Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі құрылмақ
2025 жылғы 3 мамырда өткен Үкімет отырысында ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын таныстырып, қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі құрылатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл бастама — биылғы заңнамалық жаңалықтардың бірі. Жаңа жүйе отандық өндірушілер мен олардың өнімдері туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік цифрлық база болмақ.
"Тізілімді енгізу арқылы жинақталған мәліметтер негізінде жалған өндірушілерді анықтап, ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлықты азайтуға жол ашылады", — деді министр Ерсайын Нағаспаев.
Тізілімге енгізу төрт кезеңмен жүзеге асады:
-
Өтінім беру – ақпараттық жүйе арқылы тапсырылады, ал деректерді өңдеуге рұқсат электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы расталады;
-
Мәліметтерді тексеру – мемлекеттік дерекқорлармен автоматты сәйкестендіру жүргізіледі;
-
Технологиялық тексеріс – өндірістік процестер мен операциялар бағаланып, қажет болса, кәсіпорын алаңында тексеру жүргізіледі;
-
Тұрақты мониторинг – тізілімге енген өндірушілерге тоқсан сайын бақылау жүргізіледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов тізілімге қосылу процесі барынша жеңіл әрі ашық болатынын атап өтті:
"Адал өндірушілер тізілімге автоматты түрде енеді. Ал жалған өндірушілерге кіруге жол берілмейді. Өтініш беру – қарапайым, ешқандай артық құжат пен тексеріс талап етілмейді. Барлық тексеру автоматтандырылған, адами фактор араласпайды", – деді Үкімет басшысы.
Жаңа жүйе қашан іске қосылады?
Тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап толық іске қосылады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алуларда тек осы тізілімге енген отандық өндірушілерге басымдық берілмек.