Соңғы кездері әлемдік ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бейресми "Ирак-Шам Ислам мемлекеті" аталып жүрген ИШИМ содырларының қатары Орта Азия елдері азаматтарымен толығып келе жатқаны қызу талқылануда. Осы ретте айта кететіні, БҰҰ-ның ресми статистикасында ИШИМ сапында әлемнің 129 мемлекетінен азаматтар соғысып жүр деп көрсетілген. Әсіресе, ИШИМ майданына аттанушылардың (жиһад етушілер) соңғы легі Түрік шекарасы арқылы өтіп жатыр деген ақпарат тарала бастағанымен, бұл ресми мекемелер тарапынан расталмаған болатын. Енді, міне, түркиялық басылымдар қоғамда резонанс тудыратын ақпаратты жариялап отыр. Кеше түркиялық AKTİF HABER басылымында "Жиһадшылар Сирияға түрік паспортымен баруда" атты мақала жарық көрген. Мақалада Сириядағы содырлардың қатарына Орта Азиядан аттанушылар туралы тың деректер айтылған. Осыған орай "Қамшы" порталы түрік тіліндегі мақаланың қазақша аудармасын назарларыңызға ұсынады.
ИШИМ содырларында түрік паспорты
ИШИМ-нің Сириядағы соғыс майданына содырлар жіберумен айналысатын жасырын жүйе Түркияның Ыстанбұл қаласында орналасқан.
Түрік төлқұжаттары арқылы Түркия шекарасына өтушілер Ыстанбұлда бір күн аялдап, артынан соғыс майданына жөнелтіледі. Түркиялық Meydan Gazetesi басылымы Ыстанбұл қаласында орналасқан жалған түрік төлқұжаттарын жасаумен айналысатын террористік ұйымды әшкерелеген.
Тайланд, Малайзия және Ыстанбұл
Қытайдан ИШИМ сапына қосылуға ниет білдірушілерден 200 АҚШ доллары көлемінде төлем алынады. Осылайша, жалған түрік төлқұжатын алған Қытайдың шығыс бөлігендегі ұйғыр азаматтар Қытайдан Тайландқа, сосын Камбоджаға қашып келеді. Камбоджада аз аялдаған соң, Малайзияға аттанады. Түркия Республикасы мен Малайзия арасында виза жеңілдігі барын жақсы түсінетін содырлар ұшақ арқылы Ыстанбұлға келіп қонады.
Ыстанбұлда бір күн
Осылайша Ыстанбұлға жеткен содырлар ИШИМ-нің алдын-ала белгілеп қойған қонақ үйлері, пансионатары немесе жалдамалы пәтерлеріне бір күн қонып, ИШИМ-нің Сирия мен Ирактағы майдандарына жөнелтіледі.
100 мың түрік төлқұжатының 50 мыңы Қытайға жөнелтілген
2011 жылдан бері Қытай ұйғырларын Түркия және Еуропаның бірқатар елдеріне турист ретінде еркін әкеліп жүрген ұйғыр кәсіпкері Т. Нурали есімді азамат мәселенің ақ-қарасын ашып берген. Ол 2011 жылдан бері қарай жалған төлқұжат жасаумен айналысып келген. Әрине, жұмысының ақысы да ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Нуралидің айтуынша осы уақытқа дейін ол 100 мың түрік төлқұжатын жасап берген. Олардің 50 мыңнан астамы Қытайға жіберілген.
Арнайы ИШИМ содырлары үшін Нуралидің есімі әрі жасырын код - Аббас. ИШИМ содырларының Қытайдағы өкілдері осы уақытқа дейін 50 мыңнан астам түрік төлқұжатын арнайы жасатқан.
Аударған Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру