«Байқоңырдың» болашағы бар ма?

/uploads/thumbnail/20170708151002241_small.jpg
«Байқоңыр» ғарышжайы моральдық жағынан ескірді» деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин. Ол Ресейдің өзінде салынып жатқан ғарышжайдың болашағына сенім білдірді. Ал қазақ жеріндегі ғарышжайдың келешегі қандай болмақ?

Ғарышкерлер күнінде Путин Амур облысындағы «Восточный» ғарышжайында болды. Ол жаңа ғарыш алаңында кеңес дәуірінде салынған «Байқоңырмен» салыстырғанда ең жаңа технологиялар қолданылатындығын мақтанышпен айтып, оның экономикалық жағынан да өздеріне тиімдірек екендігіне тоқталды. Бұған дейін Ре­сейдегі Ғарыш саясаты институтының жетекшісі Иван Мои­сеев ресейліктер өз ғарышжайын салып, «Байқоңырдан» кеткен жағ­дайда Қазақстан маман тапшылығынан ғарыш айлағын өздері игере алмайды деп мәлімдеген. «Восточный» іске қосылған жағ­дайда қазақстандық ғарышжайдың жағдайы қалай болмақ? Уәлихан ТӨЛЕШЕВ, Халықаралық бизнес академиясының профессоры: – Ғарыш саласындағы жоғары білікті мамандарды ешкім даярламайды. Олар жақсы механиктер, инженерлер, конструк­торлар арасынан шығады. Қазір біраз жастар шетелде оқып жатыр. Оған қоса, оларды өзімізде техникалық университетте даярлауға болады. – Ондай мамандар даярлайтын оқу орны бар ма? – Байқоңырдың өзінде әлемдік деңгейдегі мықты техноло­гиялық университет салынуы тиіс. Себебі ондай мамандарды әзірлеуде шынайы ғарыштық жағдай, технологиялық мүмкіндік­тер есепке алынуы керек. Осындай университет ауқымында әртүрлі ғылыми-зерттеулер жүргізіп, математикалық, ғарыштық, аэродинамикалық және тағы басқа мектептер ашуға болады. Егер орталықтар, зертханалар жұмыс істесе, ғарыш саласындағы өз өндірісімізді дамытуға жол ашылады. – Ал ғарыш саласының инженерлері даярланғанша ғарыш­жайда жұмыс істейтін мамандарды қайдан аламыз? – Сингапур техникалық бағытта әлемдегі үздік мамандарды өзіне тартуға тырысады. Оны неге біз істей алмаймыз? Байқоңыр Королев, Курчатов сияқты арнайы қалаға айналса деп ойлаймын. Мәселен, АҚШ-тағы «силикон алқабында» жоғары технология­лық компаниялар шоғырланып, әлемдік жетекші университет­- тер жұмыс істейді. Байқоңыр да еркін сауда аймағына айналып, онда ғылыми-техникалық орталықтармен қатар, жаңа өнер­кәсіп салаларын дамытуға болады. Бұл жерге үздік шетелдік мамандарды, тек ресейліктерді ғана емес, француз, америкалық зерттеуші­лерді неге шақырмасқа? Мысалы, украиндықтармен бірге «Зенит» зымыран тасығышын өзімізде жасап шығаруды бастаған жөн. «Байқоңырдың» болашағы бар. Ол үшін алдағы он жылда қуатты ғылыми-техникалық кешенді қалыптастыруымыз керек. – Ресейліктердің «Байқоңырдан» кетуі мүмкін бе? – Өзара байланыстарымызды сақтай отырып, біртіндеп бұл саладағы қарым-қатынастарды қайта құрған жөн. Өйткені біздің жерімізді жөнсіз пайдалана беруге болмайды. Ынтымақтастық болғаны абзал. Жерімізді олар өз кәделеріне асырумен бірге, ға­рыш саласындағы зерттеулерге қазақстандықтарды да қатыстырып, мамандарды даярлау ісіне қолғабыс жасауы қажет. Ғарыш сала­сында келісімдер басқа салалардағы байланыстырымызға өз әсе­рін тигізеді.

Дайындаған Айжан КӨШКЕНОВА

"Айқын" газеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар