Жаңа жаһандық тренд – дәлме-дәл егіншілік технологиясы

/uploads/thumbnail/20181016173030350_small.jpg

ҚР егін шаруашылығын цифрландыру мақсатында дәлме-дәл егіншілік технологиясы қолға алынған болатын. Ондағы мақсат – кез келген өсімдіктің дұрыс өсіп шығуы үшін барынша жағдай жасау. Бір жағынан, өндірістік шығындарды азайтуға үлес қосу.

Дәлме-дәл егіншілік – қазіргі таңдағы жаһандық тренд. Егін шаруашылығындағы осындай технологияның арқасында қоршаған орта ластанбайды. Тұрғындар тұтынатын ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасы жоғары болады. Аталған концепцияның негізгі міндеті – жер телімінің барлық аумағын ұтымды пайдануға ықпал етіп, тыңайтқыштарды себу кезінде көп шығынға жол бермей, өнімділікті көбейту.   Аталмыш технология еліміз үшін мынадай мақсаттарға жетуге әсер етеді. Біріншіден, мұндай озық технологиялар секторын пайдалану арқылы Қазақстан экономикасы әртараптандырылады. Екіншіден, Қазақстанға агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толықтай пайдалануға мүмкіндік береді.

Дәлме-дәл егіншілік жүйесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолданылып жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, бүгінде 23,7 млн. гектар жер цифрландырылған. Бұл технологияның негізгі артықшылықтары: өнімділікті 35-40%-ға арттырады; тыңайтқыштарды тұтыну кезіндегі шығынды 30-50%-ға азайтады; өсімдік қорғау өнімдерін және жанар-жағар май өнімдерін 26-35%-ға азайтуға ықпал етеді. Бұған қоса, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуына мүмкіндік береді.

Бұл технологияның элементтерінің пайдасы мен түрлеріне келетін болсақ, дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға жағдай жасайды. Оның элементтеріне: алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсонлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады.

Сондай-ақ, оның параллельді жүргізу және автопилоттау деген элементтері бар. Олардың көмегімен алқаптағы жұмыстар кезінде машиналардың өту жолдары арасындағы қашықтықты дұрыс қадағалауға болады. Тағы бір ерекшелігі – қараңғылық басқан уақыттарда жұмыс істеуге жағдай жасауы мен егін себілген жерлердің арақашықтығын дәл анықтай алуы. Осы ретте, көптеген шаруа қожалықтары болса параллельді жүргізу арқылы отынды 12% -ға дейін үнемдеуге болатынын айтып отыр.Қазіргі таңда аталмыш тың технологияны енгізу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.  «Дәл егіншілікті енгізу үшін фермалардың үш түрі анықталды. Олар: базалық ферма, ілгері ферма және цифрлық ферма. Бүгінде бұларға арналған қажетті элементтер белгіленді. Біз e-АӨК бағдарламасы арқылы барлық жер телімдерін цифрлау арқылы базалық деңгейді ұсындық. Ендігі кезекте базалық деңгейді ілгері деңгейге шығарып, сосын цифрлық фермаға ауыстыру қажет», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде 114 ілгері ферма бар. Ал, цифрлық фермалардың саны әзірге 10-ды құрап отыр. Әкімдіктер шаруашылықтардың цифрлық тұрғыдан дамуы көмек көрсетулері қажет. 2022 жылы ел аумағында 2000 ілгері ферма құрылады деп жоспарлануда.

Дәлме-дәл егіншілік технологиясының арқасында еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттыруға болады. Аталған технологияны қолдана отырып, егін жинау үшін оңтайлы уақытты болжай аламыз. «Ақылды суару» жүйесін де қолдануға болады. Осындай интеллектуалдық жүйе минералды тыңайтқыштарды себу кезінде оң әсерін беріп, залалды зиянкестер мен түрлі арамшөптерді жоюға жәрдемдеседі. Адами факторды барынша азайтып, егін өнімдерінің құнын арзандатуға серпін береді.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар