Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылында «Сонар – 2013» республикалық құсбегілер жарысы өтті. 40-қа тарта құсбегінің басын қосқан жарысқа ат арытып келген ақпарат құралдары мен саятшылықты жаны сүйген жұрт та аз емес. Сонымен қатар шетелден келген қонақтар да болды. Қазақтың саятшылық ата дәстүрін ұлықтап, ұлттық өнерді қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған биылғы жарыс Нұра ауылының Жалайыр Шора атындағы құсбегілер орталығының құрылғанына 25 жыл толуына арналып отыр. Қазақтың жеті қазынасының бірі – қыран құс бүркітті халқымыз ежелден аңшылыққа шыққанда қасына серік етіп, саятшылықты дәстүрге айналдырған. Зерттеулер бойынша 3 мың жылдық тарихы бар төл өнеріміз бүгінде жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ құсбегіліктің Қазақстанның ұлттық спорт ойындарының тізіміне енгеніне биыл – 15 жыл. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, жарысқа тазысын ертіп, құс салып жүрген Ақмола, Жамбыл, Атырау, Павлодар облыстары, Астана қаласы мен Алматы облыстарының Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандары және Текелі қаласынан келген 40 бүркітші қатысып, ақтық сынға 8-і іріктеліп алынды. Құсбегілер жарысы осымен Алматы облысында 15-рет өтіп отырса, оның 12-сі осы Нұра ауылында өтуде. Алматы облысы, Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мұхит Тұрсынбаевтың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – жастарымызға салауатты өмір салтын насихаттап, халқымыздың асыл мұрасы – құсбегілікті әлемдік деңгейге көтеру. – Алматы облысында ең алғаш рет жарысты өткізгенде бар-жоғы 15 бүркітші қатысқан болатын. Бүгінде жарысқа еліміздің 6 облысынан 40 бүркітші қатысып отыр. Республика бойынша 100-ге тарта құсбегілер болса, соның 40-қа жуығы Алматы облысында. Оның ішінде 20-дан астам бүркітші осы Нұра ауылында, – дейді «Жалайыр Шора» құсбегілер орталығының басшысы Бағдат Мүптекқызы. Жарысқа қатысқан саятшыларымыз бүркіттің томағасын шешіп жіберіп, алдымен қоянға, кейін түлкіге салды. Саятшылардың күтіп, баптаған қырағы бүркіттерінің кескін-келбеті, қыранды қолға қондыру шеберлігі табиғаттың кең аясында төрешілер сынына түсті. Бас жүлдені Алматы облысының 19 жастағы саятшысы Бәйетбай Өмірхан қанжығасына байлап, 100 мың ақшалай сыйлыққа ие болды. 7 жасынан бастап қырғи, қаршыға салып, ата-дәстүрден қалған құсбегілік өнерімен айналысып келе жатқан Өмірханның жарысқа бүркітпен алғаш рет шығуы. «Құсбегілік өнеріне ғашық етіп, қолымызға қыран құс алып, атқа мініп, кең далада жосып жүрудің өзі Алланың берген сыйы деп білемін» дейді Айтұяқ атты 9 жасар бүркітпен жарысқа шыққан Өмірхан. Бүркітшілердің айтуынша, аязды, боран күндері таудың басында бүркітті қолға алып жүру оңай емес. Тіпті кейде түлкі бүркіттің аяғын тістеп алатын кездер болады. Бабы келіспесе, бүркітті арандатып кетуі де мүмкін екен. Бүгінде Нұра ауылындағы «Жалайыр Шора» Құсбегілер орталығы бар. Құсбегілердің құрал-жабдығын дайындайтын шеберхана да ашылған екен. Алайда әйгілі қолөнер шебері, этнограф-ғалым Дәркенбай Шоқпарұлының шәкірті Ұлан Ережанұлы осындағы құсбегілердің балаларын өнерге баулуды мақсат еткенімен, қаржы қиындығынан бұл айтулы іс өркендемей тұрған көрінеді. – Бүркітшілердің көп шоғырланған жері осы Нұра ауылы болған соң, шеберхана осында ғана. Ал қаланың ішінде жоқ, сондықтан ауқымын кеңейтсек дейміз. Мен осы «саятшылық құрал-жабдықтар» тақырыбында мемлекет бойынша алғашқы болып 2000 жылы дипломдық жұмысын қорғадым. Ұлттық өнер академиясында бұл мемлекет бойынша тұңғыш қорғалып отырған жұмыс болатын. Мұнда саятшылыққа керек заттарды қайта жаңартып, жаңа эстетикалық түрін көрсетіп, асыл тастармен, күміспен қаптау жұмыстары жайында қозғадым. Одан кейін бұл іс жалғасын тапты, – дейді шеберхана басқарушысы Ұлан Еренжанұлы. Бүгінде Нұра ауылындағы «Жалайыр Шора» Құсбегілер орталығы бар. Құсбегілердің құрал-жабдығын дайындайтын шеберхана да ашылған екен. Алайда әйгілі қолөнер шебері, этнограф-ғалым Дәркенбай Шоқпарұлының шәкірті Ұлан Ережанұлы осындағы құсбегілердің балаларын өнерге баулуды мақсат еткенімен, қаржы қиындығынан бұл айтулы іс өркендемей тұрған көрінеді. – Бүркітшілердің көп шоғырланған жері осы Нұра ауылы болған соң, шеберхана осында ғана. Ал қаланың ішінде жоқ, сондықтан ауқымын кеңейтсек дейміз. Мен осы «саятшылық құрал-жабдықтар» тақырыбында мемлекет бойынша алғашқы болып 2000 жылы дипломдық жұмысын қорғадым. Ұлттық өнер академиясында бұл мемлекет бойынша тұңғыш қорғалып отырған жұмыс болатын. Мұнда саятшылыққа керек заттарды қайта жаңартып, жаңа эстетикалық түрін көрсетіп, асыл тастармен, күміспен қаптау жұмыстары жайында қозғадым. Одан кейін бұл іс жалғасын тапты, – дейді шеберхана басқарушысы
Ұлан Еренжанұлы. Айқын
Пікір қалдыру