Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының алдында Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары флешмоб ұйымдастырды. Шараға қатысқан 500-дей жас бейбітшілік пен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін түрлі қимыл-қозғалыстар арқылы дәріптеді.
Мерекелік шарада жас домбырашылар бір мезетте «Сарыарқа» күйін орындап, «Қазақ батырлары» биін билейді. Әр этностың биі қамтылған папури көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанатты жиында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов пен Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің маңызына кеңінен тоқталады. Одан кейін флэшмобқа қатысушы жастар еліміздегі татулықтың нышаны ретінде көкке шар ұшырды.
Айта кету керек, ынтымағын - ырысқа, бірлігін - берекеге теңеген оңтүстік өңірінде 20 этномәдени бірлестік пен олардың 51 аудандық, қалалық филиалы жұмыс істейді. Ұлыстың ұйытқысына баланған Оңтүстік Қазақстан облысында жүзден астам этнос өкілдері жарасты ғұмыр кешіп, ортақ шаңырағымызды көркейтуге үлес қосып келеді.
Пікір қалдыру