Өткен жылы электронды сауда көлемі 30%-ға өсіп 1 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Алматыда «Электрондық коммерцияны дамыту үрдісі: миф немесе шындық» бизнес-форумына қатысушылар мәлімдеді.
Қазақстандағы электронды сауда нарығы отандық интернет-дүкендерінде және электрондық қызметтер сайттарында сатып алу саны бойынша ТМД елдері үштігінің қатарына енді.
Биылғы жылы мамандардың айтуынша онлайн сатылым мен онлайн қызмет көрсету кем дегенде екі есе ұлғаяды. Электронды сауда саласында алдыңғы рөлге шағын және орта бизнес өкілдері шығады.
Назар аударатын тағы бір үрдіс - Орталық Азия елдерінің нарығында интернет-дүкендер желісі дамып, ақшасыз төлем платформалары құрылудың нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер бұл бағытта жұмыс жасауда.
Қазақстандық интернет бизнес Ассоциациясының президенті Константин Горожанкиннің айтуынша, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның интернет-дүкендері Орталық Азияның нарығына шығып аяққа нық тұрғаннан кейін, жаһандық ірі ойыншылар қатарынан көрінудің мүмкіндігі жоғары. Бұл өз кезегінде елдердегі электронды сауданы дамыта қоймай, компаниялардың дәрежесін арттырады. Нарықта жоқ жаңа қызметтердің пайда болуына мүмкіндік беріп, оның бағытын анықтайтын болады.
Бұдан өзге, Константин Горожанкин стартап-қозғалыстарды Алматы, Астана, Ақтау қалаларында ғана қолдау арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкін емес екенін айтты.
«Қазақстанда қазір 3 миллионер қала бар. Интернет сауданы енді қолға алғандарға кәсіптеріңді миллионер-қалаларда бастаңдар деп кеңес беремін. Бұл бизнесте тек Қазақстанның нарығымен шектеліп қалуға болмайды. 16-34 жастағы тұтынушылар саны 1 млн адам болатын Ташкенттің мүмкіндігін де ескерген дұрыс. Егер осы қалалар нысанаға алынса, Орталық Азия елдерінің интернет нарығы біздің қолымызда болады. Бұл нарықта көштің соңында емес, алдында жүргендер ғана ұтады», – деді Константин Горожанкин.
Сондай-ақ, үкімет 2021 жылға қарай Қазақстандағы сауда-саттықтың
2-3%-ы е-коммерция нарығының үлесінде болады деп үміттеніп отыр. Қазіргі көрсеткіш 1,9% ғана. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш - 17, Германияда – 21, Ресейде - 6%-ға жеткен. Интернет-сауданың дамуына үлес қосатын топ 16-34 жас аралығындағы жастар. Қазақстанда осы жастағы тұтынушылардың үлесі 12%-ға да жетпейді. Ал көршілес Өзбекстанда жастардың үлесі 27%-дан асып кеткен екен.
Пікір қалдыру