Қазаққа қандай ұлтшылдық керек?

/uploads/thumbnail/20170708150935688_small.jpg
Жалпы, ұлтшылдық хақында екі түрлі қарама-қайшы пікір қалыптасқан. Бiреулер оны, фашизм мен шовинизмге барар жолдың басы десе, ал, екiншiлер, одан ешқандай да ерсiлiк көрмей, оны табиғи-тарихи процесс ретiнде қабылдайды. Соған қарамай, ұлттық сана-сезiм мен ұлтшылдық – XIX ғасырдың жемiсi. Қазiр ол барынша дендеген. XXI ғасыр басындағы әлемдi коммунизм елесiндей кезген КСРО-ның идеясы мен идеологиясы құнын жоғалтып, оның құрамындағы республикалардың ұлттық мемлекеттер санатына қосылуы соның айғағы. Осы орайда, «ұлтшылдық ұғымы шынында да үрейлі ме?» дегенге келгенде, ғалымдар мен қайраткерлердің пікірі көбінше бір арнада тоғыса бермейді.           Жазушы Ғабиден Мұстафин өткен ғасырдың 70-жылдарының басында «Бұған дейін біз ұлтшылдықпен күресіп келіп едік, енді ұлтсыздықпен күресуіміз керек» дегенге саятын пікір айтқан еді. «Ұлтшылдық мәселесіне келгенде, осынау сөздер әлі де құнын жоғалтқан жоқ па?» деген де сауал ойымызға келетіні анық. Осы  сұрақтар төңірегінде  қоғамға  белгілі азаматтардың  пікірлерін  сұрап- білген  едік.     Амангелді Айталы,   философия ғылымдарының докторы: Бізді советтен  қалған  қағида әлі  бар

Бүгінгі қазақтың ұлтшылдығы, патриотизм тыраштану, еліктеуден аса алмай отыр. Тіпті, орыстар отарлаушы да болмағандай, орыстың құлдығында кіріптар болғанын мойындағысы келмейді. Ондай қазақтар енді тәуелсіз, қайсар, ұлт мүддесін ойлайтын ұлт азаматы бола алмайды, ол жалтақ, әрі кеткенде өткенді еске алып, қазақ не көрмеді деп жылайды. Болмаса мақтансүйгіш. Мысалы, біз елу елдің қатарына қосылдық деп мақтанамыз. Сол елу елдің қырыққа жуығы Еуропада, жалпы ішкі өнім жөнінен біз артта қалған кейбір еуропалық елдермен теңестік. Бұл сандық қана көрсеткіштер. Сол артта қалған елдердің қалалары, жолдары, қонақ үйлері, оқу орындары, туризм мәдениеті, тағы басқалары бізден көш іргелі.

Президент қазақтың бірлігін көбірек алға тартып келеді. Ол орынды. Басты мақсат қазақтың басын қосу. Басқа тілге, дінге ауысқан, әртүрлі партияда, руға, жүзге бөлінген халықтың басын біріктіріп, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрлі қазақы діни-наным сенім рухани негізіміз болу керек.

Бізде советтік заманнан қалған бір қағида бар: көпұлтты орта деп қазақты қазақ қолдаса ұлттық менменшілдік болады деген. Жоқ, қазақты қазақ қолдауға тиісті. Біздің басты мақсатымыз, қазақ­тың мәртебесін көтеру. Өзін сыйламаған ұлт басқаны да сыйламайды. Барлық ақшалы, жоғары еңбек ақы төленетін жұмыстар қазақтарға тиесілі болу керек. Ол қазақтың байлығы. Қазақ өзінің мүддесін дөрекілік, анайы турашылдықпен емес, керісінше, икемділік, сабырлықпен тиімді іске асырып отыруы жөн. Бұл басқа ұлттарды елемеу деген сөз емес. Оларды билікке тарту керек. Олар қазақ тілін терең меңгергендер, айтқанда көнгіш, басқарылуға икемді болуға тиіс. Біз оларды қазақтың сойылын соғатын мамандар етуге, тәрбиелеуге тиістіміз. Оларды кейбір шовинистермен күресуге салып қою керек. Меніңше, бүгінгі ұлтшылдықтың кейбір тұстары осындай. Бөріхан Нұрмұхамедов,  профессор саясаттанушы тарих ғылымдарының докторы, Біз қазір постиндустриалды, ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлттық мемлекеттердің өздері соңғы 400-500 жылдың ішінде қаншама өзгерістерге ұшырады. Сондықтан,   бүгінгі күннің ұлттық мемлекеті қандай болу керек дегенге жауап іздесек, заманына сәйкес дегенді түсінеміз. Міне, осы үш факторды ескерсек, біз ұлт деген ұғымға келеміз. Ұлт – деген бір мемлекетті құратын бір ел. Меніңше, қазақ ұлты ұғымына Қазақстанда тұратын бүкіл этностар кіру керек. Бірақ, қазақ ұлттық мемлекеті болғандықтан, қазақ ұлты болуы тиіс. Еліміз басқа да ұлттық мемлекеттердің үлгісін қарап, әлемдік жаһандану процесі жағдайын, ақпараттық, постиндустриалды қоғам екенін ескере отырып, ұлтшылдыққа өзіндік анықтама беруі тиіс. Сонымен қоса, «Бүгінгі күні қазақ ұлты қандай болу керек?» деген сауалға жауап бергеннен кейін, қандай ұлтшылдық қажет екені белгілі болады. Амангелді Мұқан,   М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, Театр өнері бөлімінің меңгерушісі:

«Қазаққа қандай ұлтшылдық қажет?» дегенде, біз жас мемлекет екенімізді ескерген жөн. Қазіргі таңда, ұлтшылдық дегенде бірінші кезекте, қазақтың елін сүюі, патриотизмі тұруы керек. Бүгінгі күні, ұлтшылдыққа тәрбиелеу, әуелі, зиялы қауымымыздың бастамасына, іс-әрекет­теріне байланысты. «Інжілде»: «Мұса пайғамбар елінің санасын тазалап, отанына 40 жылда жеткізеді. Егер, ол түзу жолмен жүрсе, мүмкін, 2 жылда жетер ме еді?! Бірақ, бұндағы 40 жыл еврейлердің санасын тазалап қана қоймай, билік басындағылардың өзгеріп, бір емес, екі ұрпақ дүниеден кететін уақыт болды» дегенге саятын, соған жуықтау түсінік бар. Сол сияқты, біздің тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл. Бұл әлі жарты жол. Айталық, бүгінгі 20 жастағылар бөлек. Мүмкін, тағы жиырма жылдан кейінгі жастарымыз бұдан басқа болар. Бірақ, айтылып кеткендей, жаһанданудың әсерін ұмытпаған жөн. Бұл процесс ұлттың ұлт болып қалыптасуына кері әсерін тигі­зіп жатыр. Айталық, қазір қазақ тілін мең­гере алмай жатып, ағылшын тілін игеріп жатырмыз. Бұл біртіндеп қазақ тілін жұтып қоя ма деген қауіп туғызады. Қазақта ұлтшылдықты тәрбиелеу үшін, мемлекеттік үлкен істер атқарылып жатыр. Дегенмен, әлемдік жаһандану процесінің ықпалы зор екенін ұмытпаған жөн. Кеңес Одағынан бізбен бірдей шыққан қырғыздар, өзбектерге, орыстарға да қараймын. Олардың бойында өзінің ұлтына, өзінің ұлттық құндылықтарына деген үлкен ықыластары байқалады. Әрине, бұл да дұрыс емес шығар. Ал, біздің жағдайымызға келгенде, біз Еуразиялық кеңістіктеміз. Жан-жақтың бәріне ашықпыз. Сыртқы тобырлық мәдениеттің келіп жатқан тасқыны көп. Осы тұста, біздің мәдениетіміз жоғалып жатыр. Қазір мемлекеттік тұрғыда жастарды тәрбиелеу жайлы түрлі бағдарламалар іске асуда. Бірақ, оның әсері аз. Себебі, телевидение, интернеттің, тіпті, бір голливудтық фильмнің әсері мол. Міне, сондықтан, мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан дүниелер осының жанында тамшыдай көрінеді. Меніңше, жастардың санасын дұрыс тәрбиелейтіндей әлі де үлкен шаралар жасалынуы тиіс.

Жарылқасын Боранбаев, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері: Ұлтсыздық – мәңгүрттіктің белгісі Бұл сөз болып отырған нәрсе бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне жатады. Мемлекеттік, халықтық, ұлттық мақсат-мүддемізді анықтайды. Келешегімізге көз салуға көмектеседі. Расында да, бұл туралы көптен сөз болып келеді. Арғысын айтпағанда, 1998 жылғы 10 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі жазушы қоғам әрі қалам қайраткері Сәбетқазы Ақатаев «Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық» деген тақырыппен мақала бастырды. Онда ол, қоғамдық құбылысқа кіретін үш мәселені – ұлтсыздықты, ұлтшылдықты және ұлтжандылықтың не нәрсе екендігіне ой жібереді. Оның ойынша «ұлтсыздық» – мәңгүрттіктің белгісі. Оның табиғатында сатқындық үнемі болып тұрады деп анықтама береді. Ал, «ұлтжандылықта» – жалаң сезім, эмоция басым деп таниды да, ол саналы тірлікке, күрес жолына, әрекетке көп бара бермейді дегенге табан тірейді. Сәбетқазы Ақатаев үшін бізге ең керектісі – ұлтшылдық қасиет. Бұл бәрінен биік тұр. «Алайда ұлтшылдық та, ұлтжандылық та «ұлтсыздыққа» қарағанда өрелі қа­сиет, бірақ шынайы ұлтшылдыққа не жетсін!» – деп түйіндейді ол ойын. Қалихан Ысқақ, профессор, белгілі жазушы:  130 ұлт – қасірет Қазаққа ұлтшыл болу керек қана емес, қажет нәрсе. Өйткені, біз 300 жылдан астам езгіде болдық. Яғни, Ресей империясының колониясы, боданы едік. Бізге тізе әбден батып қалған. Содан, біз иығымызды көтере алмай, жасқаншақ болып қалдық. Ұлтшылдықты ең алғаш қозғаған Алаш қайраткерлері. Егер де, қайраткерлеріміз репрессия құрбандары болмағанда, ұлтшыл болып қалыптасушы едік. Былайша айтқанда, тек Алаш қайраткерлері ғана емес, бар зиялы қауымымыз осы репрессия құрбандары болды. Ал, қазіргі біздің интеллигенция деп жүргендеріміз, сол Кеңес Одағының бұрынғы қызметкерлері. Мен оларды зиялы қауым деп есептемеймін. Бірақ, олардың ішінде де интеллигенттері болуы мүмкін. Біздің жағдайымыздағы ең қиын нәрсе – елімізде 130 ұлт өкілдері бар деп айтатынымыз. Бұл мақтаныш емес. Бұл – қасірет. Осы уақытқа дейін, біздің егемендігімізді мойындамай келе жатқан жұрт бар. Сонда, біз 70%–ымыз осы ұстанымда болсақ, қалған 30%-ға жуығы жан-жаққа тартып жатыр. Ұлтшыл болу үшін, алдымен, ортақ тіл, ортақ тіршілік, ортақ идея керек. Ұлтшылдық сонда ғана барып туады. Ұлтшылдықтың неше түрлі түрлері, уағыздары, шындығы, тірлігі бар. Біздің тіліміз, тіршілігіміз ортақ болмай, ұлтшыл болуымыз мүмкін емес. Әлі күнге дейін, тәуелсіздігімізді мойындамай отырған басқа ұлт өкілдері бар. Бұлар заман сәл қисая кетсе, біздерді тастап кететіндер. Қазақ деген ұлтты мойындағысы келмейді. Ал, ұлтшыл болғанда, кешегі Алаштың қайраткерлері Мұстафа Шоқайдан бастап, оның ар жағына кетсек, Абай, Шоқан бар. Бізге Абайдың ұлтшылдығы керек. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінің барлығында қазақты неге сынайды дейсіздер?! Бұл жерде, мәселе қазақта емес. Қазақтың орнына кез-келген ұлтты қоя салсаң, ешнәрсе бүлінбейді. Оның қазағым дегені, халқым дегені. Ұлтшыл болу үшін, біртұтастық қажет. Біртұтастық дегенде, түрі-түсі, я болмаса діні емес, идеология біреу болу керек. Қазақстанға біз егеменді елміз дегенді мойындап қана қоймай, соны дамытуға үлес қосатын жұрт керек. Сонда, біз ұлтшыл бола аламыз. Әйтпесе, қанымыздың 80%-ы қазақ, түркі халықпыз. Ресеймен қанша жыл көрші болдық, жақсы араластық. Сонда да, олар колонизаторлық психология­сын ұмытқан жоқ. Біз ұлтшыл болу үшін, олар сол психологияны ұмыту керек. Біз, қазақ құлдық психология­дан арылуымыз қажет. Осы екеуі түйіс­кен жерде, ұлтшыл болу оп-оңай нәрсе. Өйткені, қазақ деген халықтың тір­лігі, болашағы, бүгіні – барлығы сонда тоғысады. Ұлтшылдық деген жаманыңды жасырмай, жақсыңды асырып отыру. Шеттен келетін, іштен шығатын жағымсыз нәрселерді басып тастайтындай әл-қуат болу керек. Бұл халықтың психологиясында жатуы тиіс. Бізге фашизм де, диктатура да емес, елдің басын бірік­тіретін біртұтас территория, тұтас идео­логия,тұтас кәсіп, тұтас мақсат, бола­шаққа деген үлкен бағдарламасы бар ұлтшылдық қажет. Ол бағдарлама да, сол ұлтшылдықтан туатын нәрсе. Әзімбай Ғали, тарихшы, саясаттанушы: Бізге батысшыл ұлтшылдық қажет. Күн тәртібіндегі ұлтшылдық мәселесін көтергенде халықтарды миграциялау пунктімен толықтыру қажет. Ал, қандай ұлтшылдық бізге қажет дегенде, меніңше, бізге батысшыл ұлтшылдық қажет. Яғни, біз Еуропалық одақ, НАТО-ға кіру керекпіз. Екіншіден, ұлтшылдар дінге жақын болу керек. Ұлтшылдар мен діншілдер бірігіп кете ме деген үлкен қауіп бар. Қазақ ешқашан діннен бос болмаған. Бірақ, бізде оның саяси демонстрациясы жоқ. Бұл да қосымша фактор. Бізге мемлекетшілдікке негізделген егеменді мемлекет керек. Біз, шынтуайтына салсақ, ұлтшыл емеспіз. Біз қазір мемлекетшілміз. Ал, ұлтшылдық – реалдық болу керек. Досмұхамед Кішібеков, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы:  Ұлтшылды  халық қорғайды! «Қалың елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузына түсті мұртың» деп Абай еміреніп, ашуланып, халықтың намысына тиіп, тырнап айтты. Міне, Абай да нағыз ұлтшыл. Осындай ұлтшылды халық жақсы көреді. Халық пен ұлтшылдың арасы бір. Ұлтшыл болған адамды халық әрдайым қорғайды. Ал, енді сол ұлтшыл болған адам халықтың тілегінен шығуы, халқын дұрыс жолға салуы, алдамауы, жанын беруі екіталай болуы мүмкін. Мәселен, Гитлер өз халқын жақсы көрді. Немістер – талантты халық. Гитлер «Осы халықты алдап, жеп, кедейлікке салып байып жатқан да ұлттар бар. Соларды көріп жатсыңдар ма?» деп немістердің көзін ашты. «Еврейлер расында сондай. Бірінші империалистік соғыста олар байыды, біз осындай болып қалдық» деп сөйлегенде, адамдар шашын жұлып тыңдайды екен. Өйткені, жанып тұрып, халықты тырнап айтады. Сондықтан да, оны бәрі көтерді. Тіпті, әулиедей қарады. Әрі қарай халықтың сондай сенімін алғаннан кейін, өзінің саясатын атқарды. Ол саясаты неміс халқын құртып жіберуге дейін барды. Әрбір дені сау, ақылы орнындағы адам ұлтшыл. Бірақ, оның көрінісі, мәдениеті әртүрлі. Мысалға, біздің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев басқа халықтарды бірдей қол­дайды. Оған қоса, қазақтарды да қарсы қоймайды. Бұл да ұлтшылдықтың бір түрі. Әрқайсымызда осындай сезім бар. Меніңше, уақыт өте келе көзқарас, таным өзгереді. Сондықтан, біздің айтып отырған ұлтшылдық пен ұлтжандылықтың негізі бір – ұлтын жақсы көру. Қазақ ұлты келешекте болуы мүм­кін. Оған уақыт керек. Қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті, Қазақстан халқы бар. Міне, осыны ажыратуымыз керек. Қазақ ұлты деп басқа ұлттар жазылғанмен де, олар қазақ ұлты емес. Соған сәйкес, үстемдік дәрежеге келешекте көтерілуіміз керек. Қазір соған жетеміз деп айту да ерте сияқты. Құдайға шүкір, біз көп нәрсеге 20 жылда жеттік десе де болады. Бірақ, айтып жатқан мәселеміз одан да ұзақ уақытты керек етеді. Зардыхан Қиянатұлы, профессор: – Бірінші мәселе, Ресей болмаса, бізде ұлтшылдық бола ма деген өте қызықты. Бізді Ресей жаулап алғаннан бұрын, қазақ талай соғысты. Жоңғарлармен, қоқандармен, арабтармен де соғысты. Бірақ, Ресей біздің ұлтшылдығымыздың күшеюіне ықпалын тигізді. Неге десеңіздер, Ресей бізді жаулап алды. Біреудің отары болғаннан кейін, бұл адамдардың сана-сезімін күшейтіп оятады. Сондықтан, біздің ұлтшылдығымыз халықтың өзіне тән дамып келе жатқан құбылыс. Яғни, Ресей біздің ұлтшылдығымызды күшейтті. Екінші мәселе, мұнай болмаса қалай болар еді деген мәселе. Мұнайдың төңі­ре­гінде алып қашпа әңгіме көп. Халық­ты алаңдататыны сол. Сондықтан, Бөріханның айтып отырғаны, ұлт, мемлекет, халық бірлігі. Бұлардың бірлігін құрап тұрған төрт фактор бар. Бірінші – территория, екінші – тіл, үшіншісі – ұлттық психология, ұлттық сана, төртіншісі – ұлттық мүдде мен тағдыр. Осы төрт фактор бір бағытта тұр. Мемлекетшіл, не болмаса ұлтшыл, не халқын сүйеді деп айтса да артық болмас. Өйткені, бұл бір-бірімен байланысқан ұғымдар. Бірақ, мына бірлік деген ұғымды ұлттар мен ұлыстардың бірлігіне қатысты көбірек қолданады. Мысалы, 140 ұлт өкілін бір нысанада ұстап отыруды да бірлік деп айта береді. Бірақ, іс жүзінде бұларды ұстап отырған жоғарыда айтылған төрт күш, төрт фактор. Егер, осының біреуінен айырылсақ, ұлттың абырой-атағы жоғалады. Әзірлеген Ақбота ИСЛӘМБЕК, «Ақиқат» журналы      

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар