Нұр саулаған гауһар тастай қарашықтан нұр емес,
мөлт-мөлт етіп жас тамса;
елжіреген ет жүрегің қан жылап,
қан кеткесін қатқан қара тас болса;
бодандық пен кемдіктің,
бостандық пен теңдіктің,
мына замандағы мағынасы бос болса;
қу тірлікті сүргенің –
тоғыз ауыз тобасыз сөзбен
немесе тоғыз түйеге жүк болар байлықпен
немесе тоғыз грамм қорғасынмен ғана расталса –
сонда ақиқатты қайдан табамыз?
Өзімізге бар бақытты өзімізге қимасақ;
уақыт пен кеңістікті ноқталаған көңілін,
мезгілден де жаңылып, шекті қойып,
қара жер мен көк аспанның аясына сыймаса;
біреудің надандығы мен тоқшылығы да,
біреудің жамандығы мен жоқшылығы да,
айналып келгенде, қара халықты ғана қинаса;
азуы бар – азулымын екен деп айылын жимаса;
құрығы ұзын – құрықтымын екен деп құлқынын тыймаса –
сонда тәубені қайдан табамыз?
Дін, діл дейміз, тіл дейміз...
Діндарың кім, дін қайда?
Ділмарың кім, діл қайда?
Тілемсек кім, тіл қайда?
Шағыстырып отты суға, көкті жерге, күнді айға;
Бар ілімді ойботқа қып,
жоқ ілімді ойлап тауып, әйтеуір,
қойыртпақтап келтіреміз ыңғайға.
Көз де, сөз де, көкірек те Аллаға емес,
адамға құл мұндайда –
Сонда иманды қайдан табамыз?
Бірлік қайда?
Бар ма бірлік, ой бақсақ?
Батыс, шығыс, оңтүстік боп
жеке-жеке аймақ сап;
руыңмен деп у ішкізіп,
өзің зәмзәм су ішіп;
шатырдағы орын үшін шайтанмен де туысып,
одан қалса атасыздың итімен аң қуысып,
итаяғын жуысып,
ал жай күні өз жұртыңа кісімсіну қай мақсат?
Тірлік қайда?
Шындық – жалған;
тәубе – қалған;
бірлік – арман;
иман – жоқ.
Жапа шеккен ағайынның атқанына ұйыған боп,
реті келсе солармен қышқылдатып шарап жұтып,
ыстық-ыстық шай ішіп;
жел жаққа бір ойысып;
«саясат» деп, «мәдениет» деп қабырғамыз қайысып,
өп-өтірік отырамыз майысып.
Былай шыға қысыр сөз бен құр ұйқыдан бас алмай;
Жанға пайда әкелмейтін шүкірліктен аса алмай;
біреу есік ашардай;
біреу қызмет жасардай;
біреу жамбас асардай;
біреу құман тосардай,
кергиміз кеп, сорға біткен қисық ағаш секілді.
Мен бе жалғыз кекілді?
Сен бе жалғыз кекілді?
Екеумізде не айырма?
Екі қол мен екі аяққа – жалғыз бас;
тәнімізді ойын, жанымызды ой сорған;
өзіміз де білмейміз – қайсы мұрат, қайсы арман.
Тек қиял бар – құмай шалғызбас,
күдік бар – түлкі алғызбас.
Сосын... сосын өзгермейтін
түсінік бар – қатқан терідей,
барлығына бір тәртіп бар – құлын байлар желідей.
Әй, түбі бар ғой –
емексіткен сол қиял
құмшекердей ерімей,
елегзіткен сол күдіктен жерімей,
түсініктер күйремей,
көні тартқан терідей –
тіпті де оппа таппаспыз!....
Талғат Ешенұлы