Спорт нысандарында көрсетілетін қызметтердің бағасы тұрғындарға қолайлы болуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
- Азия ойындары – өңірдегі ең ірі спорттық шаралардың бірі. Сонымен қатар бұл – спортшыларымыздың Олимпиадаға дайындық деңгейін тексеруге арналған жақсы мүмкіндік. Байрақты бәсекені небәрі бір жылдан кейін Миланда өтетін қысқы Олимпиада қарсаңындағы ең басты жарыс алаңы деуге болады. Сондықтан Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, алдағы Олимпиадаға да сапалы дайындық жүргізу қажет. Еліміздің климаттық жағдайы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы. Қажетті инфрақұрылым да бар. Қазақстанда қысқы Азия ойындары, Кубок кезеңдері мен әлем чемпионаттары сияқты халықаралық жарыстар сәтті өткізілді. Мұның барлығы халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Спорттық туризмге тың серпін береді, - деді О.Бектенов.
Оның айтуынша, еліміздегі шаңғы трассалары туристерге толы. Бұл ретте спорттық инфрақұрылым нысандарын дәріптеу жұмысын жандандыра түсу қажет.
- Мысалы, былтыр Шымбұлақ бөктеріне келген шаңғышылардың саны 1,5 миллионнан асып кетті. Шаңғы теуіп, таза ауамен тыныстап қайтушылардың қатары оның тәуліктік қуатынан әлдеқайда көп болып отыр. Сондықтан курортты одан әрі дамытып, Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстан өңірінде және басқа да аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау қажет. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер инвесторларды тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдайлар жасауы керек. Сонымен бірге, барлық спорт объектілері қалың көпшілікке қолжетімді болып қалуға тиіс. Бұл спортпен шұғылданушылар санын ұлғайтып, осы объектілердің айналасында бизнестің дамуына жол ашады. Әкімдіктер мен кәсіпкерлер аталған бағытта белсенді жұмыс істеуі керек, - деді Үкімет басшысы.
Оның пайымынша, көрсетілетін қызметтердің бағасы да келушілер үшін қолжетімді болуға тиіс. Тек сонда ғана халықты көптеп тартуға мүмкіндік туады. Ол бизнес пен спорт-туристік объектілердің айналасындағы елді мекендерге мультипликативті әсер береді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына қатысты түсінік берді.
Пікір қалдыру