Жанар Байсемізова бірер күн бұрын инстаграм желісіндегі парақшасында ораза амалының Құранда жоқ екенін жазып, көпшіліктің қызу сынына ұшырады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі тележурналист, "Шетелдегі қазақ балалары" атты авторлық жобасымен көптің көңілінен шыққан Жанар Байсемізова бүгінде көпшілікке рухани азық сыйлайтын мотиватор ретінде танылып жүрген еді. Әлеуметтік желідегі 125 мың оқырманын түрлі пайдалы кеңестер мен жағымды жаңалықтарымен қуантып жүрген тележурналистің соңғы жазбасы көпшіліктің шамына тиді.
Атам заманнан қазақ халқы бес парыздың бірі деп, отыз күн тұтып келе жатқан оразаны жоққа шығарып, он күн ұстаса де жеткілікті деген тележурналисті қалың оқырманы түрлі пікірмен сынап жатыр.
Мұның алдында да будда дініндегі әлдебір сенім туралы сөз қозғай келе, "7-мамыр -осы жылдағы ең ғажайып күн. АКШАЯ-ТРИТЬЯ деп аталады" деп, ол күні не істеу керек, қандай амал жасау керектігін тікелей эфирде айтамын деп, тағы да сынға ұшыраған болатын.
Өзінің басқа діни ағымда екенін жазбаларынан байқатып қойды деген ой кейбір оқырманның көкейінде туындағаны анық.
Қалың сыни пікірдің астында қалған Жанар Байсемізова бұл жазбаны белгілі бір сары басылымнан көшіріп алғанын айтып, тіпті сілтемесін қалдырған. Алайда, сілтеме бойынша кірсең, ешнәрсе таппайсың.
Жанар ханымның дәл ораза кезінде жазған бұл жазбасын көпшілік "жауды сыртта десек, өз ішімізде екен ғой" деген ой түюге итермеледі. Қарапайым халық пен елге белгілі өнер адамдары да Жанар ханымның бұл әрекетін теріс пиғылға балады.
Жазбаның астарында жазба авторының да ойы жатқаны онсыз да түсінікті. Өйтпеген жағдайда, ол бірнеше жағымсыз пікірден кейін-ақ жазбаны алып тастар еді.
«Ертең бір ойыңызды жинақтап пост шығарасыз деген үміттемін. Мына жазба сіздікі емес. Сіздің жазбаларыңыз Аллаға жақын. Және былтыр өзіңіз ораза ұстап, оны 10 күн емес 30күн ұстағаныңыз анық есімде. Биылда солай болар», «Жанар ханым, жоқ жерден жаңалық ашу ұнайды-ау сізге... Онсызда екі ойлы боп жүргендер шын қабылдап қалып, қанша адамды адасуына себеп боп қалмаңызшы... Ораза- бес парыздың бірі», «Мынаны xайп көздеп жазсаңыз да... Ақылсыздықтың ең жоғарғы сатысында жаздыңыз!», «Мынау таза алжудың алдындағы синдром. Алла сақтасын мұндай адасудан»- деген пікірлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.
Ал, бұл пікірталасқа айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева «Ораза Алланың парыз еткен амалы» деп өз пікірін қалдырып, психолог Құралай ханым мен журналист Асхат Садырбай сабырға келіп, бұл жазбасын желіден алып тастауын өтініп: «Қайырлы күн! Менің жазған соңғы постымды оқыңыз да бұл постты өшіре салыңыз. Алла кешірсін», «Жанарик мына постыңды алып таста»,- деп өтініш жазған. Алайда, Жанар Байсемізованың инстаграм желісінде тікелей эфирде айтқан сөзіне қарағанда, бұл жазба ешқашан өшпейтін сияқты. Дегенмен, қарапайым халықтың да, мыңдаған оқырмандарының да, танымал тұлғалардың, таныс, жанашырларының да сөзіне құлақ аспаған Жанар ханым: «Менің жазбамның астына танымал адамдарды белгілемей-ақ қойыңыздар. Олар өздерінің әнін айтып, жұмысын жасап жүре берсін. Постты алып таста деп өтініш айтқандар: Бұл жазба сол жерде қалады», -деді.
Әрине, ақиқаты Аллаға аян. Дегенмен, мұндай салмағы ауыр жазба салмас бұрын тележурналистің де он ойланып, жүз толғанғаны рас-ау. Тек бір сұрақ: көздегені не, хайп па, лайк па? Мұнысы өзіне айып па, әлде аузына қарап, әр сөзін жақұт санап жүрген қалың оқырманына айып па?
Онсыз да ойы сан-сақта адасып, дін дегенде үрке қарап жүрген қазақ үшін бұл да бір соққыдай тигені анық. Ізіне еріп жүргенің далаға емес, молаға сүйреп бара жатқандай күй кешкен оқырмандары енді не істер екен? Жанар ханымның жазбаларын ары қарай оқи бере ме, әлде әлдеқашан жазылушылары қатарынан шығып кетті ме?
Ұсынған: Мақпал Сембай
Пікір қалдыру