Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шегіртке тақырыбына байланысты журналистердің бірімен сөз таластырып қалды. Оқиға Үкімет кулуарында болған.
Журналистер министрден 2023 жылғы шегіртке қаптаған кезеңде айтқан пікірін нақтылауды сұрады. Сол кезде Жұманғарин кейбір елдерде шегіртке тағам ретінде пайдаланылатынын айтып, оны «халал өнім» деп атаған болатын.
Журналистердің бірі:
– Қазақстанда шегірткеден чипсы қашан шығарылады? – деп сұрағанда, бірнеше минутқа созылған пікір алмасу басталды.
Серік Жұманғарин бұл пікірін бұрмалап жеткізгендерге наразылығын білдіріп, былай деді:
– Мен ешқашан шегірткеден чипсы жасайық деп айтқан жоқпын. Және оны жеу керек деп үгіттемедім. Нені ойдан шығарып отырсыздар? Мен тек шегірткенің кейбір елдерде тағам ретінде қолданылатынын және халал өнім екенін айттым. Бұл жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеген. Бірақ оны жеу керек деп айтқаным жоқ. Жеймін десеңдер – өз еріктерің.
Айта кетейік, былтыр маусым айында Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында Жұманғарин шегірткемен күрес тақырыбында пікір білдіріп, «шегіртке – халал өнім» деген болатын. Бұл мәлімдеме сол кезде әлеуметтік желіде қызу талқы тудырған еді.