Әйгілі ресейлік «Голос. Дети» музыкалық байқауының шеф-редакторы Александр Подъяпольский жүрек талмасына ұшырап, жан сақтау бөлімінде жатыр. Ол туралы әйелі Алена Бородина, Instagram парақшасында бөлісті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Әйелінің айтуынша, Подъяпольский мәскеулік ауруханалардың біріне жатқызылған. Сондай-ақ Алена Бородинаның ойынша, күйеуінің мұндай жағдайға ұшырауына соңғы кездері көп күйзеліске түсуі себеп болып отыр. «Күйзелістің салдары өзінікін алмай қоймайды», - деп жазды Бородина. Науқастың қазіргі жағдайы жақсарған.
Естеріңізде болса, «Голос. Дети» шоуының ақтық сыны 26 сәуірде аяқталып, арты үлкен дауға ұласқан еді. СМС арқылы дауыс беру нәтижесінде әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың қызы Микелла байқауда жеңіске жеткен болатын. Алайда көрермендердің көпшілігі берілген жүлделі орындарға келіспейтіндерін айтып, Абрамованың жеңісін теріске шығарды.
Бірінші арна ұжымы дауыс берудің шын мәнінде "қиын" өткенін мойындады. Оның мән-жайын анықтау үшін арна қызметкерлері кибершабуылдарды зерттеумен айналысатын Group-IB компаниясын осы іске тартқан болатын.
Естерңізге сала кетсек, бұл байқауға Қазақстанан Ержан Максим де қатысып, ақтық мәреге дейін жеткен болатын. Музыкалық байқауда Ержан Максим екінші орын иеленді.
Сонымен қатар, бұл дауға «Голос» (The Voice) музыкалық шоуының түпкі иесі нидерландтық Talpa Media Holdings компаниясы да алаңдаушылық білдірген.
Ұсынған: Маржан Сәбет
Пікір қалдыру