Ресейдің бұрынғы офицері Қазақстанның төтенше жағдайлар комитетін қалайша қадағалайды?

/uploads/thumbnail/20190309103111418_small.jpg
Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров мырзаның назарына!

Белгілі журналист, қаламы қарамды қалемгер Асхат Асан шимайлап, көп жаза бер­мейді: оқта-текте атқан «оғы» ондықты тесіп өтеді. Өте өзекті.
«Төтенше жағдайлар Комитеті – өмірге қауіпті мекеме!» деп ат қойған Асекеңнің кезекті сайгезі де сүйекті сырқыратар сауатты да салмақты.
Ішкі Істер министрлігі мен оның Төтенше жағдайлар жөніндегі Ко­митетінің есебінше, «Тек биылғы қаңтар айында ғана елде өрттен 116 адам қаза тауып, 129 адам жарақат алған. Өрт салдарынан көз жұмғандардың саны былтыр, өткен жылға қарағанда, 19 пайызға өскен».
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің пікірінше, кінәлі – қарапайым халықтың өзі. Пешті дұрыс орнатпайды, отты орынды жақпайды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше» емес, жыл сайын қайталанып, елдің құлағы да үйреніп қалғандай. Сонда, төтенше жағдаймен күресетін орган не бітіріп отыр?.. Жұрттың негізі көмір жағып отырған кезде, одан келер қауіп-қатердің алдын алу осылардың міндеті емес пе еді? Отынның сапасы, пайдалануға болатын пештің стандарттары жайлы құжаттар, ережелер неге қабылданбаған? Басқа да қауіпсіздік шаралары неге жүргізілмеген? Өзі айтқан, ыс тиудің алдын алатын, газ анализаторлары неге жаппай орнатылмаған?..

...Астанадағы бес сәбидің қаза­сы­нан кейін кешегі Үкіметбасы Б.Сағын­таев «Президент әкімшілігіне Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау туралы ұсыныс жіберіп, Комитет төрағасы Владимир Беккерге өзі қатаң сөгіс жариялапты. Екеуін де қызметтен қуса, артық болмас еді. Бірақ, «қолы қысқа» болар», ана екеудің «панасы» пәрмендірек шыққанға ұқсайды.
«Әйтпесе, қызмет тарихында екі рет сотқа тартылған адам бұ­лайша биік «ұшпас» еді ғой. Ильинді айтам. 2009 жылы жол ережесін бұзып, басқа көлікті соққаны үшін және 2012 жылы заңға «томпақ» бұйрықтар шы­ғарып, екі рет жазаға тартылған. Екі ретте де азын-аулақ айып­пұл төлеп құтылған. Алдыңғысын «мәшинені кім айдамайды, ережені кім бұзбайдыға» сайсақ та болады. Кім білген, мүмкін, аздап «ұртап» та қойған шығар. Болмаса, білдей бір чиновник ол істі сотқа жеткізбес те еді ғой. Ал, екінші іс қызығырақ. 2012 жылы Алматы қаласы бойынша жедел дайындық, аза­маттық қорғаныс, табиғи апаттарды ескерту және салдарын жою жөніндегі Басқармаға жетекшілік етіп отырған Ильин мырзаның мекемесінде тексеру жұмыстарын жүргізген әділет департаменті заңның бірнеше рет бұзылғанын анықтаған. Осы іс бойынша шақырылған сот отырысына Юрий Викторович келмей қояды. Лауазымы сонша биік болмаса да, «заңнан жоғары тұрмын» деген емеуіріні болар. Әйтсе де, нәтижесінде, Ильин мырза жауапқа тартылып, бар жоғы 16 мың теңгеден сәл асатын сомадағы айыппұл төлеп, аман-есен кетеді. Бұл сот оның қызмет сатысы үшін «барьер» емес, «трамплин» болған сияқты. Көп ұзамай, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне, президент әкімшілігіне, одан Ішкі Істер министрлігіне бір-ақ «секіреді». Оның ереже бұзуын «еркелікке» балады ма, жоқ «еркектікке» балады ма, биік лауазымға шақырғанда, қызметінің бұл «қызықтары» ескерілмей қалға­ны анық. Бір жағынан алсақ, қай шенді заң бұзбай жатыр? Бастысы, «тоқпағың» мықты шықсын, қанша «киіз» болсаң да, кірмейтін жерге де кіргізіп жібереді. Әйтпесе, Ресей әскерінің бұрынғы офицері, 1996 жылға дейін тәуелсіз Украинаның бір облысындағы азаматтық қорға­ныс саласында жүрген беймә­лім чиновникті, аяқ астынан, Ал­матыға алып келіп, жыл санап сатылап өсіре ме (ол туралы биографиясынан танысуға болады)? Бәлкім, керемет маман ретінде таңдаған шығар. Бірақ, нәтижесі қайсы? Біздің елді, жерді, тілді білмейтін адам не тындырды?..»

Иә, қазіргі қазақ билігінің былығы мен халықты «қорғау» қауқары осын­дай! Мемлекеттік қыз­мет­ке қазақ бала­сын алатын болса, жеті ата­сы­ның тарихын ақтарып, 18 ғасырда орысқа ба­ғынбаған батыр бабасының «қыл­мысын» қалқан қылып, қызметке алмайды, ал, жат елдің, бөтен жұрттың әскери қызметкерін (ол өз елінде қандай қылмыстар жасағанын, міндетті түрде, жасырып қалады. Болмаса, ол жат елдің жансызы шығар?..) оп-оңай жәй қатардағы қызмет емес, елдің ең нәзік те жауапты, мысалы, «Ішкі істер министрінің орынбасары» лауазымына қабылдай салады?..
 шенеунік
«Ал, төтенше жағдайлар Коми­тетінің бас­шы­сы Владимир Беккер бекерге отыр ма? Немесе, өзі таққа қонған соңғы үш жылда не бітірді? Оның жұмысының мардымсыз екенін былтырғы көктем (алдыңғы жылғы, оның арғы жылғы) көрсетіп берген болатын. Қарапайым құтқарушылар­ға тағар мініміз, айтар сынымыз жоқ. Олар өз міндеттерін орындап, елмен бірге су да кешіп, бат­паққа да батып жүрді. Суыққа да, ыстыққа да қарамастан, апатқа ұшыраған елге арқасын тосты, көмек қолдарын созды. Діттеп қарасақ, олардың да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Көбінің әлеу­меттік мәселесі шешілмеген. Алатын айлықтары шәй-суынан артпайды. Бірша­масы «времянка» паналап жүргеніне күмәнім жоқ. Қажет техникамен, басқа да құрал-жабдықпен толық қам­тылмаған. Ал, бұл үшін бюджеттен кәдімгідей қаржы бөлініп отырғаны белгілі. Сондықтан да болар, апаттан құтқарушы мекемеде кадрлар тапшылығы бар, ал ол түйткілді шешетін талпыныс жоқ. Сонда кілтіипанның кілті басшылық қызмет сеніп тапсырылған кісілерде болып шықпай ма? Әрине. Сенатор Дариға Назарбаева айтпақшы, «жылда еритін қардың суы ыл­ғи алапат апатқа айналып шыға келеді». Сенатор, жуырда ғана, сенат комитетінің өзі өткізген отырысында төтенше жағдайлардың алдын алуға тиісті шенділердің бірқатар жүй­елік қателіктер жіберіп отыр­ғанына тоқталды: «Құзырлы мекеме қызметкерлерінің саны аз және кадрлар жетіспейді, гид­рометеорологиялық қызмет кем қаржыландырылады, гидротех­никалық құрылыстар қате жоспарланады, су жайылуы мүмкін аймақтарға үй салуға рұқсат беріледі. Гидротехникалық құры­лымдарды пайдалану барысында, қауіпсіздік мәселесі, бойынша түрлі мекемелер арасында­ғы құқықтық келіспеушілік әлі күнге шешімін таппай отыр». Сенатор тізіп өткен кемшіліктерге көз салсаңыз, көпе-көрнеу нәрсеге мекеме басшыларының өздері әдейі жол беріп отыр ма деп қаласыз. Демек, не тікелей міндеттерін орындағылары жоқ, я қолдарынан келмейді, не болмаса, бұл жағдай оларға тиімді. Назарбаева өткізген сенат комитеті өткен жылы да өздерінің мемлекеттік органға біршама ескерту жасағанын, бірақ олар оны орындамағанын да айтып өтті. Яғни, апатқа қасақана жол берген болып шықпай ма? Бір қызығы, бұл үшін ешкім жауап беріп те жатқан жоқ. Мысалы, жауап беруі тиіс, бес бүлдіршін қыршын кеткен соң ғана, премьер министрден қатаң сөгіс алған Владимир Беккер мырзаның үстінен бұған дейін де ҚР ҚК-нің 15-ші тарауына (Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық жә­не өзге де қылмыстық құқық бұзушылық) жататын, 361-ші бабы (Кәсіпкерлік қызмет­ке заң­сыз қатысу) бойынша іс қоз­­ғалып, ол іс Астана қаласы­ның прокуратурасына, одан әрі Мемлекеттік қызымет және жем­қорлыққа қарсы күрес Агент­тігіне тапсырылған екен. Бірақ, Беккердің «мұртын балта да шаппағанын» көріп отырмыз. Ал менің байғұс кәлләмді «құт­қа­рушы Беккер қандай кәсіпкер­лікке заңсыз араласуы мүмкін» деген дүдамал ой мазалайды. «Құс фабрикасы бар» деген өсекті естіп қалып ем. Бәлкім...»

Бұдан әрі жазарман бауырым Асекенің өзі де өз сөзінен шошып кетіп: «Қой құрысын, дерегім жоқ, өтірік болар...» дей салыпты. Артынша, Асекең қандастарына ескерту жасайды: «Арқада қыс ұзақ, сондықтан, өрт қаупі әлі де сейілген жоқ. Өртеніп кететін де, өрт шыққаны үшін жауапты болатын да өздеріңіз екенін ұмытпаңыздар. Ал, Арқаның қары сөгіліп, жылғаға жылға қосылып, су жайылатын кез де алыс емес. Суға кетсеңіздер, «тал қармайсыздар». Өйткені, Ильин мен Беккердің «күйсеуі» бөлек, сенуге болмайды. Бұл мырзалар «қылышын су кеткен соң ғана сермейді», яғни, шығынды есептеп, ақша бөлумен ғана айналысқанды жөн санайды. Апаттан аман болыңыздар!»

Меніңше, үкіметбасы ауысқаны­мен, шиеленісті мәселелер өздігінен шешіле қалмайды. Мемле­кеттік қыз­меткерлердің адалдығы мен кәсіби­лігі жоқ жерде, келеңсіздік көбейе береді. Сондықтан, алдымен, Қазақ­станның Бас проку­роры Қайрат Қожамжаров мырза ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен Ішкі Істер министрлігінің Төтен­ше жағдайлар жөніндегі Комитетінің басшысы Владимир Беккердің өмір­баяндары мен қызмет сатыларын аса ыждаһаттылықпен жіті тексеріп, нәтижесін халыққа жариялауы керек.
Бұл істе Қайрат Қожамжаров секілді батыл тұлға ғана нәтиже шығара алады. Тұжырым – осы!

Қажымұқан Ғабдолла

Қатысты Мақалалар