Еліміздің тәуелсіздік туы желбірегеніне 27 жыл. Осы аралықтар көптеген өзгерістер орын алды. Қазіргі таңда жаңа технологиялармен оқыту жүйелі жолға қойылып келеді. Яғни білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында да білім саласы қалыс қалып көрген емес. Батыс Қазақстан облысындағы білім саласы жаңашылдыққа ұмтылуда инженерлік оқыту, инновациялық зерттеулерді жетілдіру секілді тың бастамаларды қолға алуда. Әсіресе білім саласы цифрландыру бойынша оңды көрсеткіштерге қол жеткізе бастады. БҚО-дағы 380 мектеп «Bilimland» білім беру порталына және 143 мектеп «Күнделік» электронды журналына қосылды.
Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова облыстағы білім саласына жаңа портал енгізілгелі жатырғанын айтты. Оның мәліметінше, қаладағы және аудан орталықтарындағы мектептерге қыркүйек айына дейін «Bilimland» порталы қосылмақ. Сондай-ақ облыс бойынша мектеп кабинеттеріндегі 14 073 компьютердің 7718-і әбден тозығы жеткен екен. Биыл сол олқылықты түзеу үшін 220 720,0 млн. теңгеге компьютер, экран, проектор секілді мультимедиялық жабдықтар сатып алынады екен. Тіпті 567 Bilimbook трансформер-компьютері қолданысқа берілмек. Барлық мектепке кең жолақты ғаламтор енгізу үшін 145 258 мың теңге қарастырылған. Сонымен бірге өзге де бірқатар жаңа жобалар іске асырылатын болады.
Хәкім Абайдың «Балаң білімді, парасатты болсын десең малыңды аяма» деген керемет сөзі бар. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін білім саласына жыл сайын қыруар қаржы қарастырылып келеді.Болашақ мамандардың сауатты да білім болуы білім ошақтарындағы дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Сауатсыз, жаңа технологияны меңгермеген оқушыдан ертеңгі жақсы маман шықпайтыны белгілі. Сондықтан өңірдегі білім салассына жасалып жатырған жаңа бастамалар жалғасын таба бермек.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың білім саласын да айналып өтпегені анықталды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының
БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Арнұр Аxановтың айтуынша, 2016 жылдың басынан бүгінге дейін департаментте білім саласында орын алған 17 жемқорлық әрекеті тіркелген. Нәтижесінде 15 азаматтың үстінен іс қозғалып, оның алтауы бас бостандығынан айырылған.
-Мысалы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп- интернат кешенінде есепші қызметін атқарған Оразбаева мен Әлімова жеке шоттарына заңсыз ақша аударып, 74 млн. теңге жымқырғаны үшін 3,5 жылға абақтыға қамалды. Сонымен қатар №45 орта мектептің бұрынғы директоры Даумоваға тұрмыстық жағдайы төмен отбасы балаларының тамақтануына қатысты жалған құжаттарға қол қойып, пара алғаны үшін 3,6 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды. Білім саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Өткен жылдың өзінде аталған салаға 65,5 млрд. теңге бөлінді. Қаржының тиісті жерге жұмсалуын қадағалап, екіжақты бірігіп жұмыс істеуіміз керек, – деді Арнұр Қуанышұлы.
Пікір қалдыру