"Қожбанбеттің қыздары-ай" немесе Еркін ақын туралы баллада

/uploads/thumbnail/20170708171932813_small.jpg
(Еркін Ібітановтың 80 жылдығына)

Жиындарда, салтанатта алқалы, Дуылдатып отыратын ортаны. Ерекеңнің естілмейді өр үні, Көрінбейді ақын сол бір арқалы. Ол келгенде шуақтанар қалың топ, Құшаққа алар бөле-жармай бәрін кеп. Ал, жігіттер "жыртыңдайық" деп күліп, Қалтасынан суыратын "барым" деп. Содан, содан басталатын ду-думан, Жігіттерде қосылатын "қыр-қырдан". Ерекеңе "шабуылдап" қоятын. Балдыздары "арқа қозған, жын буған". Қызық-қызық әңгіме етіп, жоқ- барды, (Соның бәрі санамызда сақтаулы). Бірде Ерекең қарап тұрып біздерге, "Қожбанбеттің қыздарын-ай" деп қалды. "Қожбанбеттің қыздарын-ай, қыздары, Секілді олар Желтоқсанның ызғары. Біреулерге қор болды ғой", деп күлді, "Нашарлау" деп Алжан- ата ұлдары" "Қожбанбеттің қыздарында батырлық, Дүниеге қызықпайтын ақыл-нық. Моабиттің түрмесіндей қаһарлы, Мұса Жалилді жіберген жер ақын-ғып. Қожбанбеттің қыздарын-ай "қор болған", (Алтынгүл ме, алған жарым "сол маңнан"). Мына мені ақын еткен сол Әкпең, Фашистердің қатал "заңын" қолданған. Ғашық етіп, есімді алған, есімді, "Торға түстім" еркіндігім кесілді. Таңға дейін сөндірместен шамымды, Өлең жазып, қайтарамын өшімді. Еркелеймін, еркінсимін, бұлданам, Пана тұтар секілді ол ізгі Анам. Қожбанбеттей текті атамның ұрпағы ол, Ата-баба салтын сақтап, бұзбаған. Ұрпақ сыйлап ұлдар берген, қыз маған, Оны кейде Күннен, Айдан қызғанам. Мұхит асып, жол түскенде Кубаға, Аруларын "Алтынкүл" деп жырлағам. Мақтанған жөн, мақтау керек бұл тұста, Жеңемін деп түспе олармен "қырқысқа". Қожбанбеттің қыздарын-ай "қор болған", Қай-қайдағы біреулерге "ит-құсқа". ...Жә, Ереке, сөздеріңіз қонымды, Біздің қатын... жалғап жүрміз жолыңды. Бажаларды "ит пен құсқа" баладың, Сен, өзің ше... түсінбедік оныңды... Деп олар да қорғануға шеп құрды, Ерекеңді сүріндірдік деп тұрды. "Сендер болсаң "итісіңдер", бауырлар, Біле-білсең "мен құсымын" деп күлді... Шынында да құстай ұшқан ер еді, Хан-Тәңірге бой созатын Өлеңі. Жаныңызды жадыратып тұратын, Астары көп, әзілінің тереңі. Шынында да құсқа айналды сол ақын, Қаламынан қағазға бал таматын. "Тұлпарынан түсіп қалғам" деп жүрген, Мұқағали дос-ағасы болатын. Ұшты -кетті мәңгілікті бетке алып, Қала бердік жанымызды шоқ қарып. Біреулермен танысқанда, Еркіннің, Сарбазымыз деп қоямыз, мақтанып. Өмір, өмір бара жатыр алға асып, Күндер -айға, айға -жылдар жалғасып. Ерекеңнің бір-екі "иті" әлі де, Балдызсынар балағыма жармасып. Әзілдейді етегінен тартқылап, (Кейде мен де кетіп қалам "қаттырақ"). "Иттігін де" байқатады астарлап, Ерекеңдей бола алмайды мәрт бірақ. Әзілінде арамдық жоқ, жоқ күдік, Ерекеңнің әрбір сөзі- Тектілік. ...Кейде алдымнан шыға келер секілді, "Алтынгүлдің сіңілісі" деп күліп... Серікжан ҚАЖИ, ақын

Қатысты Мақалалар