Кетер мүфтиге өкпе жоқ, келерінен үміт көп

/uploads/thumbnail/20170708150920867_small.jpg

       Шейх Әбсаттар  қажы Дербісәлінің   мүфтиятты  басқарған  тұсы  халықтың дінге бетбұрысы кереметтей аужалған  бір кезең болды. Сонымен қатар,  бұл кезеңде елдегі  дін  еркіндігін  арам пиғылмен  пайдаланып,  қоғамға  зиян келтіретін   кері  діни ағымдардың   таралуы  әшкереленіп,  олармен күресу  шараларының  қолға  алынған кезенiн өткерді.  Алайда,  бұл  мемлекеттік діни басқарманың  ісі  емес еді.  Ол  Ата заңымызда  рұқсат  етілген  "еркіндіктің" теріс  нәтижесі болатын. Ал осы  орайда, діни басқарма шама-шарқынша  өзінің құқығы көлеміндегі істерден  еш ақау шығармай,  жемісті  атқарды.  Мұны   имамдардың саралануынан, талданып қойыла бастауынан, діни басқарманың  бет-беделінің халық алдында   күннен-күнге көтерілуінен айқын көруге болады. Діни сайттар қатарының молығуы  және оның кәсіптік деңгейінің сәт санап өсуі – басқарма  жұмысының  дұрыс  жүзеге асырылуынан болса  керек.  Бұл кеткелі отырған мүфтиге оң  бағамызды беруіміз   одан  бір нәрсе дәмету емес, қайта еткен еңбегін лайықты бағалауымыз! Анық баға,  әрине  бәрін білуші,  шынайы әділ бағалаушы Аллаһ тағаланың құзырында!

Ал енді келетін мүфтиден нені күтер едік?  Ендігі  мүфтидің кім екенін  әлі  білмейміз! Дей тұрғанмен, мейлі қай азамат келсе де,  ол сөзсіз Аллаһ тағаланың қалауындағы адам екені даусыз! Аллаһ  келешек муфтиді кім болатынын қаласа Өз еркі әрі сол азамат муфтилікке ең лайық тұлға болғаны! Жолы болсын! Халықтың  бір мүшесі ретінде қарсы аламыз!

Сонымен қатар,   біз   келер  муфтиден  көп игі  жақсылық  күтеміз! Өйткені бүгінгі  таңда еліміздің  дін  саласында  күрмеуі  қиын  көкейтесті  мәселелер  жетерлік.  Оның біріншісі  әрине,   "ағымдардың"  көбеюі.  Жаңа мүфти  сан саққа  шашырап,  бастары қосылмай  кеткен  осы топтардың басшыларын  бір  орталыққа   тоғыстырса,  оларды  қоғамға  залал келтірмейтін  ортақ мәмілеге келтірсе. Бір сөзбен айтқанда,  ағымдарды  «ауыздықтауға» кіріскені жөн дер едік!

Екінші, "Дін заңына" өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені  жөн. Заңдағы   бұл жаңалықтар  елдің  дін ісіне толық жауап беретіндей деңгейде болса, заң   халықтың  игілігі  үшін  қызмет істейтіндей  тиянақталса!

Үшінші, елімізден шетелден дін ілімін оқитын оқушылардың қай елде, қандай  білім алып  жатқандығын   бақылап  отыру  қажет.  Сондықтан,  діни  білім  беруді  басқарма өз қолына алуы керек.  Әйтпегенде,  шетелде  белгісіз  бағытта   білім алып,  елімізге келіп  дінге  жат пікір тарататындар есебінен  ағымдарды тежеу қиынға  түсетін болады.

Төртінші, мемлекеттің имамдарға еңбекақы тағайындау   мәселесі  өз шешімін табуы қажет.  Мемлекет  дін "саясаттан тыс" екенін  алға тартуы  мүмкін. Дей тұрғанмен, қазірдің өзінде ол саясат қағаз жүзінде қалып отырғаны да шындық. Өйткені, дін саясаттан тыс болғанымен,  жүрегінің ішінде  болады ғой.  Демек, дін ісі қанша саясаттан тыс  болғанымен,  мемлекет оны белгілі мөлшерде қадағалайтыны сөзсіз. Діни  қызметкерлерге  мемлекет  көз  қырын салса керек.

Бесінші, қазіргі жүзеге асырылып жатқан  тұтас елді бір ғана мәзһабты  ұстануға  көшіру  мақсаты түбегейлі іске  асқанға  дейін  бұл  жайтты  жүйелі әрі жауапкершілікпен   қадағалап отыруды бір сәтке де назардан тыс қалдырмау керек.

Алтыншы, имамдардың  халықпен жұмыс істеуіне  көңіл бөлінсе.  Имамдардың мектептермен, қоғам мүшелерімен тығыз байланыста болуларын  мықтап  қадағалаған жөн.

Ең соңында айтарымыз, діни басқарма мүшелері және имамдар баспасөзден  үнемі  көрініп,  көпшіліктің  көкейіндегі  сұрақтарға  жауап  беріп  отыруға  ұмтылуы  лазым. Тіпті осы басқарманың тікелей өз құзырымен таратылатын  телеарна ашылса.  Бұл да  өте өзекті  мәселелердің  бірі.

 Біздегі қоғамдық талап − осы.  Кісілік үміт! Жалғасты «жақсы болсақтың»  жанайғайы.

Соңында Аллаһ тағала жаңа мүфтидің ілімін терең, бет-беделін биік, елге жұғыстылығын  берсін! Және іскерлік нәсіп етсін!

Құл-Керім  Елемес

"Қамшы"  сілтейді 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар