Шымкент әкімі Қошқар ата бойын абаттандыруға үлес қосқандарға алғыс айтты

/uploads/thumbnail/20180515174726096_small.jpg

Шымкент қаласының әкімдігі Қошқар ата өзені бойын абаттандыруға үлес қосқан 28 азаматқа алғыс білдірді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов мәлім етті.

Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру жұмысының бірінші кезеңі бойынша өзеннің екі жағалауынан 10 метр жерді абаттандыру жоспарланған. Алайда бұл жұмыстарға өзен бойындағы 96 жер учаскесі кедергі келтірген. Оның 20-сы - тұрғын үй, 14 - жеңіл құрылыс нысаны, 33 - гараж болса, 28 учаскеде құрылыс салынбаған. Оның үстіне, жер учаскелерінің барлығы жекеменшікке беріліп кеткен.

«Арада жүргізілген келіссөз нәтижесінде осы жер учаскелерінің иелері құрылыс нысандарын бұзуға келісім берді. Сол үшін жер иелеріне әкімдік атынан алғыс білдіремін. Ал 20 жер учаскесінің иесі өз жерлерін мемлекет меншігіне ақысыз қайтарып берді. Оларды қаланың нағыз патриоты деп айтар едім. Туған қаласына жаны ашитын, қаланың болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар осындай болар», - деді Ғабит Мәуленқұлов.

Айта кетейік, шаһардың ортасынан өтетін Қошқар ата өзені бойында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі жерде өзен бойымен жүріп өтуге еш кедергі жоқ. Қазіргі таңда босаған жерлерді абаттандыру, көріктендіру жұмыстары басталды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар