Бұл мұзбалақтың аты-жөні - Мақсұт Жұмаев. 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келді.
2011 жылы тамыз айында биіктігі 8000 метрден асатын 14 шыңның бәрін бағындырған дүние жүзіндегі 27-ші альпинист атанды. 2007 жылы 30 сәуірде әріптесі Василий Пивцовпен бірге жер шарындағы ең биік шың Эверестке сол қапталынан шықса, 2018 жылы 18 мамыр күні Эверестің ұшар басына оңтүстік жағынан өрмелеп жетті. Эверестке оңтүстік қапталдан шығу қиынның қиыны. Бүгінге дейін дүние жүзі бойынша Эверест шыңына солтүстік және оңтүстік беткейден табан тіреген оншақты альпинист бар екен. Солардың қатарында қазақ жігітінің болғаны – алаш жұрты үшін зор мәртебе. Рекордқа келсек, қазақ мұзбалақтарынан 14 «сегізмыңдықтың» шыңына табан тіреген әзірге жалғыз Мақсұт екенін айта кетейік. Біле білгенге, Мақсұттың көкпен таласқан әрбір шыңға сәтімен шығып, аман-есен оралуының өзі үлкен олжа.
Әрине, төбесінен жерге қарасаң, көзің бұлдырап, басың айналатын 8 мың метр түгілі, биіктігі 800 метр төбеге алқынбай жету қиын. Мақсұт болса, өрлеген сайын дауылы мен бораны ұйтқи соғатын, мұз құрсанып, қар жастанған он төрт «сегізмыңдықты» ауыздықтау үшін талай мәрте басын бәйгеге тігіп, сан рет бейнет кешті. Мысалы, Қарақорымдағы 8611 метрлік Чогори шыңына үзеңгілесі Василий Пивцовпен бірге бес рет шабуылдап, бесеуінде маңдайы тасқа тигендей кері қайтты.
2003 жылы тамызда табиғаттың алай-түлей мінезі Мақсұттарды Чогоридің алқым тұсынан — 8200 метрден кері қайтуға мәжбүр етті.
2005 жылы тамызда құрамында Жұмаев бар қазақстандық төрт мұзбалақ Чогоридің ұшар биігіне қол созым қалғанда базалық лагерьде құрал-жабдықтары ұрланып, соның салдарынан 8550 м. межеден ат басын төменге бұруға мәжбүр болды.
2007 жылы тамыз-қыркүйекте Жұмаев-Пивцов жұбы 8400 метрге сәтті көтеріліп, әрі қарай үш күн бойы қалған 211 метрлік жалама шыңнан табан тірейтін тіреу, қол қармайтын ілгек таппай, әбден болдырып, кері қайтады.

2009 жылы шілде-тамыз айының тоғысында Жұмаев-Пивцов жұбы және ресейлік Сергей Богомолов Чогори шыңына небары 100 метр жетпей қалың қар құрсауына тап болып, амалсыз кері шегінді.
2010 жылы шілде-тамыз кезінде күн райының бұзылуына орай Мақсұт пен Василий тағы да көздеген мақсаттарына жете алмады.
Ақыры, қайсар жігіттер қатарынан бес рет жалынан ұстатпаған Чогори шыңына 2011 жылы тамызда ту тікті. Бұл Мақсұттар тартқан тауқіметтің бір парасы ғана.
20 жасында 3680 метрлік Үлкен Алматы шыңына шығып, асқар тауға өрмелеудің қызығына арбалған Мақсұт Сағынтайұлы 23 жасында үшінші разрядты альпинист болғанына қарамай Орталық Шиша Пангма «сегізмыңдығына» оттегісіз өрмелеп жетті. Осы жеңістен кейін өрімдей мұзбалақ Қазақстан құрамасына бекіді.
Кейін TreeGenе лабораториясы Мақсұт Жұмаевтың генетикалық паспортын жасағанда оның табиғатына ең жақын спорт түрі — альпинизм екенін тайға таңба басқандай таңбалап беріпті.
ХХІ ғасырдағы қазақ спортшыларының арасында ең мәртебелі, ең жүрек жұтқан саңлақтың бірі осы Мақсұт Жұмаев десек, артық айтқандық болмас.
Қыдырбек Рысбек