Зейнеткерлiк жасын ұзарту кiмге тиiмдi? Қарапайым халыққа ма, әлде билiкке ме? Әлде Марченко зейнеткерлiк алыстаса, әйелдер қартаймайды деп ойлай ма? Мүмкін,әйелдің зейнеттік жасын ұлғайту -бұл майлы креслода әлі де отыра тұрсақ деген нәзік жандылардың арманынан туындаған идея болар. Бірақ, 63 жас өмір бойы ауыр өнеркісіпте істеп, зейнетке зарығып жүргендерге оңай емес қой. Сөз Дәурен Қуатта. Әйел теңдігі туралы мәселе қазақ қоғамында әлі жалғасын табуда. Большевик-коммунистер «қазан төңкерісін» жасағаннан бері қазақ әйелі арбаға да отырып бастады, басынан ақ жаулықты сыпырып та тастады. «Раушан коммунист» бейнесінде ел басқару ісіне де араласып келеді. Шахтаға да түсіп жатыр. Теміркөліктерді тізгіндеп, еркектердің тіз киіміне дейін киіп үлгерді. Осыдан болып бізде қазір не әйел, не ер деуге келмейтін біртүрлі адамдар қауымы қалыптасып бітті. Кейінгі 7-8 жылдың ауқымында гендерлік саясат деп сайрап жүрміз. Енді міне, әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіру керек десіп елірудеміз. Бұл ұсыныс ең алдымен Ұлттық банкіміздің төрағасы Марченко дейтін кісінің аузынан шыққан-ды. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, үнемі қыңырайып, қырын тартып жүретін Марченко мырза: «Біздің Ұлттық банк қызметкерлерінің 67 пайызы әйелдер. Бізде әйелдердің әжетханасы еркектердікінен 2 есеге артық» деп салған еді өз ұсынысын өткізу үшін. Марченко шамасы, банктерде сүрлігіп істейтін жұмысы болмағандықтан, сүрмеленіп қана отыратын қыз-келіншектер сияқты қазақ әйелдерінің бәрі жақсы ақша, жайлы тұрмыстың үстінде деп ойлайтын болса керек. Әйтпесе әлгіндей ұсынысты айта қоймас еді. Әрине, кәсібін терең меңгерген әйел-аналар бізде жетіп артылады. Солардың қабілет қарымын сарқа пайдалану үшін зейнет жасын 63-ке дейін ұзарту қаншалықты мүмкін? Ертелі кеш мектептің у-шуынан құлағы тұнатын мұғалім әйел 63 жасқа дейін зейнет жасын күтіп жүре алады ма? Денсаулыққа қатері мол өнеркәсіп орындарында жұмыс істейтін әйелдер ше? Халқымыздың 43 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Ондағы тірліктің оңып тұрғаны шамалы. Урбанизация мәдениеті қазақ ауылдарын күні бүгінге дейін толық қамти алмай тұр. Қаладағы қара базарларда алақап сүйерткеннің бәрі әйел. Демек, біз әйелдердің зейнет жасын ұлғайтудан бұрын Қазақстан халқының әлеуметтік тұрмысын Еуропалық деңгейге жеткізіп алуға тиіспіз. Дамыған елдерде, мысалы Ұлыбританияда, Францияда, Италияда әйелдер зейнетке 60 жасында шығады. Өзіміз күнде үлгі тұтып, әрбір қадамына үңіліп қарап отыратын Ресейімізде ерлер тіпті 60 жасында, ал, әйелдер 55-56 жасында зейнет жасына иек артады. Бейнет түбі - зейнет. Сол зейнетке зарықпай жеткен адамда арман бар ма? "31" арна
Пікір қалдыру