚАН ТӨГУІМ КЕРЕК ЕДІ?» деген  кірпияз  сұрақ әр қазақ баласының көмейінде  менмұндалап тұрды.

Бала Мұстафаның да «орыс болғым келмейді» деп алаңдауының астарында нендей  құдірет жатқандығын енді түсінген шығарсыз.

Қайыра айтуға мәжбүрміз. Қазақты бүй деп сөйлетіп, бұлайша  қарсылық қылуға итермелеген ҚАНДАҒЫ ҚЫЗЫЛКҮРЕҢ  ИММУНИТЕТІНІҢ КҮШТІЛІГІ  ЕДІ.   Бұл ешқандай да алаш баласын орысқа қарсы қойып, арасына ала мысық жүгірту саясаты емес. Бар болғаны  ЕРКІНДІК пен ЕЛДІК  ұғымының  әр қазақ кеудесінде тайдай тулап өткендігін  тарих тозаңынан аршып алып түсіндіру ғана. Бұған төмендегі жалғыз шумақ ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАРА ӨЛЕҢІ  жауап бола алады.

                            Ой да көп, уайым да көп  ойлай  берсең,

                            Ой да жоқ, уайым да жоқ  ойнай  берсең.

                            ЕРКІҢНЕН, ЕЛДІГІҢНЕН  НЕ ҚАЛАДЫ,

                            ӘРКІМНІҢ АЙДАУЫНА  ҚОЙДАЙ  КӨНСЕҢ.

Ондыққа тиген оймақтай ғана оқшау сөз. Өмірдің өзінен туған осы бір ғазалды баба танымы әр перзентіне бойтұмарындай сақтасын деп ЕСКЕРТКЕНІ  шығар...

Ықылас Ожайұлы

Қатысты Мақалалар