Қазақстанға қауіп төндіретін шайқас басталып кетті. Бірақ, майданда біз жоқпыз...

/uploads/thumbnail/20170708180458969_small.jpg

Айналамыз анталаған жау. Ешкім, төбемізден мылтығын төндіріп тұрмаса да, жеңінің ішіне жасырып жүргені өтірік емес. Әрине, «тату көрші, дос мемлекет» деген сылдыр сөздер сыпайы дипломатия үшін керек шығар. Бірақ, өзімізді ондай жалпақ шешей, жалтақ мінезбен қашанғы алдаусырата береміз. Иә, достық керек, бірақ ішкі сақтық тіпті қажет.

Негізі, бетпе-бет келген жаудан гөрі, туырлық пен шидің арасына жасырынған жымысқы дұшпан қауіпті. Бүгінгі күні жымия күліп, жымпия кіріп, Қазақстанға үнсіз экспансиясын күшейтіп жатқан ең белсенді ел – Қытай. Әлбетте, біз томаға-тұйық жағдайда өмір сүре алмаймыз. Халықаралық деңгейде түрлі елдермен саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастардың болуы заңды. Бірақ, әр нәрсенің шегі бар. Дозасы асып кеткен уколдың адам өлтіретіні секілді, қалыптан шығып кеткен қатынас қатер төндіреді. «Досыңды көп ұстама жолынан қалады, дұшпаныңды көп ұстама сырыңды алады» дейді.

Бұл сөз арқылы қара аспанды төндіріп, іргеден жау іздейік деп отырған жоқпыз. Өкінішке қарай, қазір «жайылып жастық, иіліп төсек» болғымыз келгенімен, ежелден егесіп келе жатқан ел. Ол тарихтан маңдайымызға жазылған тағдырымыз. Сонау ғұн, көктүріктер заманынан тартып, кешегі көкжал Оспан батырға дейін елі мен жерін қорғаған қаншама боздақтың қаны төгілді, қаншама халық шабындыға түсіп, қаншама жеріміз қытайдың қолында қалды?! Енді міне, тәуелсіздік алып, дербес өмір сүреміз деген арманымызды қаптаған қытай жымысқы экспансиясымен тұншықтырғалы отыр. Оған күн өткен сайын жарияланып жатқан фактілер куә. Біраз бұрын, 31 арнаның әлеуметтік желіде жарияланған «Сөздің шыны керек» бағдарламасында журналист Жания Өсерқұлдың сараптамасын көрген боларсыздар. Қазақстанда 300 мың қытай бар екен. Олар жай жүрген жоқ, қазақтың қыздарына үйленіп, осында ұрпақ өрбітіп жатыр. Экономикалық жақтан да Қытайға тәуелділігіміз күшейе түскен. Шикізат өндіретін орындарымыз солардың меншігіне өте бастаған. Жерімізге де, қаламызға да қатты қызығуда. Бұндай айғақ-дәлел, дерек көп.

china_kz

Еліне симай жатқан 1 миллиард 300 миллион қытай алып тасқын, жөңкілген таудай сел. Біз соның иегінің астында тұрып, өзімізше бейғамсимыз. Қытаймен терезесі тең қарым-қатынас жасап жатқандай мардамсимыз. Кешіріңіздер, біз өз ауламызда солай талтаңдағанымызбен, ауылыңның сыртында тұрған қытай сенің осал жеріңді баяғыда аңдап болған. Әлеуметтік желіде жарияланған 31 арнаның әлгі бағдарламасын көрген соң оны бөлісіп, шығыстанушы, тарихшы ғалымдар Дүкен Мәсімханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, саясаттанушылар Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Ерлан Қарин секілді азаматтардың пікірін білгіміз келді. Д.Мәсімханұлы қытайда жасырын мекемелерді қоспағанда Қазақстанды зерттейтін 20-дан астам орталық бар екенін мысалға келтірді. Тұрсынхан Зәкенұлы Табғаштарға алданып, соларға жем болған бабаларымыздың ауыр тағдырын айтып, солардан сабақ алуды қаперге салды.

Ал, саясаттанушылар Ерлан Саиров пен Айдос Сарым қытай экспансиясын зерделеп, алдын-алу амалын қарастыратын «Қытайтану институтын» құруды өте өзекті деп есептейді. А.Сарым бұл мәселені айта-айта жауыр болғанын да жеткізді. Д.Мәсімханұлы болса институт құру идеясын президент Н.Назарбаевпен кездесуінде де айтыпты. Бірақ, тапсырма берілгенімен бұл шаруа кейін аяқсыз қалған. Қазіргі күні институтты қойып, жөні түзу орталық та жоқ. Қысқасы, Қытайдың экспаниясы күн сайын күшейіп, қаупі артып барады. Енді бір 20-30 жылда Қазақстанда ҚЫТАЙ атты алып диаспора, қалың ел, халық пайда болады. Сол кезде қазіргі ұйғыр, орыс, өзбек мәселесі жайында қалып, тәуелсіздікті іштен ыдырататын қауіпті күш басты проблемамызға айналады. Себебі, олар іргемізде ғана тұрған қытай дейтін алып мұхиттан күш алып, солардың қолдауына ие болады. Алдымен ассамблеяны жаулайды, (ол кезге дейін болса) одан депутаттарын сайлатады, кейін автономия сұрайды, соңында президенттікке кандидаттарын ұсынады. Егер, осы саясатпен, жемқорлыққа сүйенген көз жұмбайлықпен кете берсек, айтылған жайлардың айнытпай келуі әбден мүмкін. Әрине, бұл туралы салмақты сараптама, толғамды ойлар бұрыннан айтылып жүр. Бірақ, оның бәрі жартасқа жаңғырыққан зар-нала болғаннан басқа не пайда берді?!

Ал, айтылғанның құрғақ сөз, жалаң ұран болып қалмауы үшін не істеу керек? Билік рұқсат етпеді, үкімет жасап бермеді деп қарап отырсақ, бізге дайын дүние өздігінен келе ме? Шыны керек, мемлекеттің тағдырына, ұлттың мүддесіне қайшы келетін қаншама кереғар істі, тағдырымызға, болашағымызға балта шабатын қиянаттарды көріп отырсақ та, тұзақтағы қоян құрлы тыпрлай алмайтын күйге жеттік. Саяси һәм қоғамдық белсенділігімізді «лайк» басудан арыға асыра алмайтын, монитордан зар-мұң төгіп, құр кіжінгенімізге марқайып, үлкен іс тындырып тастағандай тоқмейілситін «тобан ақятың» өзі болдық. Қазіргі билік элитасының, ақ жағалы шенеуніктердің бәрі демесек де, көбі өз креслосын, карьерасын ойлайтын тоғышар жандар. Олар мемлекет пен халықтың, ұлттың жағдайынан қарынның қамын артық қоятыны мәлім жайт. Олар халықтан бөлек, ұлттан алшақ аспанда өмір сүріп жатқан өзгеше топ. Олай болса тумаған сиырдың уызынан дәметкен жарлыдай неге оларға жалтақатай, жалбақтай береміз?! Ертең аумалы-төкпелі заман келсе жаңағы элита, сол аспандағы қалпымен ары қарай тартып отырады. Ал, ел мен жердің мұңын арқалап, қайғысын тартатын қарапайым қазақ, мына біз бен сіз боламыз. Жер өзіміздікі, ел өзіміздікі екенін сезінетін, батыл қимылдайтын, нақты әрекет жасайтын кез келді, әуелі өтіп бара жатыр. Іргеде қытай секілді алып айдаһар он орап жұтқалы тұрғанда, іштегі ұсақ дауды мыжып, бір-бірімізді кекетіп-мұқатқан бұралқы сөзімізге тояттап отыратын уақыт емес. Өзімізді түзеп, өзгенің жайы қалғандай, айдаладағы елдің дауын сатып алып, салғыласып жататын парықсыздығымыздың да кесірін тартатын өзіміз.

151687440

Қытай экспансиясы туралы жарияланып жатқан фактілерге жыламсырай қарап, жүрегімізді ауырта бергенше, солардың жымысқы экспансиясына жұмыла қарсы тұрайық. Әрине, бұл айта салуға оңай. Бірақ, қиындықсыз қолыңа ештеңе қона салмайды. Біз кейде «мемлекетке, ұлтқа жасалған қиянаттарды түзейтін уақыт әлі келеді, алда бәрі жақсы болады» деген сезіммен күн кешеміз. Сеніммен емес, сезіммен. Бірақ, тәуелсіздіктің бүтіндігін, ұлттың тұтастығын сақтау үлкен майдан. Ал, майданда сезімге орын жоқ. Тек бет қаратпас батылдық пен арпалысқан шайқас қана бар. Қарап тұрсақ Қазақстанға қауіп төндіретін сол шайқасты біреулер бастап кетті. Бірақ, майданда біз жоқпыз.

Айтайын дегенім, уақыт пен орайды біз күткенмен, олар бізді күтпейді. Тәуелсіздік үшін күресті қолға қару алатын күн жеткенше күтіп отыру қажет емес. Оны дабыл қағылған кезден бастай беру керек. Ал, дабыл қағылғалы қашан?! Соның бір ғана көрінісі ретінде әлеуметтік желіден «Қытай экспансиясына қарсы тұрайық!» атты топ құрдық. Мына сілтемемен кіріп, топқа қосылуға болады. (https://www.facebook.com/groups/1608534422737634/) Иә, ресми билік бұндай қадамды ашық жүргізе алмайды. Оның алуан себебі бар шығар. Бірақ, бүгінгі күні билік жасырғанмен, қытайдың экспансиясы ашық жүріп жатқанын халық көріп отыр. Көзіңді бақырайтып қойып жасалып жатқан басқыншылыққа осы елдің азаматы ретінде біздің үн қатуымыз парыз деп санаймын. Және оған бола ақталып, талқыға салудың да реті жоқ. Әр уақытта жарияланған ақпараттарға, қытай экспансиясына қатысты орын алған жағдайларға әр жерден бір үн қатқанша, осы топтың аясында бірге пікір білдіріп, талқылап отырсақ. Соған орай істелетін нақты істер мен жоспарлар ортаға салынса. Бұл әлеуметтік желідегі жай мұң-шер шығаратын алаң емес, болған оқиғаларға орай нақты әрекет жасауды ұйымдастыратын виртуалды кеңсе, орталық рөлін атқарса. Біз әрекетсіз отырсақ, анталаған қытайдың арам ниеті асқына береді. Ал, осындай кішкене істерден бастап, өз қарсылығымызды, шынайы позициямызды ашық білдірсек, олар да сескенеді, және біз де жүйелі іс жасауға негіз қалап, бас біріктіре береміз. Уақыты келгенде қоғам да билік те өзгереді. Бұйыртса, алдағы уақытта құрылатын «Қытайтану институтының» негізі осы арада қаланбасына кім кепіл. Билік саусағын қимылдатпаған істі ары мен жауапкершілігіне сенген әр азамат өзі бастаса деген ой. Ал, институттың қандай шаруа атқаратыны кезі келгенде белгіленер. Алайда, оның басты міндеті - тәуелсіздікке қауіп төндіретін қытай экспансиясына қарсы нақты жоспармен іс жүргізу деп ойлаймын.

20141014163429

Иә, қытай көп шығар, экономикасы мығым, әскери күші басым болар. Бірақ, ол мың жерден мықты болса да, біздің тәуелсіз елімізге, кең-байтақ жерімізге тұмсығын тығатын құқы жоқ. Оның көп болуы, еліне симай жатуы біздің проблемамыз емес. Біз олармен көрші екенімізге, жеріміздің кең болғанына кінәлі емеспіз. Біздің өз мүддеміз, өз жолымыз, өз тәуелсіз еліміз бар. Және оны қорғау жолында қандай қауіптен де бас тартпаймыз. Қытай көп болса, қазақ өлсін деген заң жоқ. Қазақ өліп, қырылып болған, ендігі кезек қазақтыкі.

Жебе НОЯН

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар