Алғашқы қазақ тіліндегі Executive MBA оқу бағдарламасы өз жұмысын бастады

/uploads/thumbnail/20250515130003554_big.webp

  Бүгін Narxoz University және SANA Business Academy бастамасымен бизнес саласындағы мамандар үшін қазақ тіліндегі алғаш магистр оқу бағдарламасы өз жұмысын бастады. Аталмыш бағдарлама елімізде 30 жыл бойы орыс тілінде ғана өтетін, енді кәсіби түрде бизнесті басқаруды меңгеру үшін қазақша білім алуға болады. Академиялық күнтізбе бойынша оқу 1 жылды қамтиды. Оқу жоспарына сәйкес алғашқы сабақ “Welcome day” таныстыруынан кейін “Іскерлік коммуникация” пәнімен жалғасты. Барлық пәндер толық мемлекеттік тілде өтеді. Университет әкімшілігі бизнестегі бәсекеге қабілетті жаңа буынды дайындау үшін тәжірибелі практик мамандарды оқытушылық құрамға жинады. 

Мақсат Халық «SANA» Business Academy директоры: 
  MBA - бұл бизнесті басқарудың магистр дәрежесі. Академиялық деңгейде қаржы, экономика саласының бакалаврдан кейінгі сатысы қазақ тілінде өтеді, алайда бизнес саласы бүгінге дейін тек орыс тілінде еді. Осы проблеманы шешу үшін Narxoz university-мен бірігіп жаңа оқу бағдарламасын құрдық. Осыған дейін кәсіби бизнес оқу бағдарламасын басқа да университеттерге енгіздік, ал бұл бастама жаңа дем десек болады. «Басшыларға арналған іскерлік басқару» білім беру бағытына түсу үшін кем дегенде 3 жыл кәсіп жүргізіп, жеке тәжірибеңіз болуға тиіс. Сондай-ақ міндетті түрде бакалавриат дипломы қажет. Өз кәсібін дамытамын деген тұлғалар үшін есігіміз ашық. 


  EMBA оқу бағдарламасында оқу жүйесіне сай 8 міндетті және 4 таңдау пән өтеді. Оқу айына 3-4 рет модульдік форматта, жұмыс процесін үзбей жүзеге асады. Ал әр топта 30 студенттен болады, әр саланың білгірі мен көрегені өз тәжірибесін ортаға салады. Студенттер әр пәнді толық меңгеру үшін жеке тақырыпқа тоқталып, бизнес-кейс немесе арнайы тапсырма арқылы қорытынды жасайды. Алған білімді жұмыс тәжірибесінде бірден қолданып, жобаларды өз кәсібімен тығыз байланыстыруға мүмкіндік бар. 

Аятжан Ахметжан ”QAZBILIM GROUP” компаниясының басқарма төрағасы:
  Мен үшін аталмыш оқу бағдарламасы кәсіпті меңгеруге нағыз нық қадам дер едім. Себебі бүгінде трендке айналған кәсіпті меңгеруге үшін өтетін айлық курстар іліп алар дүние бермейді. Қысқа білім беру бағдарламасынан жақсы нәтиже көрсету мүмкін емес деп ойлаймын. Жарқ етіп жанған дүние, жарқ етіп сөнетіні анық. Өзім білім саласымен бизнесті қатар алып жүргендіктен ағылшын, қытай тіліндегі EMBA бағдарламарына қызығатынмын. Ал енді бұл бағыт ана тілімізде де өтетіні мені қуантады. Кез келген істі кәсіби тұрғыда меңгерген мен үшін дұрыс. Бейкәсіби тірліктен нәтиже алу қиынның қиыны. Сондықтан мендегі ой әр кәсіпкер өз саласын жетік меңгерсе екен.

  Қазақ тіліндегі алғашқы Executive MBA бағдарламасының басталуы - еліміздің бизнес саласындағы маңызды жаңалық. Жаңа оқу форматы стратегиялық көзқарасы мықты, әр сфераға икемді және бәсекеге қабілетті  мамандарды даярлайды деп сенеміз. Бұл бағыт болашақта өз кәсібін жүйелі түрде дамытқысы келетіндер үшін сенімді іргетас болмақ.

Қатысты Мақалалар