Әйелді қорғауға тырысқан: Алматыда өлтірілген полицей туралы не белгілі?

/uploads/thumbnail/20250114124534789_big.webp

Туыстары мен әріптестері Алматыдағы жанжал кезінде қаза тапқан полицей туралы айтып берді.

Полицей Нұрсұлтан Несіпбаев Алматыдағы түнгі нысандардың бірінде әйелге араша түскен. Әйелдің жанындағы ер адам оны мойнынан ұстап, тұншықтыра бастаған. Төбелес барысында Нұрсұлтан Несіпбаев ішінен және жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған. 31 жастағы полиция қызметкерінің артында әйелі мен төрт баласы қалған: екі қызы және екі ұлы. Кеше туыстары Нұрсұлтанмен қоштасты. Ол туған жері Байқоңырда жерленді.

"Жолдасым балаларымызға қамқор әке, маған адал жар болды. Ол отбасымыз үшін бәрін жасады. Ол өз жұмысын жан-тәнімен сүйетін және оған берілген жан еді. Біз үлкен жоспарлар құрып едік. Бірақ тағдыры басқаша болды," – деп бөлісті марқұмның жұбайы Бақыт Жетіген.

"Ұлым адал болды, өз қызметін абыроймен атқарды. Ол әрқашан көмекке дайын тұратын. Өз жұмысын және отбасын қатты жақсы көретін. Балалары әкесіз қалды. Ол әйелді қорғағысы келіп еді, осындай жағдай болды," – деп қосты марқұмның анасы.

Қайтыс болған құқық қорғаушы Байқоңырда туып-өскен. Ол заң факультетін бітіріп, құқық қорғау органдарында 10 жыл жұмыс істеген. Алматы Медеу ауданы полиция басқармасында жедел уәкіл қызметін атқарған.

"Ол менің жетекшім болған: жедел қызметтің қыр-сырын үйретті. Біз бірге көптеген қылмысты аштық. Нұрсұлтан өз отанының нағыз патриоты болды. Өз жұмысының жанкүйері еді. Әділдік үшін әрдайым күресетін. Біз үшін бұл – үлкен қайғы. Туыстарына көңіл айтамын," – деді Медеу ауданы ПБ-ның аға жедел уәкілі Рүстем Ғалымов.

Қылмыскер туралы мәлімет аз. Ол 41 жастағы Өзбекстан азаматы. Ер адам қылмыс болған жерде ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар