Ат тұяғын тай басар

/uploads/thumbnail/20170708171006565_small.jpg

"Қазақ хандығына 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Кешегі күн - Тарих, ертеңгі күн - Құпия, бүгінгі күн-Сыйлық

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, тәуелсіз «Қазақ елі» болу еді. Аузын ашса жүрегі көрінетін, ер жүрек батырларымыз, данышпан билеріміз,  қасқыр жүректі жырауларымыз  мол мұралары мен, «Сұңқары ұшса қанаты талатын, тұлпары жүрсе тұяғы сынатын» ұлан ғайыр жазира даланы, болашақ ұрпаққа аманаттап қалдырып кетті.

Ер арманы - ел болу.  Керей мен Жәнібектен бастау алып, сонау ХV ғасырда құрылған қазақ хандығы, өз алдына қалыптасқан мемлекет болып,  тарихта аты ойылып жазылды. Керей мен Жәнібек хандардан кейін билік тізгінін Бұрындық хан алды. Бұрындықтың ел билеу ісіндегі кейбір келеңсіз оқиғаларға  Жәнібек ханның балалары ат үсті қарап қоймай, билікке араласқан, бірақ Бұрындыққа қарсы шыққан емес.  Жәнібек ханның сайдың тасындай тізілген, «сен тұр мен атайын»-  деп тұрған балалары, елдің саясаты мен  халық билеу ісінде  ерен еңбектерімен қалды.

Қасым жастайынан  ел аузында жүріп, көзге түскен батыр ұлдың бірі болды. Тарихтан белгілі, «Қасым ханның қасқа жолы» атты қалың бұқараға арналған заңдар  жинағын шығарды. Қасым хан өз билігін кең-байтақ қазақ даласының басым бөлігіне орнатты. Міне, осы аумақ көлемінде тұтас бір халықтың мемлекетке бірігуі қарқынды жүрді, халық саны 1 млн-нан асып, атты әскері 300 мыңға дейін жетті.

Қасым ханның  фәни дүниеден өткені және атқарған қызметтері жөнінде Қадырғали би: Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ол Жаған бикеден туған еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты... Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін оның қабірі Сарайшықта. Оның ұлы Хақназар хан Ханық сұлтан-ханымнан туған, ал ханның бауыры Қанбар сұлтан Қасым ханның әскерінің қолбасшысы болды. Оның ұрпағына патшалық тимеді, — деп жазып кеткен.

Керей мен Жәнібек хандардан бастау алып,  Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлына дейін,  алдаспан қылыштарын жарқылдатып,  бүкіл қазақ даласын билеген,  хандарымыз болғаны тарихтан аян. Ат тұяғын тай басар. Қазақ  хандары бірінің ізін бірі жалғастырып, мемлекет болуда көшті алға бастап, тұғырын биік ұстады.

Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі.  Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағыттады. Кене хан шығарған әскери жаза «Шық» - деп аталған.  Әскерін жабдықтауына байланысты салық салғызған. Мал салығы «зекет», егін салығы «үшір» деп аталған. Зекет салығын қырық мал басынан бастап жүз басы ірі қарасы барларға арнап шығарған.  Ал үшір салығын,  бір жылдағы егіннің оннан бірін хандықтың қоймасына алғызып отырған.

Кенесары Тоқмақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесарының сіңірген тарихи еңбегі —  қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Орыстар мен қырғыздардың қыспағына түскен Кене хан  Майтөбе тауында ажал құшады. Амал қанша ханның осы аждаһаның аранына түскен кезінен бастап, туған жерінің топырағы  бұйырмай кеткен басының қайтарылмағанына, жүрегіміз қан жылайды.

Міне, бұл атақты хандарымызды әрбір қазақ баласы білуге тиісті. Сонымен қатар, ерен еңбектерімен қалған жыршы,  билермен  бірге батыр бабаларымызда тарихта қалды.

Бас- басына би болып, Кене ханнан кейін, халық тағы бөлініп шашырады.   Кешегі ұлт азаттық көтерілісінде де қайран қазақ қырылды. Солақай саясат ұстанған Ресей патшалығының қолдан жасалған ашаршылығы да аяусыздан – аяусыз халықты тағы қырды. «Елім»- деп туған Алаш арыстары қазақты оятам деп жүріп қуғын – сүргінге ұшырады. Патша үкіметінің озбырлығына  қарсы шығып, халқы үшін  кеудесін оққа тосты.  Ахаңдармен бірге, Алаш орда үкіметінің құрылуы да  үлкен мәнге ие болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,  Міржақып Дулатов ел-жұрты тарыққанда жол сілтейтін көсем, халық тағдыры тәлкекке түскенде көмекейлері бүлкілдеген шешен, тар заманда тәуекелге бел байлайтын перзенттер екендігін қалың қазақ айтқызбай-ақ ұғады. Алты миллион қазақты соңдарынан ерте алатындықтарына кәміл сенді. Алаш қозғалысын Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Ұлт мұратын көздеген саяси мән-маңызы зор патриоттық қозғалыс», - деп аса жоғары тұжырымдады.

  Дана әрі данышпан иманды ата- бабаларымыздың алдында бүгінгі толқын біздер,  және кейінгі ұрпақтарымыздың парыздық, құрметті өтеуі, жүрегімізде  қазақ деген ұлттық рухтың сайрап тұруында жатыр.

  Бүгін тойланайын деп жатқан қазақ хандығының 550 жылдығын тек ресми мемлекет ретінде құрылғаны деп  айта аламыз. Ал қазақтың тарихы ықылым заманнан келе жатқаны баршамызға аян. Оған дәлел  ұлан ғайыр жерді мекендеген халықтың тарихын жылқы жасағанында. Олай дейтініміз жылқының  арқасында соғысып, жауға қарсы шауып, күн- түн демей жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп- қонып жүргеніміз. Қазақтың төрт түлікпен  етене байланысы, салт- дәстүр мен мәдениетімізге  айрықша септігін тигізді. Жылқының ең алғаш түрі бізде пайда болған, ол туралы этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлы «Бiзде керiқұлан деген хайуан бар. Ол қазiр хайуанаттар бағында тұр. Жылқының екiншi түрi – тарпы. Жылқының осы екi түрi оның арғы тегi болып саналады. Ол екеуi де қазақ даласының топырағында пайда болған. Бiрақ қазақ жылқыларының iшiнде тарпының ұрпақтары анда-санда кездесiп қалады. Бiрiнен-бiрi ауысып жүр ғой. Ал негiзi қазақтың жылқысы керiқұлан» деп айтқан. Яғни, қазақ жеріндегі бұл жылқының пайда болғанына қарап- ақ, біздің ата- бабаларымыздың  ерте дәуірлерден келе жатқанын аңғарамыз. Жылқы өз құлындарымен ешқашан шатыс келмеген. Қазақтың жеті атадан асырып қыз алмауы секілді, тектілікті жылқы мен қазаққа берген. Тектілікпен жаратылған осы бір жануар, текті халық қазақтардың да жылқы мінезді қасиетіне айналуында. Олай дейтініміз қымызын ішіп,  қазысын жеп  жүргендіктен. Халқымыздың дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Ержігіттің азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді»- деп бейнелейді. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі  «тоқым қағар» тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі «ат тұлдауға» дейінгі бүкіл фәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда «ат байлауы», ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға «ат сүйек» беріп құтқару, т.б. дәстүрлер жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) «..жылқыда ақырет күніне дейін жақсылық бар» деген, қазақта «Ақыр заман аттан айырылған жерде» деген мақалда бар. Сонымен қатар «Жылқыларды, қашырларды, есектерді мінулерің әрі зейнет(сән, әдемілік) үшін жаратты » (Нахыл сүресі, 8- аят). Жылқының сүтін ішу, етін жеу де халал. Себебі, жылқы шошқа жайылып өткен жерден жайылмаған,  және суды да таңдап, ағын суға қарсы жүріп ішкен. Таза жүру, таза киіну, халал ас ішу мұсылманның негізгі шарты. Қазақ пен жылқының мінезін ұштастыру тазалық пен тектілікте жатыр.

  Бүгінде немістер қымызды: «біздің сусын»- деп  өздерінен шыққандай етіп меншіктеп алды. Ал, бұл қымыздың біздің төл ас- сусынымыз екені туралы Жағда Бабалықұлы «Немiс халқы ерте ес жиған халық қой. Олар керiқұланның ұрпағын елiмiзден кезiнде алып кеткен екен. Қазiр бүкiл әлем бойынша тек Германияда ғана осы керiқұланды өсiрiп отыр. Кейiн олар барлық елге сатып, керiқұланды сауда тауарына айналдырып жiбердi. Соған орай, қазiр керiқұлан көптеген елдерде бар...»- деген, сонымен бірге «Қымызды бiздiң сусын деп немiстер ЮНЕСКО-дан өткiзiп, өзiне меншiктеп алды. Аталарымыз сонау кезден қымызды жасап келген. Ендi бабалары қымызды көрмеген ел «бiздiкi»- деп, кеудесiн кередi. Абылай ханның ордасының айналасында он мың атты бие желiге байланған екен. Он мың боз биенiң сүтiн тек ақ сүйектер ғана iшедi. Немiстiң қай арғы атасы он мың боз бие сауып көрiптi. Бұл – бiздiң аталарымыздың ғана байлығы, дәулетi, артықшылығы. Соны да бiз осы күнге дейiн таныта алмай отырмыз ғой».- деп этнограф ғалымымыз айтып кетті.

  Қазақ топырағында жаратылған ең алғашқы асыл тұқымды жылқы «Абсент».  Ол Арабтың айғыры мен қазақы бие Баққарадан алынған. Абсент Римде болған ХVII жазғы олимпиада ойындарында алтын медаль алғаны баршаға аян. «Абсенттен тараған тұқым жетпістен асады оның барлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті»- дейді Молдаш Әмiреев Жас Алаш гезетіне берген бір сұхбатында. Абсент тұқымының бытырап кетуінің себебі, КСРО құрамында болған Луговой атзауыты,  Ресейдің басшылығында болғандықтан.  Ол кісі Абсентті құлын кезінен бағып қаққаны және өз қолымен жерлегеніне дейін айтылады. Бүгінгі күнде  олимпиада ойындарына ешқандай жылқыны шығара алмай отырмыз. «Ата- бабаларымыз аттың құлағында ойнаған»- деп аузымызды толтырып айтамыз. «Неге біз әлі бірде бір асыл тұқымды жылқы шығармаймыз» - деп өзімізді өзіміз жегідей жейміз. Біз мұндай қысыр әңгімемен көпке бармаймыз. Біз ат спортын жандандыруымыз керек. Өзіміздің ұлттық ойындарымызды, яғни көкпар, ешкімде жоқ деп жүрген аламан бәйгімізді, олимпиада ойындарына қоссақ, әлем халықтарына қазақ деген текті ұлтты таныта аламыз. Біздің ұзақ шақырымға жарысатын аламан бәйгеге және көкпарға тек қазақы қазанаттар төзе алады. Сонда ғана қолдан сұрыпталған(селкция) тоқсан жылқының қаны бар деп жүрген ағылшын, араб аттарын шаң қаптырып кете аламыз.

  Біздің дамыған, беделді ел болуымыздың алғы шарты,  салт- дәстүрмен ислам діннің сабақтастығы арқылы,  ұлттық құндылықтарды брендтке айналдыруда жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды уақыт көшінен қалдырмай, дамытып, қолданысқа енгізіп дәріптеп,  өз боямасын жоғалтпасақ қана біз әлемдегі жетекші елдердің қатарында боламыз.

   Бүгінде қойдың терісі дегенің көк тиын. Далада жатқан тауарымызды дамыта алмай келеміз. Елтірі былғары мен ешкінің терісіне иленген қайыстарды бүгінгі технологияға сай жабдықтасаң, шетелден келген «кожаларың» жолда қалар еді. Бізге ұлттық өнеркәсіптік орындарын ашу керек.  «EXPO- 2017» Халықаралық көрме бізге қонайын деп тұрған бақ. Осы көрмеде ұлттық құндылықтарымызды баса назарда ұстасақ, әлемнің барлық елдеріне біздің ешкімде жоқ салт- дәстүрлерімізбен мәдениетімізді таныстырсақ,  қызықтырары сөзсіз. EXPO- дан кейін де біздің барлық Қазақ елінің елдімекендері мен қалаларында, қоғамдық орындарда, көшелер мен саябақтарда  қазақ тілді атау мен ою өрнекті нышандарымыз, жалғасын тауып жатса ғана, нұр үстіне нұр болар  еді. Қазақ елінде жүрген әр азамат, ана тілінде сөйлесе ғана, нан тауып жей алатындай қажеттілік жасауымыз керек. Өзіміздің ата- бабаларымыздың мол мұралары мен қазына байлықтарын, анамыздың сүтімен келген тілін жоғарғы деңгейде алып жүргенде ғана мықты зайырлы қуатты, ақырет күніне дейінгі  ел бола аламыз.

  «Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»-деп,  өз тілімізді біліп қана өзге тілді үйрену абзалырақ екенін Қадыр ақын  дөп басып айтқан. Себебі, басқа ұлтты да, басқа ұлттың тілін де жаратқан Алла.  Басқа тілге қарсы шығуымыз бұл Аллаға қарсы шығуымыз. Біз бір Алланың ғана құлдарымыз,  сол себепті де  өзге елдің тілін де, өзінде  сыйлауымыз дұрысырақ.

  « Қай елдің баспасөзі мықты болса сол елдің өзіде мықты »- деп Міржақып Дулатов айтқанындай, елдің баспасөзі мықты болуы үшін, халқының сауаттылығы мықты болуы керек. Халық сауатты болса билік те сауатты қызмет жасайды, сонда ғана тәуелсіз БАҚ- да мықты болады. «Баспасөз халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екені де осыған саяды емес пе. Журналистің қаруы қалам болса, алдаспандай жарқылдатып тәуелсіз баспасөз беттеріне биліктің барын –бар, жоғын- жоқ халықтың мұң мұқтажымен, қуанышын бүкпесіз айта алатындағысы. Міне, бұл төртінші биліктің өз үстемдігін жүргізіп, халықтың айнасына айналуы . «Білекке сенер заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмедік» жаһандану заманында   қызмет ету, бабалар жолымен  жүріп заманның көшінің алдында болу басты мақсат. Тұлпары өзған елдің тайы да озады. Кешегіміз тұлпар, болашақ тайларымыз бабы келісті болса, қандай заман көші болса да қалмайды. Бабалар жүрген тұяқты іздерді басар, рухты  қазақ азаматтарының қатары  көбейгей.

Дарын Құрманқұл –  Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті 3- курс студенті.

demeu2

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар