Алданыш Рамазанқызы

/uploads/thumbnail/20170708150652075_small.jpg

Алданыш Рамазанқызы  1945 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қаласында дүниеге келген. Дүниежүзіндегі қазақ қыздарының арасынан Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш спортшы.

Ол 1960 жылы  тәжірибелі бапкер Ивановтың жеке бақылауында кәсіби жаттығуды бастайды.

1961 жылы Бүкілхалықтық спартакиадаға 200 метрлік жүгіруден әйелдер арасындағы рекордты жаңалайды. Нәтиже: 25,6 секунд. Бұрынғысы – 27,3.

Бір ай өткеннен кейін Алданыш Рамазанқызы 400 метрді 58,8 секундте, 800 метрді  2.20,7 секундте  жүгіріп  өтіп, тағы да рекорд жаңартты.

Нақтырақ айтқанда, 1961 мен 1971 жылдар аралығында Алданыш Рамазанқызының  алдына түскен адам баласы болмапты. Спортсүйер қауым Алданыш Рамазанқызын «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» атаған.

1964 жылы Токио қаласында өткен әлемнің 93 елінен 5140 спортшы қатысқан  жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Оның 681-і әйел заты. Бұл – әлемдік Олимпиада тарихында Азия құрлығында өтіп отырған тұңғыш дода. Бұл додаға қатысу барысында Алданыш Рамазанқызын Олимпиадаға дайындау кезінде Кеңес елінен арнайы бапкер шақырылады.

Бүгінгі таңда Алданыш Рамазанқызы Ұлан-Батыр қаласында өмір сүріп жатыр. Қатардағы орта мектептің бірінде ұстаз. Моңғолдың спорт тарихында тұңғыш «Спорт шебері» атағын алған әйел заты ретінде тіркелсе, тағдыр оған қазақ халқының арасынан «Олимпиадаға қатысқан алғашқы қазақ қызы» деген атты сыйлапты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар