Пошта жәшігіндегі азапты үш күн: қызының туған күніне асыққан

/uploads/thumbnail/20190503175043284_small.png

Олимпиадаға қатысуды көздеген австралиялық найза лақтырушының желігіп жүріп басын бәйгеге тіккені, сыйлы адамдардың біріне найза қадағаны, ол әрекеті үшін жазаланғаны, ақырында пошта жәшігі арқылы қашып шыққаны кімді де болса қызықтырары сөзсіз.

Осынша сан қилы әрі қызық тағдырдың иесі – Реджи Спирс. Ол жеңіл атлетикада едәуір абыройы бар спортшы еді. Тек... тек 1964 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін іріктеу кезеңдерінен өте алмады. Ауыр жарақаты осылайша оның жолын кесе жаздады.

Жарақаттан айығып, қайта қалпына келу үшін ол үйіне қызы мен әйелін тастап, Ұлыбританияға кетеді. Жаттығудан бос уақытын текке өткізбес үшін әрі арлы-берлі жүріп тұруға, тамақ ішуге қажетті қаражатын табу мақсатында ол әуежайға жүкші болып жұмысқа орналасады. Бұралаң тағдыр жолы спортшыны осы тұста тағы бір сынап көруді жөн көрген. Оның қалтасындағы тапқан табысы, бүкіл құжаты жұмыс кезінде қолды болады. Шеттен келген кірменің жанайқайын тыңдар құлақ табылмаған соң, Спирс те сорасын ағыза беруді доғарды. Бір ғана жол бар. Ол - қалай да бұл жақтан шығып кету.

Асығуының себебі

Құжатсыз шетел азаматын ұшаққа немесе пойызға мінгізбек түгілі абақтыға жауып тастайды. Енді қайтпек керек? Спирс ойлана бастады. Есіне түсті. Қол шапалақтап орынынан атып тұра жаздап барып, сабасына әрең түсті.

Қызының туған күні жақындап келеді. Ал найза қадаушы әке қызының өмірге келген күнінде оның жанында болуға уәде берген. Әкелік жауапкершілігіне беріктігі соншалық, Спирс құйтырқы амалын іске асыруды көздеді.

Ол жүк тасып жүргенде жан-жануарларды поштамен қалай жіберіп жатқанын талай көрген. Неге сынап көрмеске, адамның мақұлықтан қай жері кем? Міне, осы сұрақ найза қадаушының санасына найзадай қадалып жатты.

Бұл аймақта оның бар сенері, досы – Лондонда тұратын Дон МакСорли. Ойындағы құйтырқы тәсілін осы досына жұқалап жеткізіп көріп еді. Ол қос қолын көтере келісті. Екеуі ойласып алды-дағы ағаштан жәшік жасауға кірісіп кетті.

Бұл жәшік Реджи үшін құтқарушы жәшік не табыты болатын дүние еді. Екі қажеттіліктің де шындыққа айналу мүмкіндігі бірдей.

Жәшік жасалмас бұрын Спирс тірі жүктердің максималды көлемін білді. 1,5х0,9х0,75 деген көлемдегі жәшік Реджиге біршама тар болғанымен, амалдауға болатын еді. Жәшік ішінде Спирс шамамен ананың құрсағындағыдай кейіпте жатқан.

Қолайлы болуы үшін жәшік ішіне жұмсақ көрпе тасталды. Жәшіктің ішіне ыңғайлылық үшін жіп тұтқалар жасалды. Сонымен бірге, су құйылған және құйылмаған бөтелкелер, косервілер салынды. Бос бөтелке әжетхана рөлін атқармақ.

Ал кеттік, шап жәшігім!

Әуе жолында алып жәшікті тасымалдау қымбат екен. сол үшін достар қулыққа басты. Жәшіктегі тауарды австралиялық аяқ киім зауытына жіберілген сыр (краска) деп жазып, тасымал құнын компания төлейтіндей етеді. Ал шын мәнісінде Австралияда да, әлемде де ондай аяқ киім зауыты жұмыс жасамайтын.

Өздері әлгі жәшікті "Құтқару жәшігі" деп атады. Құтқару жәшігінің инструкциясы өте керемет жасалған. Алдынан да, артынан да ашылады. Ең кереметі – әлгі бос бөтелкені "ішіндегісімен" бірге тастайтын тесік те ойластырылған.

"Мен Лондон мен Париж арасында жәшіктен шықтым, өйткені, дәретанаға барғым келді", - деп жазады Спирс өзінің мемуарлық туындысында.

"Бұған дейін мен бөтелкеге дәрет сындырып, шыққан кезде оны жәшіктің үстіне қоя салғанмын. Сыртқа шығып, ұйып қалған денеме қан жүгіртіп, керіліп-созылып тұрғанымда ұшақ төмен қарай құлдилай жөнеллді. Далбасалап жәшікке кіремін деп жүргенде әлгі жартылай бос бөтелкемді ұмытып кетіппін", - дейді Реджи өткен шағын еске алып.

"Тосынсыйды" әуежайдың жүкшілері байқап қалады. Бағына қарай, олар өзге нәрседен күдіктенбей, мұны британиялық әріптестерінің қалжыңы деп түсінді. Жай ғана боқтағаны болмаса...

Бомбейде де Спирске оңай соқпады. Ұшақтан ұшаққа ауысу кезінде оның жәшігін көтерген кран бас жағы қараған тұсымен жерге соға салды. Реджи есін жоғалтып алған еді. Ажал шіркін көлеңкеден сығалап тұрып, бұл пақыр үйіне жетсінші дегендей бұрылып кетті, абырой болғанда. Ал кран қасарысқан күйі оны көтеріп, күн шыжып тұрғанда тұлдыр көлеңкесі жоқ алаңқайға қоя салды.

Басы соғылғаннан кейін Реджи уақытты да, жерді де шамалаудан қалды. Отанына жеткенін тек жүкшінің боқтаған тілінен білді. Ал жәшік тұрған жер, жәшіктен Реджидің шыққан жері – шекаралық қойма болып шықты. Бұл – Перта қаласы еді.

Спирс жәшіктен шығып бой жазғанда көзі жанындағы бірнеше қорап сыраға түсті. Ол өмірінде спиртті дүниені ішіп көрмеген-ді. Бірақ бұл жолы адам айтса нанғысыз сапарын тойлау үшін ішіп көрді, бірнешеуін рюкзагындағы бос орындарға салып алды. Ендігі мақсат – әуежайдан шығу.

Жан-жағына жалтақтай көз салған Реджи қойма ішінде бірталай құрал бар екенін аңғарды. Сөйтті де көше жаққа қарап тұрған дуалды тесе бастады. Тенрезенің төменгі тұсын бірталай уақыт шұқылаған найза қадаушы ақыры дегеніне жетті. Өзі сиятындай саңылау жасап, көшеге атып шықты. Бітті! Бұл бостандықта! Айқайлап қуанғысы келді. Бірақ өзінің еңселі ұшақтан траппен түспегенін есіне алып, бұл райынан жедел қайтты.

Көшеде қол көтерген жолаушыға алғаш кездескен көлік-ақ оны қалаға дейін алып кетуге келісті. Жүргізушіні сырамен сыйлаған Реджи

Рюкзактағы киімдерін ауыстырып киген Реджиге Аделаидаға жету қиынға соққан жоқ. Жолшыбайлатып жүріп, өз қаласына жетті. Ең басты мақсаты жүзеге асты. Ол қызының туған күніне уақытыл үлгеріп келді.

Алғашында әйелі оның айтқан сөздеріне сенбей қойған. Ал Спирстің өзі таңғажайып сапары осымен тәмәм, енді тыныш өмір сүрем деп ойлаған. Тек... тек Джон МакСорли байғұс жасаған тірлігі ішіне сыймай, күллі журналистерге ақпаратты таратып жіберіпті. Таратқанда қандай?! Алдын ала жасаған жоспарларының бәрін тарқата айтып берген. Ал журналистер мұндай эксклюзивті сұхбатты құр қалдырсын ба?!

Осылайша, Спирс үйінде шалқайып жатып, атақты адамға айналып шыға келді. Ал мұны білген әуежай басшылығы тасымал құнын Спирстен алуды қажетсіз деп санады.

Жолы болған найза қадаушы осыдан кейін спортқа қайта оралмады. Әлгі құрығыр атағы оның кеңседе жұмыс немесе алаңда жаттығу жасауына кедергі болып тұрып алды. Реджи есірткі тасымалдаушыға айналды.

Наркокурьер

1981 жылы оның Аделаида қаласында жүруге жай ғана мүмкіндігі қалмады. Амалсыздан қашуға тура келді. Араға үш жыл салып, ол 1984 жылы Шри-Ланкада ұсталды. Ұсталған уағында сот Реджиді өлім жазасына кескен. Бірақ ол қарсы шағым беріп, шағымы сотта жеңіске жетті. Сөйтіп, сот шешімімен өз еліне жеткізіліп, сонда бес жыл түрмеде жатты.

Қызықтырады...

Мына нәрсе әке тәрбиесінің отбасыдағы рөлінің аса маңызды екенін айқындай түседі. кішкентайынан спортқа қызығып, әкесіне жабыса жүріп жүгіретін Реджидің қызы 2011 жылы есірткі өнімдерін саудалау мақсатында тасымалдауға ұмтылды деп айыпталып, алты жылға түрмеге кесілді.

Ал Реджи болса, 2014 жылы МакСорли екеуінің авторлығымен "Қораптан шыққан контрабандист-чемпионның шарықтауы мен құлдырауы" деген кітапты жарыққа шығарды.

Фотогалерея

найза лақтырушы

қорап іші

әуежайда

сұлбасы

Аударған: Әділет Мәдениет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар