Баршамызға белгілі атам қазақ өз тарихын бір ауыз сөзбен жазған. Сопылық ілімде осы тарихтың құпиясын ашатын мынадай «кілті», яғни бүгінгіше айтқанда «коды» бар.
Ол кез келген атау сөздің түбірі және оның құрамы. Мысалға, «Қазығұрт тауының баурайында өткен ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқанда Төле би, Есен би бастаған бір топ игі жақсылар, ел жағдайын, ел арасындағы кикілжің жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін естіп, әңгімелеп келе жатып, Төле би өзінің Тұрсынбай, Құттыбай дейтін батыр жігіттеріне қарай былай депті:
Асыл тусаң Керей бол,
Үш қазаққа мерей бол.
Уақ болсаң Шоға бол,
Даулы істе жорға бол.
Арғын-Қыпшақ болсаң,-Алтай бол.
Найман-Қоңырат болсаң-Матай бол.
Байұлы болсаң Адай бол.
Үйсін болсаң Ботбай бол.
Бұл атаулы болмасаң,
Қалай болсаң, солай бол! – деп, жоғарыда аты аталған руларды үлгі етіп көрсетіпті. (Бұл дерек филилогия ғылымының докторы Нысанбек Төрекұловтың 1991 жылы жарық көрген Төле би кітабынан алынды). Осы Үйсін Төле би бабамыз аса жоғары бағалаған бүкіл қазаққа әйгілі МАТАЙ деген ру атын иемденген Атамыздың атын алайық.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Мадайдың түбірі АД (Ат), ары қарай Ада (Ата), Дай (Тай), Адай (Атай), Мадай (Матай) болып шығады. «Д» таңбасының «Т»-ға ауысып отыратын себебі, «Т» дыбысы әрқашанда толып, толысқан бір Атаның «бір рулы елге» айналған ұрпағы енді ол өзгермейді деген мағына береді.
Ад қауымы – ең алғашқы қауым. Бүкіл адамзаттың арғы атасы. Қарашаңырағы - Адай. Осы Адтар – Аттың (қазан аттың да) авторы. Сонымен қатар адамның да аты. Мысалы, Атың Кім?
Ада (Ата) – екі мағынасы бар. Біреуі Ада – арал. Маңғыстаудағы Қазақ мүйісі, Кендірлі де Ада деген бірнеше арал күні бүгінде де бар. Екіншісі Ата. Иә, Иә, кәдімгі Атамыз, әкеміздің әкесі. Ары қарай өз атамыздан бастап сонау түпкірдегі Адам атаға дейінгілердің бәрі Ата. Аралдың Ада деп аталатын себебі, Нұқ пайғамбар заманында бүкіл жер бетін топан су қаптап, су тартылғаннан кейінгі Аталарымыз алғашқы қадам басқан құрғақ жер сол Аталарымыздың атымен Ада деп аталған. Үлкен судың Мұқит деп аталатыны да осыдан. Нұқ пен Мұқит - «Ұқ» деген бір түбірден болып тұр.
Тарих тағлымы: Атамыз қазақтың сөз жасау жүйесінде кез-келген сөздің түбірінде (өз түбінде) сол сөзді дүниеге әкелген атамыздың есімі сақталып отырады. Қазір біз оны «авторлық құқық» деп атап жүрміз. Сөз түбірі ешқашан жаңылысқан емес. Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни ақылы мен білім деңгейлері ғана.
Дай (Тай) – Ада мен Атаның жалғасы деген сөз. Ұлы Аталарымыз мұны «Адтың орнын Дай басар, Аттың орнын Тай басар» деп тұжырымдаған. Мына батыстағылардың Дай-Дахи деп жүргендері осы біздің аталарымыз. Қазақ даласын жауламақ болған парсы патшасы Кирдің басын торсыққа салып, аңсағаның қан болса, іш керегіңше деп, қан толтырылған торсыққа салып қақпаға іліп қоятындар да осы Дайлар. Патшасы Тұмар ханым, оқиғаның болған жері Маңғыстау. Алтай атауының шыққан тегі де осы. Мұның дерегін Алтайлықтар күні бүгінде де жырлайтын «Ма (н) Адай-Қара» дастанынан таба аламыз. Осы жырдың атындағы Манның атын Манқыстау (Мандардың қыстауы), Адайдың атын Адай, ал Қараның атын Түпқараған (Қарағантүп), яғни барлық қаралардың шыққан түбі деген атау ұстап отыр.
Адай (Атай) – Адам Атаның баласы, ұрпағы, жалғасы, яғни қарашаңырағының иесі деген сөз. Қытай қазақтары күні бүгінде де сәбиді, балапанды, періштені «Адай» деп атайды. Бұл жердегі айырмашылық Ада мен Атаға жалғанған «Й» таңбасы. Бұл таңба жоғарыда айтқанымдай, Ата тегі деген мағына беріп қазіргі «ов пен ев»-тердың орнына қолданылады. Мысалы, Иассауи, Фердауси, Низами, Жүгінеки, Сарайи, Адайи, Тарази, Мами т.т. болып кете береді.
Ал, Адам мен Атамдың соңында тұрған «М» таңбасы, бұл Адам мен Атамның соңғы және Манның бірінші дыбысы. Бүкіл әлем Ұлы Жаратушы - Алланың алғашқы жаратқан саналы тіршілік иесін Адам және оның жалғасын Ман деп көрсетіп тұр. Осы екі ұғымның екеуі де бүгінгі Қазақ даласының бір пұшпағы Мақыстауда дүниеге келген.
Адай Ата есімі де тура осындай «Ата-Ана» деген мағына береді. Ад атаң - Ай анаң. Әйелдің ерге, Айдың жерге (сөз түбірі ер) серік болатыны осы. Аспанда жердің күнді, жерде әйел ерді айналатыны да осыдан.
Ал Ад-айдың екінші буынында тұрған Айға келсек, аспандағы Айға - Ай деп атау бергендер де осы біздің қазақтың қарашаңырағы Маңғыстаулық Адайлардың Ата-бабалары. Біз мұның дерегін Адайдың «бес жүйрігі» атанған жыр дүлділдерінің бірі Ақтан Керейұлының (1850-1912) жыр жолдарынан табамыз:
...«Мен Адайдың Ақтаны
Сөйлеген сөзім тақталы. (Тақталап сөйлеу, яғни әр ұғымның дүниеге келу ретін айту).
...Әріден бері сөйлесем,
Олда өзімнің мерейім. (арғы түптегі аталарының тарихымен мақтанып, мерейленіп отыр).
Туған айға ат берген, (аспандағы туған айға ат берген менің атам Адай-Айтумыс деп отыр).
Ақ қағаз бен хат берген, (қағазды да, қаламды да, хат жазуды да үйреткен солар деп отыр).
Екі ерін мен тіл-таңдай
Сөйлесін деп жақ берген. (ең алғаш сөйлеп, «Тіл таңбаны» иемденген солар деп отыр).
Айтқан сөзге түсінбес
Адамның мыйсыз ақымағы» (мұны түсініп мойындай алмасаң, мисыз – ақымақсың) деп жырламаған болар еді. Ақтанның Ата тегі: Адай – Келімберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Өрдек – Кенже болып таратылады. (Жыр-дария «Маңғыстаудың ақын жыраулары» Ақтау-1995. 159 бет);
Өздеріңіз көріп отырғандай, Кенже ұлда Адамзаттың бастау кезеңіндегі ғаламдық құбылыстарға ат (есім) бергендердің кім екендігі сақталып отыр.
Атамыз қазақ өз шежіре-тарихын бір ауыз сөзбен жазған, бір ауыз сөзге тоқтаған, мәрт халық. Уәделерінде тұрмай, жалған сөйлейтін екі жұзділерді «Ердің екі сөйлегені өлгені» деп адам қатарына қоспаған. Барлық қазақ баласына осы қағиданы жадында сақтап, сөздің түбірімен (өз түбімен, өз атасымен), яғни бүгінгіше айтқанда сол сөзді дүниеге әкелген "авторымен" және оның құрамымен жұмыс жасауды меңгергеніміз жөн болады.
Әйтпесе, осы былыққанымыз былыққан, осы адасқанымыз адасқан. Бұл батпақтан қазіргі орыстың, ағылшынның, араптың, қытайдың т.б. тілінде берілген біліммен ешқашан шыға алмаймыз.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы
Р.S. Qamshy.kz ақпарат агентттігінің электрондық поштасына келген тұрақты авторымыздың мақаласын жариялай отырып, біз бұл редакцияның көзқарасы болып есептелмейтінін еске салымыз.
Пікір қалдыру