Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан атышулы қылмыстық іс бойынша сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаев жарыссөз кезеңінде өз ұстанымын ашық білдіріп, Қаржаубай Нұрымовты жауапқа тартуды сұрады. Ол қайғылы оқиға жайлы ой толғай келе, өмір мен өлім жайлы философиялық пікірін де жасырмады.
– Бұл өмірде ешкім мәңгі емес. Барлығымыздың баратын жеріміз – бір. Ажалы келген адам ерте ме, кеш пе – бәрібір, дәл уақытында дүниеден өтеді. Осы қайғылы оқиғаға біз себепкер болып отырмыз, – деді ол.
Сотталушы өз сөзінде бұл іске қатысы бар адамдардың барлығы бірдей жауапкершілікке тартылмағанын меңзеді. Оның айтуынша, кейбір тұлғалар бұл процеске негізсіз тартылып отырса, кейбіреулер мүлде ескерусіз қалған.
– Думан Ысқақ бүгін ортамызда себепсіз отыр. Ал Дархан Әскентайды мен мүлде танымай кеттім. Қаржаубай Нұрымов бұл істе жауап беруі тиіс деп есептеймін, – деді Белғожаев сот алдында.
Сонымен қатар сот отырысында жәбірленуші тарап талап етіп отырған 660 миллион теңге көлеміндегі моральдық өтемақы туралы да пікір айтылды. Белғожаев бұл соманы тым асыра сілтеген талап деп бағалады.
– Бұл соманы осы отырған 9 адам өмір бойы жұмыс істесе де өтей алмайды. Сондықтан өтемақы талабын қанағаттандырмауды сұраймын, – деді ол.
Айыптаулар және іс мән-жайы
Белғожаев пен өзге де айыпталушыларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша айып тағылған. Олардың қатарында:
-
99-бап – кісі өлтіру,
-
188-бап – ұрлық,
-
293-бап – бұзақылық,
-
434-бап – қылмысты жасыру.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Шерзат Полат пышақ жарақаты салдарынан қан жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, көпшіліктің назарын аударған еді.
Іс бойынша үкім әлі шықпаған, сот процесі жалғасып жатыр.