4 жасар бала фильмді көрген соң, Сартай секілді батыр болып, атқа шабуды, елін қорғауды армандайтынын айтыпты. Ендігі балалардың кейіпкері Бэтмен, Супермен немесе Өрмекші адам емес, Сартай батырдың болатынына сеніміз мол. Сұлулыққа қызыққыш қылықтыларымыз да кәрістің қысықкөз Ку Чун Песын емес, ендігі ретте Сартайды «идеал» тұтатын болады. Әлеуметтік желідегі Сартайдың (Асылханның) мекен-жайына жіберілген сан мың пікірлер осыны аңғартты. Сұхбатта – «Жаужүрек мың баладағы» екі бала. Жас актерлер, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген.
– Өздеріңізбен жақынырақ таныссақ... Асылхан: Мен 1992 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Жетікөл совхозында дүниеге келдім. 1996 жылы отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Орта мектептің 9-сыныбын бітіргеннен кейін, 2008 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы колледждің актер мамандығына қабылдандым. Ал қазір осы өнер ордасының бірінші курсында «сөз сөйлеу шеберлігі» факультетінде, профессор Дариға Тұранқұлованың мектебінде шыңдалудамын. Мемлекеттік гранттың иегерімін, болашақ президенттік стипендияның үміткерімін. Аян: Алматы қаласында дүниеге келдім. Бастауыш мектепті осында бітірген соң, белгілі себептермен ата-анам Шымкентке көшіп кетті. Мен бірер жыл ауылда ағамның қолында тәрбиелендім. Кейін Алматыда 9-сыныпты бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжіне оқуға түстім. Есім Сегізбаевтың шеберханасында, яғни актер шеберлігі бойыша оқыдым. Асылхан екеуміздің достығымыз осы кезден басталған. Содан бері біргеміз. Үшінші курста «Жаужүрек мың бала» фильмінің іріктеуінен өтіп, фильмге түстік. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 1-курсында «актер шеберлігі» бойынша білімімді жетілдіріп жатырмын. Мұнда ақылы бөлімге түссем де, «Қазақфильм» киностудиясы оқу ақысын өз мойындарына алуда. Алдағы уақытта мемлекеттік грантқа үмітім бар.
– Көпшілікке Сартай мен Таймас таныс. Ал Асылхан мен Аянды қаншалықты таниды? Асылхан: Алматыда ешкім танып, суретке түсуге шақырып, қолтаңба сұрап жатқан жоқ. Өйткені көбісі тани бермейді. Тани қалса да, «кинода ірісіз, ал өмірде кішкентай екенсіз ғой» деп таңқалысып жатады. Біз премьерадан кейін Елордаға барған болатынбыз, сонда астаналықтар назар аударып, Сартай деп танып жатты. Айтқым келетіні, «жұлдыздықты» әлі сезіне қойған жоқпын және сезінбей-ақ қойсам екен деймін. Қарапайым болып қала бергім келеді. Аян: Бізді атымызбен атап танымаса да, Сартай, Таймас деп танып жататындар бар. Бірақ бәрінің бірінші айтатыны – «Сендер кішкентай екенсіңдер ғой».
– Қомақты қаламақыға ие болдыңыздар. Көлемін сұрамай-ақ қояйық, бірақ не мақсатқа жұмсамақсыздар? Асылхан: Әзірге білмеймін. Ата-анама бердім ғой, бәрімізге ортақ табыс. Үй алу жоспарда бар, бірақ дәл қазіргі қаламақым үйге жете қоймайды. Әлі де көп еңбектену керек.
– Режиссер Ақан Сатаев бұл кинокартина арқылы қазақтың патриоттық сезімін оятуға тырыстық дейді. Осы мақсатқа жете алдық деп ойлайсыздар ма? Асылхан: Ең бастысы, біздің өнеріміз халықтың көңілінен шықты. Оған қоғамда айтылып, жазылып жатқан пікірлер куә. Біз жас маман ретінде, қазақтың жас ұрпағы ретінде осы рөлді өз дәрежесінде сомдап шығуға тырыстық. Жақсы дүние жарыққа шығу үшін бойымыздағы бар күш-қуатымызды, ынта-жігерімізді киноға арнадық. Фильм отандық кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр. Әзірге жақсы пікірлер көп. «Біткен іске сыншы көп» дегендей мін тағып жатқандар да жоқ емес. Әрине, бұл сынды әділ деп бағалап, болашақта орнын толтыруға тырысатын боламыз. Аян: Көрерменнің фильмнен алған әсерін байқап көруге әдейі кинотеатрға бас сұқтым. Көрерменнің кейбіреуі көздеріне жас алып, қол шапалақтап жатты. Қатты толқыдым. Өзімнің де фильмді актер ретінде емес, қазақ ретінде тамашалап, жүрегімнің тітіркеніп кеткені бар. Бұрын-соңды алмаған әсер алып, бойымды рух кернеді. Қазақ екеніме мақтандым.
– Қазақфильмге берген видеосұхбаттарыңызда екеуіңіз де рөлді бізге киногерлер түсіндіріп, аузымызға шайнап салып бергендей болды деген екенсіздер. Сонда бұл өз беттеріңізше ізденбедік дегенге сая ма, қалай? Асылхан: Неге ізденбеске? Осы рөлге бізді бекіткеннен кейін, дайындалуға жарты жылдай уақыт берілді. Осы уақыт ішінде біз ұлттық кітапханаға барып, тарихи кітаптардан, оқулықтардан Аңырақай шайқасы мен Сартай батыр туралы оқып, таныстық. Мектеп қабырғасында оқысақ та, бұл жолы тереңірек білуге тырыстық.
–Сіздер қандай студентсіздер? Сабаққа кешігесіздер ме? Аян: Жоқ, негізі кешікпеуге тырысамыз. Кейде жастықтың буымен жүріп қалып, таңертең ұйықтап қалатыным болмаса, әйтпесе кешікпейміз.
– Қалталарыңызда қанша ақша жүреді күніне? Асылхан: 500-700 теңгенің көлемінде. Одан артық ұстамаймын. Бір күнгі шығыныма: барып-келуіме, түскі асыма жетеді. Кешкі асты үйден ішемін. Аян: Біз де қарапайым студентпіз ғой. Көп дегенде, 2-3 мың теңге болатын шығар, одан артық болмайды. Кейде тіпті автобусқа ақша болмайтын кездер де болады.
Әңгімелескен Жания Абдібек
Пікір қалдыру