Ех, Патшайым! Алты әлемге арай шашқан ажарың, Жүрегімнің тыңдап көрші ғазалын, Менен онша батылдықты күтпейді ел, Сенен болса өкінбес ем ажалым! Жанарларын сендей сұлу қыз жеген, Есін алдың еркектердің жүздеген. Пар аттылы Патшайымым сеніп көр, Ақ боз атты Ханзадаңмын іздеген. Жұмбақ едің жанарына сыр бүккен. (Тыңдап едім түн күбірін түндіктен.) Біздер түгел мәртебеңнің алдында, Тағзым жасап, бас иеді гүл біткен. Нұр сіңіріп өн бойыңа есті елден, Ақ тәніңді жел сипамай өскен бе ең?! Гүлге келіп, нәрін сормақ аралар, Сенің қабақ қимылыңнан сескенген. Ең бірінші саған нұрын таң шашып, Ақ сәуленің сіңіресің баршасын. Мың көбелек алқа болып мойныңа, Кірпігіңе қонып жатыр қаншасы... Құмар қанбай келбетіңе қадала, Теңгермедім сұлуларды бағаңа. Хафиз шалдан қалған із ғой, меңіңе, Астана мен Алматы да садаға! Тіфә-тіфә, садаға!
Сен және МенСен мені түсінбейсін. Мен сені түсінбеймін. Ал, бұған жазықты кім? Қиялда бір аруды мүсіндеймін, Ол сенсің – нәзік гүлім... Сен маған өкпелісің. Мен саған өкпелімін. Білмейміз бірақ неге? Жаныңның күлкісі – нұр көктемімін. Арамыз жырақ деме. Сен мені кінәлайсың. Мен сені кінәлаймын. Айыпты – ешкім емес. Сүйгенім – бағым емес, сірә, қайғым. Сорыммен бес күн егес... Сен маған бағалысың. Мен саған бағалымын. Тек кештеу ұғынғансың. Бойымды балқыта-а-ады самал үнің, ...Тиіспе! Мұңым қалсын. Сен мені қия алмайсың. Мен сені қия алмаймын. Тосамыз енді нені? Қиялмен үмітімді жиі алдаймын, Ол – байғұс көндігеді... Сен мені сағынасың. Мен сені сағынамын. Қайтесің, мойындамай? Мен үшін алаңдарың тағы мәлім, Жүрмессің уайымдамай. Сені алып жиі есіме, Сезімнің киесінен, Қорқамын... “Ием” қақты... Сен мені сүйесің бе? Мен сені сүйем қатты!!!
Көктемдегі бір күнI Түріп тастап ызғардың уақытша түндігін, Келді кеше көктемнің біздер күткен бір күні. Бірақ менің ішімде әлі ызғар, мұңлы бақ, Кенет... тылсым қағады тереземді ұрғылап. Есеңгіреп қалам да... үнсіз тысқа шығамын, Шығысымда ширыққан сол баяғы шұға күн. Маған қарап күледі үмітімді жұтып таң. Күн сәулесі жатады жанарымды қытықтап. Бұлт ішінде кіл аппақ түсініксіз мүсіндер, (Тұрам сосын күрсініп, өлең оқып ішімнен) Сеземін ғой азалы сағынышты ол да мұң, Келген құстар... кеудеме қиял болып орнады. Жатар әсем бірінен қарлыққан үн... күй шалқып, Қанатынан мұңлықтың сағыныштың исі аңқып. Түрткілейді ішімде әлдебір мұң, күбірлер, Сон-а-ау қайтқан құстардың сағынышты үнінде. Менің ғажап мұңымды әнге қосып құс біткен, Шер-мұңымның шарабын қаңғыр итпен іштік тең. Содан жерге құладым бөтелке боп ішілген Жатам сосын мәңгіріп салыстырып түсіммен. II Күнде батқан... Қайтадан билеп алды терең мұң. Ой құшамын тағы да өзің жайлы мен енді. Телефонға телмірген бейуақтағы шақтарда, Сен де маған, мен саған, мұң айтамын хаттарға: Жынданатын шығармын, айналдырған алқаш у! ТҮСІНБЕЙМІН қалқам-ай, несін, неден қорқасың?! ...Кей сәттегі сөздерің үміт ете жанды үрген, Жалғанымнан баз кеше жылатасың, ал бірде... Табар ма екен дауасын, алты айналсам әлемді. Емде дейсің өзің кеп... түсініп көр, ал енді. Айтшы қалқам, оңай ма, түсіндірші қалай бұл? Бәлки болып жаныңда ем іздермін талай күн. Жетті мендік төзімде, қалған толып құса мұң, Ертең қалқам күт мені... Өзің жаққа ұшамын!
Пері қыз (Асан қайғы аңызының ізімен)Пері қызын іздеп шықтым жолға мен, Сеңгір-сеңгір таулар асып сорлап ем. Желмаяға мініп алып жер шалдым, Ілбіп басып келе жатыр ол да әрең. Апырма-ай, қай бағыттан табамын? Қармағымды қай өзенге саламын? “Су сұлтаны Пері қызы нәсіп” – деп, Қатырды ма әлгі балгер – қарағым? Төрт өзенге кезек барып төнгелі, Үмітімнің бір сәулесі сөнбеді: Еділге кеп еңкілдедім елдегі, Сырға келіп сыр ақтардым сенбеді. Ақ Жайық та іңкәрлікті мендегі, Сорға айналған жағасына жерледі. Ең ақыры Ертіске де өрдегі, Барып едім ештеңе де өнбеді. Қармағымды қаппаған қыз қайдасың? Арманымды таптаған қыз қайдасың? Пері қыз ғой перілігін танытып, Әлде менен асырды ма айласын? Жасыл-жасыл жаның – көктем, тәнің – нұр, Қайткен күнде жетем саған бәрібір. Табанымнан таусылдырмай жолдан шық, Көп ішінен өз бағыңды танығыр. “Тек тілі жоқ, сымбатында еш мін жоқ” Ех, Пері қыз көңілімде көштің көп. Асан құсап қасіреттен қан жұтып, Біздің сезім бітіп қалмас бес күн боп. Сағыныштан сартап болған мың өлең, Менің ішкі әлемімде түлеген. Жүректегі жыр дәптерден жатқа оқып, ...Мылқау қызға тіл бітіріп жіберем. Табылғасын қосағымыз, теңіміз, Бақытты боп күн кешеміз тегі біз. Содан кейін, содан кейін, сосын ба? ...Періштеге айналады Пері қыз!!!
Пікір қалдыру