«Денсаулық сақтау министрлігі қазірде кальян тартудың кең таралып келе жатқанына аса алаңдаулы. Бүгінгі кездесуімізді осы мәселеге арнап отырмыз. Халықаралық сарапшылармен кальян тартудың адам денсаулығына зиянын талқылауды жөн деп таптық», -деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов. Ал ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, кальянның қауіптілігі – ең біріншіден, оның құрамындағы өте зиянды микроорганизмдер: атап айтсақ, ол бактерия, саңырауқұлақтар, шайыр. Оның құрамында вирустар бар. Сонымен қатар кальянда туберкулездің кох таяқшалары болады», - деді ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин. Оның айтуынша, бүгінде халықтың арасында су кальянның құрамындағы зиянды заттарды ерітеді, түтінді тазартады деген қате пікір қалыптасқан. Су ол тек қана органикалық емес заттарды ғана ерітеді. Ал түтіннің құрамындағы органикалық заттарды ешқашан ерітпейді, тазартпайды. Олар сол қалпында адамның өкпесіне, әрі ең төменгі сегменттеріне жетеді. Жүрекке, миға бүйрекке зияны зор. Біздің пульмонологтар оның құрамындағы микроорганизмдердің өте ауыр емделетін пневмония ауруына себеп болатынын айтып отыр. Сөйтіп, кальян тартқан жастар созылмалы ауруларға шалдығады. Екі үш күн жүргізген зерттеудің өзінде кальян сұйықтығындағы қауіпті микроорганизмдерді тауып отырмыз. Зерттеуімізді жалғастырып жатырмыз. Туберкулезге қатысты зерттеуіміз бар. Ол он аптадай жүреді», -деді Бекшин. Халықаралық деректерге сәйкес, жоғары уыттылығы салдарынан кальян шегушілер арасында өкпе обыры 2 есеге, жүрек қан тамырлары жүйесі ауруларының 2,2 есеге, респираторлық аурулар мен рениттердің 2,3 есеге, альвеолиттің 3,7 есеге, ер азаматтар бедеулігінің 2,5 есеге, остеопороз және ауыс қуысы патологиясының 3-5 есеге арту қаупі туындайды. «Кальян түтінінің айналадағы адамдарға да зияны зор. Орташа бір грамм кальянда 8,32 мг никотин бар. Ал бір темекіде ол 1 мг ғана. Сонда кальянның бір дозасында никотин он есе көп. Ал түтінді алсақ, бір кальянның сессиясында жүз темекінің түтіні бар», - деп атап өтті бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Пікір қалдыру