Орысым түсер ойыма...

/uploads/thumbnail/20170708151002003_small.jpg
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Алматының атын қайтару туралы бастама көтерді. Оның ойынша, «Алма-Ата» деген әуезді естіледі, оны айтқанда «көз алдыңа суы сылдырап аққан арық, дәмі тіл үйірген алма, таудың салқын самалы келе қалады екен».  Мүмкін...

Әңгіме Матаевта тұрған жоқ. Әңгіме – Алматы деген әдемі атауды орыстілді өз қазақтарымыздың сіңіре алмауында тұр. Кез келген қазақтықты қазақ баласының қабылдай алмауында тұр! Конституцияның жаңа жобасын қабылдаған кезде «Қазақстанның астанасы – Алматы қаласы болып табылады» деп жазылып кетіпті-міс. Оған «Елбасы да мән бермепті, отбасындағы күңкіл-шүңкіл әңгімеде осыған қатты өкінген» көрінеді... Енді орысша «Алма-Ата», қазақша «Алматы» деп атай берейік те деген ұсыныс тастапты. Не деген данышпандық, не деген көреген ұсыныс. Біздің қазақ қанша тәуелсіз, егемен ел болдық деп өзін алдарқатқанымен ешқандай да тәуелсіз, ешқандай да егемен ел емес екен. Құлдық сана қазақтың миына, қанына, жүрегіне, болмыс-бітіміне әбден сіңіп қалған екен. Ақыры өзгертетін болсақ, Алматыны – «Нур Алма-Ата» деп неге бір-ақ өзгертпейміз?! Тіпті төлқұжатымызға «қазақ» деп жазып, несіне әуре болып жүрміз. Несіне тәуелсіз елміз деп тепсінгенде жерді айырып жібере жаздап, күшеніп жүрміз босқа?! Одан да ақыры үш орыстың одағы – ақорыс, сарыорыс, қараорысқа неге көше салмаймыз? Ақорыс – беларусь, сарыорыс – кәдімгі орыс, қараорыс – біз, қазақтар. Түріміз – қара, тіліміз – орыс. Тамаша емес пе?! Отаным десем, кең-байтақ. Орысым түсер ойыма! Құдайберген КОРЧАГИН "Айқын"  

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар