Мұхамбеткәрім Қожырбайұлының төмендегі мақаласында Әбілқайыр ханның "сатқын" емес, керісінше алты Алашқа "Аға хан" болғандығын жазады. "Қамшы" - еркін ақпарат алаңы. Автордың жазғандарына алып-қосар ой болса, жариялауға әрқашан дайынбыз.
Қазақ тарихында баһадұр хан атағын алғандар саусақпен санарлықтай. Біріншісі, әйгілі «Түрік шежіресі» кітабының авторы - басында Арал қазақтарының, кейіннен Хиуаның ханы болған Әбілғазы баһадүр хан.
Екіншісі, Әз Тәуке баһадұр хан.
Үшіншісі, басында Кіші жүз ханы, кейіннен аға хан атағын алған Әбілқайыр Мұхамбет қазы баһадұр хан. Үшеуі де Шыңғысханның тікелей ұрпақтары.
Ресей өздерінің отарлау саясатын жасырып, бүркемелеу мақсатында, барлық тарихи кітаптарда қазақ мемлекетін құлатқан орыс империясы емес, жоңғарлар, қазақтар жоңғарлардан қорыққандықтан орыс империясына өз еріктерімен қосылды деп жазды. Кіші жүз ханы Әбілқайыр 8 қазан 1730 жылы Анна Ионовнаның атына қазақ елін бодандыққа алу жөнінде хат жазып, өзі, яғни Кіші жүз бодандықты бірінші болып мойындады, кейіннен орта жүз бен Ұлы жүз қазақтары да қолдады деп жазылды. Тарихи шындықтың бұрмалануы 1982 жылы ең биік шегіне жетіп, орыстың қазақ жеріндегі өкілдері мен солардың қолшоқпарлары қазақ халқының орыс империясына «өз еріктерімен» қосылғанының 250 жылдығын бүкіл одақтық деңгейде атап өтуге, яғни тойлауға барынша күш салынды. Абырой болғанда ұлттық намысы бар, шындықтың бетіне тура қарайтын азаматтар табылып, солардың қарсылығымен тойланбай қалды. Әйтпесе, өз еріктерімен қосылған халық «досына» қарсы 200-ден аса (соңғы деректер 700-дің айналасы делініп жүр) қанды шайқасқа шығып, сол шайқастарда ондаған миллион ата-бабаларымыз бен апа-әжелеріміз опат болып, жапа шекпеген болар еді. Оның үстіне Әбілқайырдың ондай хатты жазбағаны да қазір толықтай дәлелденіп отыр. Сондықтан, күні бүгінге дейін орысшыл тарихшыларымыз сатқын етіп көрсеткен Әбілқайыр бұл жарық дүниенің ешқандай қызығын көрмей, 40 жыл бойы аттан түспеген, барлық өмірін патшалық орыс империясымен соғыста өткізген, көзінің тірісінде қазақтың тырнақтай жерін де бермеген, керісінше қазақ жерін орыс-казак, қалмақтардан тазартып, қазақ шекарасын Ойылдан Жайыққа ысырған ұлы қолбасшы болып табылады.
Жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Батыс шекараны бекемдеген - Әбілхайыр хан еді» деген зерттеу еңбегінде былай деп жазады: «Күрделі геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан алып елді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру талаптарына жауап беруі хақ реформаны үш өлкеге үш хан сайлатып Тәуке хан жасады. Бұл кезеңді, өкініштісі, кейбір тарихшылар біртұтас қазақ хандығының өмір сүруі аяқталған, бұдан былай оның орнына бірнеше бірліктің – қазақ хандықтарының сахнаға шыққан кезі деп біледі. Яғни бір мемлекет (хандық) үш бөлікке бөлінді деп санайды.
Алайда бұл жаңа құрылым елді басқаруды тиімді жолға салып, тұтастықты нығайта түсудің бірден-бір дұрыс жолы еді. Бас хан, ұлы хан, каһан мәртебесіндегі Тәуке хан ортақ елдік мүддені үш жүздің хандарымен шешіп отыратын. Ол 1715 жылы дүние салғаннан кейін аға хан, ұлы хан ретінде үш өлкедегі хандардың ішіндегі ересегі әрі беделдісі – Орта жүздің және Кіші жүздің бір бөлігінің билеушісі Қайып хан танылды. Оны бақталастары өлтірген соң, Кіші жүзді және Орта жүздің бір бөлігін билеуші Әбілхайыр хан осы мәртебеге 1719 жылы ие болды. 1748 жылы Әбілхайыр қаза тапты да, бұл лауазым Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өтті. Ол өмірден көшкен 1771 жылы хан тағына Абылай отырып, он шақты жыл аға хан, ұлы хан мәртебесін алып жүрді. 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін, патша үкіметі қазақ ішіне хан сайлаудың тізгінін өз қолына бекем алғандықтан және қазақтың тұтастығын ыдыратуға ашық кіріскендіктен, ешкімде аға хан аталған жоқ.
Түсініктеме: Аға хан мен қаған синоним сөздер болып табылады. Екеуінің де мағынасы бірдей. Айырмасы, Қ-аға-н дегенімізде Хан сыртында қалып, аға сөзі ортаға ауысады. Шыңғыс ханның лауазымы да осылай аталған. Олда барлық хандардың ағасы болды.
...Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізілген Отан соғысын жеңіспен қорытындылап, батыс шекараның бекемдігін күйттеген, қазақтың Жайықтан өзен суы сарқылғанша айрылмайтынын мәлімдеген, «Орынбор өлкесінің 1 Петрі» Неплюевтің «жеке дұшпаны» және орыс патшасының «қас жауы» атанған Әбілқайыр ханның еліне сіңірген еңбегін әділ таразылау ләзім.
...Жоңғар шапқыншылығынан қазақтың ғасырлар бойы жапа шеккені белгілі. Соларға қарсы күресте әр жылдарда көрсеткен ерліктері үшін даңқты бабаларымыз бүгінде дәріптеліп келеді. Орынды дәріптеледі. Тек екі жүз жылға созылған сол қазақ-қалмақ шайқастары ішінен – 1723 жылғы жойқын басқыншылық шабуыл тұтатқан қарсылықтардан, қазақтың ел болып қалу-қалмау мәселесін шешкен 1726-1730 жылдарғы Отан соғысынан гөрі, басқа кезеңдердегі жергілікті шеңберден аспайтын жекелеген ұрыстарды ауызға алумен шектелу бар. Сол жеке шайқастарда халық назарына іліккен батырларды мақтан тұтып шашылып-төгіліп жатқанымызда, негізгі де түйінді мәселені – мемлекеттігіміздің тағдырын, елдің бірлігін айқындаған айбынды кезең мен оның қаһармандары тасада қалып жатады.
Үлкен ғалымдардың зерттеу еңбектері куә, қазақ жоңғармен екі ғасыр бойы айқасқанда, есте қаларлық жеңістер де, жеңілістер де көп болды. Қазақ елі, ақыры, Аңырақаймен түйінделген азаттық соғысынан кейін ширек ғасыр өткенде ғана жаудан толық тазартылды. Әйтсе де, солардың бәрі әр аумақтағы ойдым-ойдым, локалды қақтығыстар еді.
Әбілқайыр қазы баһадұр хан Отан соғысының шешуші кезеңінің бас қаһарманы, қазақ елінің мемлекеттігін сақтап қалған қайраткер, батыр, қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған адам. Қазақ жасақтары оның бастауымен еліміздің барша аймағында шайқасты, ірі жеңістерге жетті. Оның еңбегін халықтың өзі тура сол кездің өзінде-ақ дәл де әділ бағалап, ел намысын қорғап ерлік көрсеткен майдан орындарына оның атын берді. Сол атаулар көне карталарда, халық жадында күні бүгінге дейін сақталған.
Соның бірі геолог және картограф Молдияр Серікбаев бұдан біраз бұрын «Ақтабан шыбырынды оқиғасының картасын» сызған еді...
Сызбаға қарағанда, Арқада «Қалмаққырылған» деген жер бар, соның үстімен «Әбілқайыр өзені» ағып жатыр. Ал Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» жатыр. Осында екі «Қалмақ қырылған» деген жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған.
Біздің көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1726-1730 жылдардағы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі–ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?
Ордабасындағы жиынға дейін жоңғарлар басып алған оңтүстіктегі қазақтың астанасын, өзге де қалалары мен көшіп–қонып мал бағып жүрген жер суын азат етіп көзге түскен батыр – Әбілқайыр хан еді. Сондықтан да ел оны отаншыл жауынгер – хан ретінде танып, қазақтың біріккен қолын басқартты. Сызба да Әбілқайыр 1710 жылы Кіші жүзге және Орта жүздің бір бөлігіне хан болып сайланған Қарақұм құрылтайы өткен жер де көрсетілген. Әбілқайыр – баһадүрдің басқаруымен болған шайқастар нәтижесі қазақ даласының талай жерінде «Қалмаққырылған» деген атаумен сақталып қалған.
Аға хан әрі бас қолбасшы Әбілқайыр қазақ жерін біртұтас майданға айналдырып, азаттық жолындағы жеңісті шайқастарын жүргізгенде – Абылай әлі балаң бозбала болатын. Ол 30 – шы жылдардың ортасына қарай ерліктерімен көзге түсіп, жеке ру тайпа әміршісі болды. Әбілқайыр хан өлтірілген уақыттан ширек ғасыр өткенде барып, Абылай сұлтан хан тағына отырды. Ол Әбілқайыр ханның ұлы Нұралымен құрдас. Әрі оның күйеу баласы. Демек оларды өзара салыстыру ұят. Кезінде Абылай сұлтан қалмаққа тұтқынға түскенде, Әбілқайыр хан оны құтқаруға әсер еткен, бұл жайында, бүгінгі зерттеулер өз алдына, Шәкәрім де айтады. Абылай Әбілқайырды «біздің аға ханымыз», яғни қаған деп атаған.
Сонымен, 322 жыл ілгеріде өмірге келген Әбілқайыр хан халықтың еңсесін көтеріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатынан аман алып шығушы, Отан соғысындағы бас қолбасшы, қазақтың ұлттық мемлекеттігін қорғаушы мемлекеттік тұлға. Ал туғанына биыл 304 жыл толған Абылай хан – Әбілқайыр хан бастаған азаттық соғысын біржолата жеңіске жеткізіп қорытындылаушы, екі алпауыт империя арасында қазақтың елдігін сақтай білген ірі мемлекет қайраткері...
Білместікпен астасқан әсіре шамшылдықтан, орынсыз асқақтықтан ада болайық, біліммен ұштасқан әділеттіктің баянды бірлігімізге төте жол ашары кәміл» («Дат тақсыр» №42 (125) 07.12.2011).
Бейбіт Қойшыбаевтың келтірген деректерінің бірден-бір әділ шындық екендігін бұлтартпай дәлелдейтін дәйекті дерек, барлық ауызша да, жазбаша да шежіре деректердің бәрінде Әбілқайыр ханның бас қолбасшы болып тағайындалуы. Ойланып көріңдер, бас қолбасшы деген қандай лауазым. Әсіресе, соғыс жағдайында. Баршамызға түсінікті болу үшін, салыстырмалы түрде айтар болсақ, бүгінгі біздің бас қолбасшымыз Елбасымыз емес пе?!
Әбілқайыр Мұхамбет Қазы баһадүр хан әлі қазақ тарихынан өзіне тиісілі орынын алған жоқ. Орыстың айдап салуымен Әбілқайыр 1748 жылы қапияда Барақ сұлтанның қолынан көз жұмды. Осылайша Әбілқайыр бастаған орыс жаулаушыларына қарсы соғыс 300 жыл бойы бір сәтте толастаған емес. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Әйтпесе ата-бабаларымыз «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» немесе «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп айтпаған болар еді. Әбілқайыр өлсе, орнына Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Иса, Досан, Шабай т.б. келді. Егер біз қазақ халқының осы азаттық жолындағы күресінің ұзақ, ондаған жылдарға созылып, тек қана жалпы халықтық сипат алғандарын саралағанның өзінде төмендегідей болып шығар еді:
- 1708 - 1748 жылдар Кіші жүз ханы Әбілқайыр (Шыңғыс хан ұрпағы);
- 1773-1776 жылдар Сапар Мәденқызы бастаған Қобда өңіріндегі (Ақтөбе облысы) Кіші жүз қазақтарының көтерілісі. Орыс жазба деректерінде оны «Невидимка» деп атаған;
- 1783 – 1797 жылдар Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі. Бұл көтеріліске Жайық бойы халқы, яғни Кіші жүз қазақтары түгелдей қатысты;
- 1797 – 1814 жылдар сұлтан Қаратай Нұралиев (Шыңғысхан ұрпағы, Әбілқайыр ханның немересі);
- 1816 – 1821 Кіші жүз ханы Арынғазы (Шыңғысхан ұрпағы) бастаған көтеріліс.
- 1820 - 1821 жылдар Шымкент, Сайрам, Әулиеата өңірінде Тентек төре (Шыңғысхан ұрпағы);
- 1820 – 1835 жылдар Жоламан Тіленшиев;
- 1824 – 1836 жылдар Көкшетау өңірінде Саржан Қасымов (Шыңғыс хан ұрпағы);
- 1826 - 1836 жылдар Қайыпқали Есімов (Шыңғыс хан ұрпағы);
- 1836 – 1838 жылдар Ішкі (Бөкей) Ордадағы (Кіші жүз) Исатай мен Махамбет;
- 1837 – 1847 жылдар Кенесары Қасымұлы (Шыңғысханның Жошыдан тарайтын тікелей ұрпағы, Абылай ханның немересі). Орта жүз жерінде басталып, бүкіл халықтық сипат алды;
- 1853 – 1858 жылдар Есет Көтібаров;
- 1856 – 1858 жылдар Жанқожа Нұрмұхамедов;
- 1860 – 1862 жылдар Қожеке Назарұлы;
- 1871 жылдарға дейінгі Тазабек, Саурық, Солтанбек, Шалтабайлардың казак-орыс әскерімен соғыстары;
- 1868 – 1870 жылдардағы Маңғыстау, Үстірт, Жылыой өңірлеріндегі Иса Тілендиев пен Досан Тәжиев бастаған Адай көтерілісі;
- 1916 жылы басталған бүткілге жуық қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтерілісі (Аманкелді Иманов, Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықұлы, Омар Шолақұлы басқарған, орталығы Торғай даласы);
- 1930 жылғы Созақ өтерілісі;
- 1930 – 1931 жылдар Маңғыстау, Үстірт, Жылыой өңірлеріндегі адай көтерілісі;
- 1986 жылғы желтоқсанда еліміздің сол кездегі астанасы Алматыдағы көтеріліс;
- 1989 жылғы Маңғыстаудағы Жаңаөзен, Жетібай толқулары;
- ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру үшін 30 жылға жуық, барын салып жан аямай күрескен қазақтың барлық зиялы қауымын, яғни Алашордашыларды «халық жауы» деп атап, отбасыларымен бірге түгелдей қырғынға ұшыратты. Алашордашыларды отбасыларымен қоса түгелдей қырғынға ұшыратуының басты себебі, олар осы Алаш туының астына қазіргі түркі елдері аталып жүрген алты алаштың бүкіл ұрпақтарының бас қосуларынан қорықты. Шындығында да, алашордашылардың басты мақсаттары да осы болатын. Сол үшінде КССРО-ға қараған барлық елдердің ішінде Қазақ халқы айрықша қырғынға ұшырады. Демограф М. Тәтімовтың айтуынша, 1937-38 жылдары «Халық жауы» аталып атылған қазақтар пайыз жағынан грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болған. Елінің еркіндігін аңсап, арманда кеткен алаш арыстары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, әулиелер, ақын-жазушылар болды. Осы «Алашордашылар» қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Санжар Аспендияровтың ұлы Шыңғысхан бабамыздың тікелей ұрпағы екендігін көбіміздің біле жүргеніміз абзал. Сол сияқты, жоғарыда айтқанымдай сонау Керей мен Жәнібектен бастап, Қасым, Есім, Тәуке, Тәуекел, Абылай, Әбілқайыр сынды, қазақ хандарының барлығы да, тіпті қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтың да Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы екендігін зерделей бермейтініміз тағы бар. Біздің халық үшін, бұл күндері бүткіл тарихымызды қайта жазу ауадай қажет. Өзгенің, яғни жаулаушы елдің немесе солардың ықпалында жүргендердің қолымен жазылған тарих біздің шынайы тарихымыз емес. Кеңес заманын да мектептерде, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы жайлы сабақ өтпейтін еді деп айтуға болатындай еді. Оның есесіне том-том болған Дүние жүзі, КСРО, орыс тарихын оқып өстік. Қолымызға өзі жұп-жұқа болған, бар жоғы пышақ қырындай «Қазақ ССР тарихын» алған кезде, ішінен ауыз тұшытатындай ештеңе таба алмай, «сонда калай, біздің өз тарихымыз қайда, оны неге оқытпайды, әлде біздің оны білуге құқымыз жоқ па?» деген ой келіп бала болсақ та үлкен бір әділетсіздікті іштей сезінгенбіз. Бұған қазір бәріміздің көзіміз толықтай жетті деуге болады. Қазіргі біздің жағдайымызда олардың жазғанын, ағын қара, қарасын ақ деп теріс оқығанда ғана шындыққа жетеміз. Сондықтан, кімде-кім қазір тарих оқығанда орыс пен олардың қолшоқпарлары жамандаған тұлғаларды халықтың хас батыры деп түсініп, ал олардың мақтаған тұлғаларына сын көзбен қарауымыз керек. Бұл тұжырым дәл қазірде, бүкіл билік орысша сөйлеп, орыстық бағыт ұстанып отырғанда өз мәнін жойған жоқ.
Күні бүгінге дейін, яғни тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болса да мемлекетімізде ұлттық идеологияның мойындалып, толық қанды деңгейде жүргізілмеу себебінен, басында патшалық Ресеймен, кейіннен Кеңестік Ресейдің сойылын соғып, ұлт қамын ойлаған Алаш азаматтарын (бірнеше миллион) «халық жауы» атандырып қырғынға ұшыратқан, жақшаның ішіндегі «қазақ азаматтарына» тиісті бағасы әлі берілген жоқ. Бұл әділетсіздікті жойып, бұдан бұлай бұндайға жол бермеу мақсатында, қазақтың жол білетін, жөн білетін өкілдерінен арнайы комиссия құрып, олардың әрекеттеріне әділ бағасын беріп, қазақ халқы алдындағы сатқындық әрекеттеріне лайық қара күйені беттеріне айшықтап жағып, олардың аты-жөндерін және істеген сатқындық әрекеттерін халыққа жариялап, еліміздің көптеген елді мекендеріндегі оларға арналып қойылған ескерткіш-бейнелерді алып тастау қажет. Егер біз бұны жасамай, арам мен адалды, ер мен езді, нағыз ұлт қамын ойлаған азаматтан сатқынды ажырата алмасақ тәуелсіздігіміздің құны бес тиынға да татымайды.
Тарих тағлымы: Әділетсіз қоғамның өмір-жасы ұзаққа бармайды. Ата-бабаларымыздың бармақтарын шайнай отыра айтып, ескертіп кеткен «іштен шыққан жау жаман» дегендерін ешқашан ұмытуға болмайды.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау
Пікір қалдыру