Қазақстанда мемлекеттік тілдің мерейін үстем етіп, оның қолданыс аясын кеңейту үшін «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» президент Жарлығымен қабылданды. Аталған жобаның нәтиже беруі таңғаларлық жәйт емес. Себебі, оны әзірлеу үшін озық 30 елдің тіл саясатын сәтті жүргізудегі тәжірибесі зерттеліп, қолданысқа енгізілді, бағдарлама әзірленді. Оған мемлекет бюджетінен арнайы қаржы бөлінді. Қаржы осындай игі істерге бөлінгендігі қуантады. Себебі, тіл – ұлттың жаны.
«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» аясында республиканың түкпір-түкпірінде тегін қазақ тілін үйрететін орталықтар қалың бұқараға есігін айқара ашты. Оның ішінде Қазақстанның астанасы – Астана мен оңтүстік астанасы – Алматы қаласында да бар.
Қазақ тілін үйренуге құлықты, бірақ арнайы курсқа баруға қаржылық жағдайы келмейтін кез келген азамат қазақ тілін оқи алады. Бағдарлама аясында ұйымдастырылған тегін тіл орталықтары ересек адамдар үшін тамаша мүмкіндік. Зейнеткерлерден бастап жұмыссыздарға дейін орталыққа келіп, мемлекеттік тілді тыңдау, оқу, грамматика, сөйлеу бөлімдерінің барлығын қамтитын толық курсты өте алады. Мұндай курстардың жарқын көрсеткіші ретінде орталықтан тіл үйренгендердің қазақ тілінен тестте жоғары балл жинағаны дәлел.
Бұдан бөлек «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында түрлі конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Бұл – қазақ тілін меңгеруге, қолданысқа енгізуге стимул.
Бағдарламада көрсетілген мақсат, мұраттарды жүзеге асыру жолында тілді тез меңгеру мен үйренудің оңай тәсілдері мен жолдарын түсіндіретін түрлі семинарлар өткізіледі. Бұл ретте Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында бағдарлама аясында түрлі шаралар ұйымдастырып жүргенін атап өту керек. Орталықтың жұмыс жоспарында қазанда «Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері» республикалық семинары бар.
Айта кетейік, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» көптеген міндеттер мен мақсатқа жетуді көздеп отыр. Оның ішінде терминдерді ретке келтіру.
Осыған орай, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия жаңа сөздерді енгізеді. Одан кейін олар ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Қазіргі таңда, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия он сегіз мың терминді қарады.
Қазіргі ақпарат заманында түрлі саладағы терминдер пайда болып жатыр. Оны қазақстандық аудиторияға сәйкестендіріп, аударып, қолданысқа енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған қордағы он сегіз мың термин дәлел болса керек.
Бұдан бөлек «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қазақ тілін үйретуге бағытталған түрлі онлайн ресми сайттардың жұмысын бастауына мұрындық болды. Мәселен, www.kazakhtest.kz сайтында кез келген азамат өзінің қазақ тілін білу деңгейін тексере алады. Сонымен қатар, қолданушының қазақ тілін білу деңгейін арттырады. Мәселен, мемлекеттік тілде әңгімелесу, адамдармен дұрыс сұхбат жүргізу керек екенін түсіндіреді.
Бағдарлама аясында тоғыз жыл ішінде Қазақстанда қазақ тілін жетік меңгеріп, оны негізгі тіл ретінде пайдаланып, қазақ тілділердің санын арттыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі жаһандану, ақпарат пен интернет заманында қазақ тілін меңгергісі келетіндер үшін онлайн дәрістерде қарастырылғаны қуантады.
Қазақ тілін онлайн үйрететін сайттардың бірі орфографияны түсіндірсе, енді бірі терминологияға негізделген. Онда аталмыш базалар жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, арнайы әдістемелік оқулықтар шығарылады және шығарылып та жатыр.
Пікір қалдыру