Айгүл Кемелбаева. Снайпер(Әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708171000121_small.jpg

«Қазақ хандығына 550 жыл» шығармашылық бәйгесіне! 

 

                                       Соғыс аяқталғанына 70 жыл өтсе де белгісіз

                                        солдат болып, атаусыз қалған батыр,

                                        атқышшыл ер Төлеуғали     Әбдібековтың

                                           рухына арнаймын.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              Автор                                                                                                                                                                                                                                                                                 

Бала аңға жалғыз шықты. Атасы немересін қарғадайынан еркек бала деп сауысқаннан сақ болуға, тұтқиылдан тиген қатерден қорғануға баулыды. Бала жер қозғалса қозғалмайтын ерен сабырлы болуды үйренді. Қысылтаяңда қымс етпес ересек немересін Насырхан аңға жалғыз жіберетін болған. Бір түтіннің асыраушысы. Көже-қатығы бар жұрт қызылсырайды. Құндыздыда әжептәуір ауқатты тұқымдар бар. Колхоз берген бірер пұт бидайды жасырып, қабырғаны қуыс етіп, балшықпен  сылап тастайды, алты ай қыста балаларға азық. Азшылық ауылда қалт-құлт етіп, әзер отырған кей аш-арыққа атып әкелген аң етінен, арқар, құланды бөліп берсе, бұл баланың құдайы бергені. Бір елді аңшылықпен асыраған қара қасқа атты Қамбар батыр сияқты. Соның үшін ол жеті қараңғы  түндердің бұлғағын талай бастан кешті. Атасы түнде далада жалғыз қалсаң, аттың қу басын жастанып жат, қу бас ақмарту жын-сайтаннан қорғайды деп әбден сендірген. Бала жанына жезтырнақ жетіп келсе, дәумен алыса кетердей тас түйін отыратын. Қарасирақ балаларға жондағы құз-шатқал, өлеңді жазық, мүк басқан төбеде ай астында жалғыз қонғанын мақтанып айтса да, тақырда от жағып, кірпік қақпай, көз ілмей шығатынын ешқашан тісінен шығарған емес. Мұндайда бөрі ұлыса мейлі, тек байғыз сұңқылдамаса болғаны. Бала байғыз қорғаушы, періште екенін бек біледі, тірі жан, момын құс, момын аңға төніп тұрған қауіп пен ажалды сезіп сұңқылдайды. Сондықтан мимырт түнде ауық-ауық құс ұйқы қалғып алады. Таң ағара бастаса, Төлеуғали  атын тебініп жүріп кетеді, ат басын бос қояды, жылқы тұяғы қайтар жолды жаңылмай табады. Күн ұясынан жұмыртқадай домаланып шығып келе жатқан кездің реңі керемет! Оның тылсым әдемілігін суреттеп тіл жетпейді.Албастыдай басатын жас ұйқысын сәл-пәл ашып жіберетін ерен сұлу, дүниеғайып мезет жондағы тұнық көлдерде перінің қыздары суға шомылып, аққуға айналып ұшып кетеді екен.

Құралайды көзге атқан қас мерген атанған. Кәнігі аңшылар ол атқан аңның оқ тиісіне қарап басын шайқайды. Оның алғашқы олжасы мүйізі қатпар-қатпар құлжа болатын. Насырхан атасы аңшылықта жолы болмайды, немеремнің несібесі кетеді деп ешкімге байлатпай қойған. Сол құлжа мүйізінен отқа иіп, атасы пышаққа сап жасап берді.

Құндызды мен Қарашоқы арасы адыр-адыр төбелер. Арқада жаздыкүні өзен-су мол арналы, жазғытұры аттылыны ағызып әкетердей күркірей, долдана ағады. Құлжалары мүйізі көк тіреп, тау басында жақпар таста ұшар құстай тізіліп, арқарлар тұрады.

Елді ашаршылық жайлаған Голощекин сор заманы. Қара жолдан шұбатылып аштар өтеді, кейі жығылып, сүрініп, жерге құлап жүреді. Далада өлгендерді мұсылманшылықтан әсте айнымаған Төлеухан, оның інісі Оразхан сияқты бұл елдің байырғы адамдары жерді тізеден болсын қазып, бір үзік құран бағыштап, көміп жерлейді.

Он алтыға жасы толмаған Төлеуғали астындағы жүйрік атына сенеді, жылқы жануар алға қарай баспай қойса, ұрымтал тұс бір қатерді жазбай сезгені. Бала бердеңке мылтық, дырау қамшы, қырқар ұстайды. Бір туысының он алты жасар ұлы шабарман болып жүріп, із-тозсыз жоғалып кеткен. Небір сұмдық сөз гулеп, естіген жан төбе құйқасы шымырлайды. Ел ішінде ашаршылықтан өлім-жітім, қос үрей жайлаған. Әуелгіде өрімталдай жас мерген қара жамылған шаңырақта қатындар: «Сауысқанның аласы-ай, Көңілімнің бітпес жарасы-ай!» деп жоқтау айтқанын жиі естуші еді. Дүлей үрей, кезеген ажал ұзамай соқыр тұмандай басып, мылқау болып алды.

Көк бесті жер тарпып кісінеді. Төбесі жоқ, қалқиған қабырғасы қалған ескі қора көрінді. Іргесінде бір аш кісі бұратылып жатыр. Есік пен төрдей жер. Әлгі тірі аруақ қу сүйек адам әзер қозғалып, баланы қол бұлғап шақырды.

  • Ит-құсқа жем болмайын, мынау қабырғаны үстіме құлатып, жүзімді жасырып кетші. Бір көмегің болсын, мұсылман баласысың ғой, – деді әлгі бейтаныс кісі.

Бала таяу маңда жаман қораны торуылдап, бұратылып жүрген аш қасқырды көзі шалған, мылтығын кезенді, сүлкектеп қалың жынысқа безіп жоғалды. Бала бейбаққа қоржынынан бір кесек ет лақтырды. Аң баласы адам көзінен қорқады. Ажал келген соң қорқау қасқыр мүрдені құлаған қабырға астынан болсын қазып жеп кетерін ұқты. Құдай өзі кешірсін, анау сорлы өлсе, өз ажалынан өлсін. Ары қарай биік тауға жүре берді. Көз көрген сұмдықтан сейілгісі кеп, көкқияға тік өрлеп барады.

Мұнда ертеректе барымтада сыбан мен тобықты аңдысқан. Екі биік тауда қиядағыны көретін қырағы ерлер туу алыстан қарауыл қарасады екен. Бір тау басында аңдуыл тобықты жігіті қасындағы бозбалаға бүй дейді: «Анау мені байқап қойды, дереу таудың арғы жағынан кеп қиғаштап, құлын жетектей төмен жүгір!». Серігі қалт еткізбейді, құлын ұстап, төменге дедектей жөнеліпті.

Сонда биік тау басында қарауыл сыбан шолғыншысы тесіле қараса, көктен жерге ағып өткен бір қарауытқан құс тәрізденеді. Ол жолдасына айтқан екен: «Мен қателескен екемін, мынау адам емес, ұшып өткен құс қой». Сөйтсе, күншілік жерден құлын жетектей жүгірген адам сұлбасы ұшқан құсқа ұқсап көрінеді екен. Сол түні бейқам қалған сыбаннан тобықты көп жылқы алған. Саулата жылқы қуған барымташылыққа ердің ері барады. Қарсы жақ жауды біліп қалса, сойылдасу мен қамшыласудан басқа қару қолдануға рұқсат жоқ. Төлеуғали ата жұрты мен нағашы жұртының небір қызықтарына қанып өсті. Мергеншілік, атбегілік, құсбегілік, аңшылықпен қатар барымта бір серуендей көрінетін. Совет үкіметі ұрлыққа тыйым салып, барымташыны банды деп жариялаған.

Кісебайдың майлы бұлағы деп аталатын керемет мөлдір сулы тас бұлақ бар. Бұрынғылар олжа малдың сан етін аспан айналып жерге түсер аптапта мұздай суық суға салып қойса, ет бұзылмай сақталады екен. Жынтасқа қарай жолда Қызылағаштың терең сайы бар. Баяғы кездің үйірлі жылқы айдаған байлары қыста жылқысын қамайды. Егер сай лық толса, жылқы саны түгел деп есептеген. Айпар, Жайпар, ағайынды қос ұры, руы сыбан, әккі, ержүрек, осы сай арқылы небір қатерлі қуғыннан қашып құтылатын көрінеді. Ақ патша әскері соңына түскенде ең қиын шатқал, сарқыраған су арқылы жердің тесігіне  кіріп кеткендей жоқ болады екен. Ертісті атпен жүзіп өтіп, айшылық алыстан жылқы әкеледі. Қасқыр маңайынан мал алмайтыны сияқты, бұл екеуі жақын төңіректен әсте мал алмайды екен.

Төлеуғали сол тұсқа барса, бұлаққа соқпай кетпейді. Қырық күн шілдеде суы мұздай. Балдай тәтті, жан сарайыңды жарқ еткізер шипалы су.

Үбіге таяй бергенде қалың тоғайды ел Қараханның  шілігі деп атайды. Бұл тоғайда саңырау құр мен шіл жыртылып айрылады.

Үбі руы сыбан Қарахан мен Өзіханның ата қонысы.  Өзіхан мал-жанын ертіп, жат өлкеге өтпекші болғанда ауылда сатқын біреу НКВ бастығы Қарасартовтың құлағына жеткізген. Жазықта қонған көш таң атпай қозғала бергенде тау басынан милиция оқ жаудырады. Өзіхан ерен мерген, қасындағыларға сендер жүре беріңдер, қуғынды мен бөгеймін депті.Қан басып тұр ғой. Ол жетегінде бір ат, өзі бір атта отырып, тауда жатқандарға бас көтертпейді. Қылт еткенді жұлып отырады. Оқ тасқа шақ-шақ тиеді. Аты шыркөбелек айналып, бір білегінде шылбыр, бір қолында қару, мылтығы қызып кеткенше атысады. Милиция бастығы айтыпты: «Құрысын, кері шегінейік, кетсе, кете берсін!». Мылтық үні шықпай қалады. Қуғыншы топтың біреуі бас көтеріп қараса, Өзіхан шүріппе сіресіп қалыпты, жөндей алмай әлек. Бір милиционер дәл көздеп атып, байды аттан жұлып түсіреді. Қасына таудан жүгіріп жетсе, ауыр жаралы Өзіхан әлі өлмеген екен. Су жаңа хром етігін тірідей шешіп алып, өзін атып кетеді.

Ағыбайдың кезеңінде көк тіреген тік қия бар. Жаңа тәртіпті мойындамаған өлермен өжет Ағыбай, руы тобықты, ол екі ұлымен қызыл әскерлермен атысып өлген. Төлеуғали атыспақтан қашпас еді. Әттең, екіталай мезетте Өзіхан мен Ағыбайдың қасында болса ғой, сол шейіт ағаларын жан аямай қорғар еді!

Елде банды шыққан кез.Үкімет пәленшені жазалапты, түгеншені жер аударыпты; Көкбай ақынның ұлын түрмеге айдап әкетіпті, атылатын статья екен; Шәкерім қажыны көмусіз қалдыртыпты деген астыртын хабарлар сыбырлап естілетін.

1937 жылы Семейде үлкен баласы Кемелбайды халық жауы деп үкімет ұстап әкеткен соң  Насырхан ортаңғы ұл мен немересі Төлеуғалиға ауылдан бой тасалап, темір жол бойын жағалап оңтүстікке, болмаса Ноғайсібірге ауып кетіңдер деп бұйырды.

Конфескеден бір, халық жауының туысы деген атақтан екі шошынды. Мақтааралдан майданға аттанған сәтте Төлеуғали әр тасын білетін Арқадағы ата жұртын сағынып, қимай көз алдына келтірді. Ол соғысқа кетерінен екі ай бұрын үйленді. Жас келіншегі Несіпкүл артында жылап қалған.

Төлеуғали Әбдібеков анкетадағы «Туыстарың сотталды ма?» деген сауалға: «Дядя Кемелбай Насырханов репрессирован» деп бадырайта жазып бергенде, кекті кеудесін күйік шалды. Мейлі, үкімет білсе білсін, өлсе өтірік айтпайды! Қасында қатар анкета толтырған орыс жігітінің фамилиясы Власов екен, ол анкетаға: «Родственником генерала-предателя не являюсь» деп жазғанын көріп, одан әрмен қайран қалды.

Алматыдағы атқыштар клубынан өзара таныс, түй құрдас Төлеуғали мен Әбіл соғыста жұбы жазылмас дос болды. Кіші лейтенант Әбіл Нүсіпбаев Жамбыл облысы Қордай асуының тумасы.

Бөренеден адам жасап, басына каска, үстіне шинель кигізіп, арлы-берлі қозғаса, фашист снайпері оқты ағашқа дәл тигізетін. Төлеуғали ежелден басқаны қор санамай-тұғын мәрт еді. Қорғанысы сондықтан жойқын күшті.

Оның есіне бала күнгі қара өлең оралды: «Қарқ-қарқ қарғалар. Қар үстінде жорғалар. Жорғалар деп кім айтар? Аң аулаған аңшы айтар. Аңшы айтар деп кім айтар? Мал қайырған малшы айтар. Малшы айтар деп кім айтар? Арқандаулы бие айтар». Жоқ жерден таңдайына қымыз дәмі келгендей жұтынды.

Ит жеті қазынаның бірі. Ит күшігінен ұл баланы жақсы көреді, қолындағысын қоса жейді. Бала бір тістеп өзі жесе, екінші кесегін күшік жейді. Күшік бесіктегі қыз баланың ішіне суық тисін деп қазақ үйдің есігін құйрығымен ашады. Ит отбасында бала көп болса деп тілейді. Тобықты нағашысы Шоңбай атадан естігені есіне түскенде сағыныштан оның көзіне жас оралды. Қайран туған жер, Тұлпарбасқан, Қабанатқан, Қылышбек, Саға, Жынтас, ойдым-ойдым шоқ тоғайлы шатқал, терең сай бөрісі қалың тұс еді-ау. Сонда қаймықпай жалғыз жортқан кездері енді тіріде түсіне кірер ме!

Ақпан бөрі айы, қақаған қыс. Әппақ дүние. Қар төпеп қалың жауды. Ол бұрынырақ әскерге Хабаровск өлкесіне алынған. Сібірдің томырық тоң аязына Арқа жонында бұлаңдап өскен жігіт елең етпейтін. Уақыт, үрей, аяушылық бәрі адыра қалды. Еркек тоқты құрбандық. Құрбандарды қылға тізіп, қасында қосалқы серігі қалт жібермей санайды. Соғыс заңы. Атасы бар болсаң, бергеніңді айтпа,  ер болсаң жеңгеніңді айтпа деуші еді.

Полкта мергендігімен аты шыққан Төлеуғали Әбдібеков Холм қаласы үшін шайқаста үш күнде 67 фашистті жойды. Великие Луки үшін қырғын шайқаста атқышшыл ер ерен көзге түсті, 87 солдат. 1942 жылы соңғы айында Төлеуғали Әбдібековтың құртқан дұшпаны саны 219 болды.

Снайперлер ажалды ұқпайды, оның бұйрық құзырына көзсіз бағынып, өлім уытын қабылдамайды. Снайперлерге Совет Одағы батыры атағы көбінесе өлген соң берілетін. Әбіл минаға ұрынып, қаза болғанда командир досының винтовкасын Төлеуғали Әбдібеков қабылдап алған. Әбілден айрылу дос көкірегін қаусатып кетті.

Мелихово деревнясы маңында 1944 жылы қыста Төлеуғалидың жақын досы, барлаушы Григорий Постольников қаза тапты. Кілең орыс ішінде «Атаңа нәлет!» деп кейіген сөз естігенде Төлеуғали құлағы елең еткен. «Қазақсың ба?». Жас орыс жалт қарап, жерлесін көргенде көк көзі күлімдеп сала берді. «Бауырым!». Екеуі құшағы айқаса кетті. Гриша Атырауда қазақ арасында жетім өскен бала екен, кіші жүз, он екі ата байұлы, руым ысық, нағашым жаппас деп қалжыңдап қояды. Қазақшаға судай, қазақтай аңқылдақ, сөзге шешен, ұрыс біткен соң жертөледе Мұхиттың әні «Айдайды» шырқап салды. Төлеуғали тумысынан бауырмал еді, Гришаны бір туған інісіндей жақсы көріп кетті. Әуелі Әбіл күзде, Гриша 23 қаңтарда қаза тапқанда Төлеуғалидың кеудесі ат басындай шерге толды. Біртүрлі сұлқ қалған.

Төлеуғали Әбдібековтың көздегенін қалт жібермейтін снайперлік қуатын қарсы жақ «қарғыс», «оба», «қара өлім» деп атады. Орыс емес бөгде атқыштың көзін жою операциясын Берлинде снайперлер мектебінің жетекшісі майор Конингс әзірледі. Фашистік Германияның ең таңдаулы  снайперлері Маттиас Хетценауэр, Бруно Суткус, Фридрих Рейн жойған жау солдаттары есебімен салыстырғанда құрбандық саны әлдеқайда асып түскен шығыс майдандағы мергенге ас-снайпер тағайындау туралы бұйрық жоғарыдан түскен. Бұл 20 жасар ас-снайпер Иозеф Аллербергер майдан шебіне әлі жетіп үлгермеген уақыт. Ол 1944 жылы жазда ұрысқа кірісіп, Қызыл Армияның 345 офицері мен солдатын жойып жіберді.

Темір крест алған  ересек ас-снайперді батыс майданнан алып, Москва түбіне, Калинин майданына жіберді. Аңдысқан қос снайпердің көздеген мақсаты біреу: бір-бірін о дүниеге, дереу ата-бабасына аттандыру болатын.

23 ақпан 1944 жыл. Совет армиясы күні. Калинин майданында сүйектен өткен суықта, мұз жастанған атқышшыл ер қарсылас мықтымен жекпе-жекте күнұзақ аңдысып отырды. Берлиннен мұны өлтіруді мұрат қылып, көксеп жеткен неміс снайпер мұның түбіне жеткен соңғысы еді. Неміс снайпері Төлеуғали Әбдібековтың қыл мойнынан оқ тигізгенде, бұл қарсыласын қақ маңдайдан дәл көздеп, шүріппені басып үлгерді.  Нөмір  397.

Далалық госпитальда Төлеуғали Әбдібеков есі кіресілі-шығасылы қансырап жатып,  соғыста өзі өлтірген рейхтың бір батальон офицер-солдатының ең шетіне барып, қаздай тізіліп тұрғандай сезінген. Арқаға көкек ай соңына құс келген уақта өзен-көлде шүпірлеген қисапсыз ұялардан ұшқандай көк жүзін құс басып барады. Көз алдына елестеп, қаңқылдаған қаз дауысы еміс-еміс жүрегіне жетті.

Төлеуғали Әбдібековты Калинин облысы Сокольничий ауданы Насва-Нова станциясының солтүстік-шығысына жерледі. Жақын жерде оның қандасы, пулеметші батыр қыз Мәншүк Мәметова жатыр.

Соғыстан соң Айдархан Ахметов Фрунзеге тірі оралған: «Майданда снайпер қос қазақпен бірге болдым. Әбіл Нүсіпбаев пен Төлеуғали Әбдібеков. Екеуі ағайынды қоңыр қаздай бір-біріне ұқсайтын, сұңғақ бойлы, аққұба өңді жігіттер. 1942 жылдың қазан айында екеуі тосқауылға шығып, алғы шепте құпия атыс ұяларында жұбы жазылмай бірге жүрді», – деп естелік жазды.

Соғыста Рокоссовский, Говоров, Василевский, Толбухин сияқты қолбасшылар қарапайым солдат өмірін қызғыштай қорғауды білді. Бірақ сенбестік пен қаталдық соғыс ызғарынан бетер есіп тұрды.

P.S.

1945 жылы қыста Насырханның 17 жасар кенжесі, ұлдардан аман қалған жалғыз тұяғы Ақылбайды соғысқа әкеткен. Әкесі сонда «Құдай-ау, бұл кімді өлтіріп қарқ қылады?» деп сақалына жас тамып жылады. Құдай оңдап, ұзамай соғыс аяқталған. Кіші ұл елге аман оралып, Тау-кен политехнологиялық институтына оқуға түсті.

Сарыарқаның Бетпақпен ұласар бір ауылында, он ұлын бірдей соғысқа аттандырған тарақты руының шалына оныншы мәрте қара қағаз келді. Соңғы ұлдың қазасын шалға ел қалай естіртуді білмей тірідей састы.

Ауылда бауырында баласы жоқ бір ақсақал бар екен. Сол кісі рулас, аталас шалға мынау қаралы хабарды естіртуге барған.

«Қазақ тегі көк Тәңірі асыл өзегін аман сақтаған құдайдың халқы. Небір қанды жорық жойқын шапқыншылықта тұқымы құрымаған дегдар халықпыз. Аруақты иен атамекен жері қыпшақ нәсілін кезенген ата жау атаулыдан талай құтқарған. Жалған дүниеде сен бала қызығын көрдің, желкілдеген қол сияқты құдай берген он ұлың тегіс атқа мінсе, әке болып сүйсіндің. Мен болсам қубаспын, құдай ұрпақ сүюді бұйырпады. Жаратқан асыл Тәңірімді бәрібір қарғамадым. Ұлдарың қан майданда тегіс шейіт болған екен. Соны естіртуді ел-жұртың маған аманаттады.Орнында бар оңалар, бекем бол, бауырым,  жас өскін немерелерің аман болсын. Күні ертең өртеңге өскен шөптей ұрпағың қаулап өсуге нәсіп етсін!».

Төлеуғалидың қиянда қалған туған ауылында жер аударылып келген бірнеше әулет неміс бар еді. Өзен суы көкте күн балқығанда алтын дариядай жарқырап жатады.  Соғыс біткен жылғы жаз Құндыздыда төрт бала сиырдың құйрығына жабысып, терең судан малтып шықпақ болған. Су тілсіз жау. Балалар судағы шырмауыққа аяғы оратылып, шашылып қалған. Жағаға сиырмен қоса бір бала жүзіп шығады. Үш қазақ бала тұңғиықтан шықпай қалған. Неміс баласы суда балықтай жүзетін. Ол сүңгіп кетіп, ойын достарын бір-бірлеп судан аман алып шықты. Колхоз бастығы бұл ерлігі үшін неміс балаға тай берді.

27.02.- 28.02.2015.

Суретте: аға сержант Әбіл Нүсіпбаев (1916-1943), ортада Төлеуғали Әбдібеков (1916-1944), 22 армия генерал-майор И.В.Панфилов атындағы Қызыл Тулы 8-ші  гвардиялық атқыштар дивизиясының 1077 атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонының 2-ші ротасы снайпері, аға сержант, 6 орден бұйырған.

Үшіншісі – қатардағы жауынгер, өзбек снайпері Анорбай Ержанов.

Айгүл Кемелбаева, жазушы 

Қатысты Мақалалар