Хиджама әлде сүлік? Қайсысы пайдалы деп ойлайсыз?

/uploads/thumbnail/20190208113322594_small.jpg

Қан тазарту адам денсаулығы үшін аса пайдалы. Мамандар ер кісілерге жыл сайын 5-6 рет, ал әйелдерге 4-5 рет қан өткізіп тұрудың пайдалы екендігін айтады. Кейде бір немесе бірнеше мәрте қан беретін адамдарды зерттегенде, олардың ұзақ жыл бойы ағзасының бастапқы қалыптан ауытқымайтыны байқалған.

Адам ағзасы тепе-теңдікті тез қалпына келтіретін ерекше қасиетке ие. Қан берген соң (300-400мл) қантамырдағы сұйықтық көлемі азайған сайын қанның артериалды қысымы да өзгереді. Ол жілік майдың жұмысын жақсартады. Уақытылы қан алдырып отыру адам ағзасын жақсартып, жағымды әсер береді. Өйткені, уақытылы қан алдыратын адамның тамырында қан ұйып қалу (тромб) болмайды, олардың орнын жаңа пайда болған молекулалар мен жасушалар басып отырады. Қан беру кезінде дененің қорғаныс қызметі артады, зат алмасу күшейеді. Мұның бәрі қан берушінің өзін жақсы, сергек сезінуіне әкеледі.

Фин ғалымдары қан алдырудың миокард инфаркты болу қаупін 88 пайызға төмендететінін айтады. Мамандар атап көрсеткендей, қан алдырып, денедегі артық темірден арылған ер кісілерде жүрек-талма аурулары тоғыз есе аз кездеседі. Ал адам ағзасында темірдің көптігі инфарктқа жол ашатын көрінеді. Бұған қоса, темір – денедегі процестерді тотықтыру-қалпына келтіру катализаторы болып табылады. Қан алдыру - денедегі темірді азайтып, атеросклероз ауруына шалдықтырмайды.

Қазіргі таңда қан беру мен қан алдыру деген екі «ұғым» қалыптасқан. Біріншісі, қан беру – донорлық. Бұл белгілі бір медициналық орталыққа (Қан беру орталығы) өз еркіңмен барып, арнайы медициналық тексерістен өткеннен кейін, деніңіз сау, қаныңыз нақты талапқа сай болса, "өзге науқастарға пайдасы тиер" деп, белгілі мөлшерін қол тамырдан алады. Сөйтіп, біраз тынықтырып, шоколадын, шайын беріп, қашан, қанша қан алынғаны туралы мөрленген қағазбен үйіңізге қайтарады. Әлдебір науқасқа қан қажет болып, сіздікі жарап жатса, бұл үлкен сауап.

Екіншісі - қан алдыру. Оны көбінесе, «хиджама» деп атаса, бірден біліп жатамыз. Ол сүлік құртпен немесе арнайы ыдыстардың көмегімен денеңіздің белгілі бір нүктелерінен «арам» қанды алу. 

Сонымен, хиджамаға тоқталсақ...

Ғаламтор деректеріне сүйенсек, қан алдырудың тарихы көненің көзінде жатыр. Ертеде көне Мысыр, Орта Азия, Сауд Арабиясы елдерінде бұл әдіс арқылы ем жүргізу кеңінен тараған. Қазіргі күні де бұл елдерде хиджама жасайтын арнайы орталықтар бар. Хиджама жасайтын маманды «хиджам» деп атайды екен.  Араб тілінен аударғанда хиджама «сору» деген мағынаны білдіреді.

Шетелде арнайы оқып келіп, елімізде бұл іспен айналысып жүрген  адамдар аз емес. Хиджама жасап жүрген мамандардың айтуынша, хиджаманың екі түрі бар: бірі — құрғақ, екіншісі — дымқыл. Құрғақ хиджама кезінде денеге вакуумдық банкі қойылады. Бұл ем түрі ілгеріде біздің елімізде де кеңінен тараған. Әжелеріміз отпен денеге банкі қойып, суықты шығаратын болған. Ал дымқыл хиджамада денені тіліп, вакуумдық банкіге арам қан сорылып алынады. Тілік аурудың түріне байланысты  дененің әр жеріне салынады. Денені тілудің де екі түрлі әдісі бар. Бірінде — дене бір-екі миллиметр ғана тілінеді. Терінің астындағы арам қандар сыртқа шығады. Ал екінші әдіс кезінде тілік сәл терең болады. Бұл әдісті кез келген адам жасай алмайды, тек қана оқыған, арнайы білімі бар маманның ғана қолынан келеді. Хиджаманың екі түрінің де адам денсаулығы үшін маңызы зор. Қанның құрамындағы лейкоциттер көбейіп, қан айналымы жақсарады. Бұлшық еттер мен буындардың, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Қан айналымы жақсарғаннан кейін иммунитет нығайып, тері мен май бездерінің жұмысы жақсарады. Денедегі улы токсиндер мен шлактардың сыртқа шығуына ықпал етеді. Кейінгі кезде  халық арасында хиджама арқылы  емделетіндер көбейді.

Бір ескертетін жайт! Адамды емдеу кезінде жіберілген қателік кешірілмейтінін ескерсек, бұл емнің түрімен айналысатындар әрбір нүктені сезе білетін, өз ісіне ұқыпты, санитарлық тазалықты қатаң сақтайтын жан болғаны жөн. Қан арқылы таралатын ауру түрлері бар екендігі мәлім. Егер бір адамның вакуумдық банкісін келесі бір адамға пайдаланса, емделуге келген науқас тағы бір ауруды жамап алары анық.

Хиджама жасатпаған адамдардан алғаш қан алынған кезде оның түсі қою қоңыр болып шығады екен. Екі-үш емнен кейін ғана қанның түсі қызарады. Қанның түсі тағамға байланысты болады. Денсаулыққа пайдасы аз, зиянды тағамдар қанның құрамына әсерін тигізеді. Жалпы хиджама жасағаннан кейін адам тынығу керек.

Қан алдыру арқылы емдеу әдісін қытайлықтар мықтап жолға қойған. Ол жақта арнайы орталықтар бар. Олар тек қана қан алдыру, балмен емдеу арқылы көптеген аурудың алдын алады. Кейінгі жылдары Ресей де  бұл ем түріне көп көңіл бөле бастады Біздің елде де осы ем түрін қолға алған арнайы шағын орталықтар ашылуда.

Ескерте кететін бір жайт, жүкті әйелдерге, емізулі баласы барларға қан алдыруға болмайды. Қанының құрамында қант көп, қаны аз адамдарға да хиджама жасауға тыйым салынады. Жүрегіне жасанды аппарат орнатқан науқастарға да қан алдыру зиян. Бауыр, өт, талақ секілді ішкі мүшелеріне ота жасалып немесе олар алынып тасталған азаматтарға да қан алдыруға рұқсат жоқ. Жасы тоқсаннан асқан қарт кісілерге де хиджама жасалмайды. Себебі жүрегі әлсіз адамдардан қан алу - қауіпті.

Сүлікке келер болсақ...

«Сүлік адам денесіне жабысқан кезде ең бірінші өзінің асқазаны  үшін таза қанды сорып алады, яғни шағады. Содан кейін барып ет пен терінің арасындағы арам қанды сорады. Ал көптеген орталықтарда бір адамға салынған сүлікті  құстырып, екінші бір адамға салып жатады. Сүлікті құстырған кезде денесіндегі арам қан сыртқа шығады да, оның асқазанында қан қалып қояды. Оны  екінші бір адамға салған кезде тіспен бірге  әлгі адамның қаны да кетуі мүмкін. Сондықтан сүлік салдырған кезде де адамдар абай болғаны жөн. Мүмкіндігі келсе, өзінің арнайы сүлігін апарғаны дұрыс» - дейді мамандар.

Хиджама жасаушылардың сөзіне сенсек, қан алдырудың пайдасы көп. Ал бұл туралы медицина саласында жүрген мамандардың пікірін қашан да құнды: «Тұрғындар арасында қан алдыру арқылы емделетіндер бар. Бірақ қан алудың пайдасы мен зияны ғылыми түрде дәлелденген деп айта алмаймыз. Сондықтан, бұл ем түрі медициналық тұрғыдан зерттелуі керек. Бұл ем түріне аса сақтықпен қараған жөн. Себебі, қан арқылы таралатын гепатит секілді ауру түрлері көп. Егер санитарлық тазалық сақталмаса, адам ауруға шалдығуы мүмкін. Ал ауру жұқтырмасыңа ешкім кепілдік бермейді, Денеден қан алып емделудің ішінде гирудотерапияның тиімділігі зор.

Ал сүлік қанды сормас бұрын сол жерді залалсыздандырады. Содан кейін барып сорады және пайдалы элементтерді қанға жібереді. Ал хиджама халық арасында енді ғана кеңінен  таралып жатыр. Жалпы медициналық тәжірибе барысында қан алдырып инфекция жұқтырған науқастар бар. Қан алушы адам құралдарын таза ұстамағандықтан, тілінген жерге инфекция түседі. Сондықтан, тұрғындардың  мұндай ем түріне аса сақтықтпен жүгінгені жөн. Себебі, қан арқылы жұғатын гепатит В, С және ВИЧ секілді ауру түрлері бар. Дертіне шипа іздеймін деп жүріп, тағы бір ауруды жұқтырып алудан сақтану керек».

Түйін. Ауру жіберген Алла оның емін де жібереді. Біреуге қан алдыру жағады, біреу дәріден, енді бірі саумал ішіп-ақ емделеді. Неге сенсең, ем содан болады. Тіпті «қара суға семірген» дегендей, шын сенсең, қара суда да ем бар. Бастысы – сенім, ниет. Деніміз сау, санамыз бүтін, бауырымыз бүтін болсын!

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар