Қоңырау соғылды. Бірін-бірі итерген балалар өз сыныптарына асықты. Ығы-жығы. Ұлар-шу. Бекнұр өзге сыныптастарынан ішке бұрын жетті.
Кітап, дәптерін шығарып, партаның үстіне қойды.
– «Қазір қандай сабақ?»- деген Жандостың сұрағына «Әдебиет» деп қысқа қайырды. Есік ашылып, ішке мұғалима кірді. Орындарынан тұрған оқушылар сілтідей тынды. Жауыңгерден аусайшы! Бәрінің көзі мұғалимада, мынау мұғалима емес, сүгірет қой! Жап-жас. Бота көздері күлімдеп қарап тұр. Қараңғы бөлмеге ай сәулесі түскендей, жоқ, ай сәулесі емес, күннің нұры шашылғандай. Ғажап! Енді сол сәуле мынау жас жүректерге тарайтындай... Тарасын. Көзінен мейірім төгілген ұстаз сыныпты түгел шолып шықты да:
- «Сәлеметсіздер ме, балалар!» деп саңқ етті. «Сәлеметсізбе!» деген дауыс сынып ішін жауып кетті...
Терезеден тауға қарап Бекнұр ұзақ отырды. Мазасы жоқ. Ойы шашыраңқы. Көз алдына ұстазы Меруерттің бейнесі келе берді. Ғажап адам. Ұстаз болсаң - осындай бол! Не деп еді? – Сендер елдің болашағысыңдар! «Мен жастарға сенемін!» деп айтқан Мағжан аталарыңдай мен де сендерге сенем,- деп нық айтты емес пе? Меруерт апай солай айтқанда, Бекнұрдың сол жақ кеудесі шымыр етіп, бойын бір ыстық леп шарпып өткен. Сенімін ақтауы керек, қалайда. «Сеніңіз!» деп саңқ етті Бекнұр. Айтты да, өз дауысынан өзі селк етті. Дәл қазір қасында ешкім жоқ болса да, ол өзінен-өзі ұялып қалды. Тағы да қағазға үңілді. Ұстазы бүгінгі сабақта оқушыларға еркін тақырыпта көлемді шығарма жазып келуді тапсырған. Осы көркем шығарма арқылы оқушыларының көркем әдебиетке бейімділігін, дүниетанымын, қабілет, парасатын анықтап алатындығын да айтқан. Бекнұрдың ғана емес, бүкіл 7 В сыныбының оқушыларының бәрі Меруерт апайдың көзіне түскісі келетіні анық. Ендеше, іздену керек осал шығарма жазуға болмайды, оқығанда жұрт елең етіп, ұстазы арқасынан қағып, басынан сипауы керек.
Қолына қаламын ұстаған Бекнұр бөлмені кезіп, терезеден тауға қарай берді...
...
Сол бір жаз жаңбырлы болды. Ауыл Күншалғанның етегінде. Күншалған Ерейментау өңіріндегі шығыстан қызарған күннің қызыл шапағы ең бірінші түсетін биік тау. Шығыс сілемі Ерейментау мен Баянауыл тауларына ұласса, оңтүстігі Қарқаралы, Ақсоран тауларымен жалғасып, солтүстік батысы Бурабай, Көкшетау, Самалтауларға адыр, қырат белдер арқылы байланысатын атақты Күншалған осы! Маңайы құз, жартас, тасты бұлақ. Айналасы шоқ-шоқ тоғай, селеулі дала, адырлы қыр, ар жағы жыныс орман. Ауасы саф. Бұл жер неше түрлі аң мен құстың мекені.
Қозышы екі бала тау бөктеріне қозыларын қаптатып жіберіп, тастан-тасқа секіріп, егіз лақтай ойынға басты. Жапар мен Сапар рас егіз еді. Жұптары жазылмайтын. Олардың ермегі неше түрлі мүсінге ұқсайтын тау тастары болатын. Тастан үй де, машина да жасап алып ойнайтын. Ойындары бір қанған емес. Үйлеріне қарудың неше түрін жинайтын. Жебе, садақ, қылыш, найза, мылтықтың бірнеше түрін тастан қашап, суыр, борсық, құс атып қиялданатын. Бұл Сапар мен Жапардың күнделікті ойындары. Екеуі биыл жетіге толды. Жас болса да, арманшыл ауыл балалары. Біршама ойнаған екі бала шөлдеді. Бағып жүрген қозыларын қарап еді, бұлақты жағалап жусап жатыр екен. Тойған қозылар бырт-бырт күйіс қайырады.
- Жапар, кел, қымыз ішеміз,-деді Сапар. Әжесі құйып берген балдай сары қымызды екеуі кішкентай қоржындарынан шығарып, асықпай мейірлене сімірді. Қымыз іше отырып, тайларын, аттарын, иттерін, қаруларын мақтады.
Екеуі де тақияларын қолына ұстап, сөйлеп отыр. Енді тақия мақтау сайысы басталғандай:
- Менің тақиям әдемі, деді - Жапар.
- Қалай әдемі? Сенің тақияң оңып барады деп қарсыласты Сапар.
- Күн көзі жеп ағарғаны рас, бірақ түсі таудың тасы секілді деп ақталды, Жапар.
Таудың тасы деген теңеуге ойланып қалған Сапар, лезде сөз тапты да:
- Қара, Күншалғанның басы менің тақияма ұқсайды деп, атып тұрып тақиясын көкке лақтырып қағып алды.
Жапар Күншалғанның басына қарап тұрып қалды...
Бұлар үшін әлем де, дүние де осы туған ауылы - Күншалған. Ұландар туған жеріне тамыр байлап өсіп келеді. Тамырлансын! Тамыры мықты, терең ағаш қана көктеп, бәйтерекке айналмай ма?
Бүгін күн бұлтты, тымырсық еді. Күншалғанның биік бастарына шөккен бұлттар сейілмей қонақтап жатып алды. "Басынан биік таудың мұнар кетпес" деген осы. Күншалған аласа болса, басына ақиық бүркіт ұя салмас еді, бура бұлттар қонақтамас еді. Биікке - қыран да, бұлт та, сөз де үйір. Такаппар тау ештеңені елемей маңғаз тұр. Аласармайды. Аласармасын! Егер Күншалған аласа болса, бұғы, марал, арқар, құлжа, тауешкі мекен етпес еді.
Екі бала қымызға бөртіп әңгіме шертіп отырғанда, қозылар қойжуалы белеңге шығып кетіпті. Белдің ар жағы қалың орман. Орманға уақ мал бір кірсе, табу да, орманнан айдап шығу да қиын. Сол орманда қоңыр аю мекендейді. Балаларға қорқыныш та сол. Тау етегіндегі тайларына мінген Сапар мен Жапар қозыларға қарай тұра жарысты. Күрең қасқа тай мінген Жапарды қарагер тайлы Сапар қуып жетті. Екі тай қатарласып қыратқа шауып шықты. Қозыларды кері қайтарды. Бұл таудың екінші аңғары еді. Міне, қызық! Таудың екінші аңғарында үлкен қара тастың үстінде сілейіп жалғыз бір аң тұр. Екі бала аңтарылып қалды. Не екенін алыстан ажырата алмады. Үрей де бар. Қасқыр ма деген. Тілге бірінші Жапар келді.
- Аю?
- Қайдағы...
- Қасқыр?
- Жоқ...
Қасқырда мүйіз болмайды.
- Ендеше, арқар,-деді Сапар.
- Жоқ, бұғы?
- Жүр, жақындап барайық!
- Аю болса қайтеміз?
- Тайымыз жүйрік, аюға да, қасқырға да жеткізбейді,- деп бөсті Жапар.
Екеуі аяңдап ақырын жақындап еді, аң бір қарады да қойды. Тіпті үріккен де, үрейленген де жоқ. Аң үрікпегеннен кейін қозышы екі бала үрейленіп қалды. Тағы да жақындауға дәттері жетпеді. Екеуі қысқа әңгімелесті. Ақыры бұл оқиғаны үйлеріне айтуға келісіп, тайларына қамшы ұрып ауылға тұра шапты...
Құныперем, сатыр-сұтыр үйге шауып келе жатқан екі ұлды өреге құрт жайып жүрген әжесі Баян қарсы алды. Тайдан секіріп түскен екеу әжесіне тұра жүгірді.
- Әже, біз аю көрдік...
- Жоқ, қасқыр секілді?..
- Қасқыр емес, арқар, не бұғы?
Естері шыққан екі немересін әжесі әзер тоқтатты. Тоқтатты да:
- Ауылға жақындағанда орыс құсап неге шабасыңдар, бұл жаман ырым, келер жолы қайталамаңдар,- деп ескертті. Сосын немерелерінің қылығына күліп, кекілдерінен сипап, шалап құйып берді. Шалапты асығыс жұтқан екеуінің аптықтары басылмай көрген аңдарының не екенін білмей әлі дауласып отыр. Сырттан үйге егіз ұлдың анасы Үміт кірді. Сапар мен Жапар жамырап аналарына болған оқиғаны айтып берді. Үйде ер адам жоқ еді. Күллі ауыл азаматтары аудан орталығында өтетін Бөгенбай батырдың 330 жылдық ас беру тойына кеткен. Жүйрік ат баптайтын әкелері де сонда.
Үміт – ақша жүзді, шырайлы, қыр мұрынды, иықты, өңді жан. Әйел демесең, анау-мынау еркегіңнен мықты, қарулы. Оның атқұмарлығы, асау үйреткені, ержүректілігі аңыз бұл елде. Атақты жылқышы Талғаттың қызы. Құрық ұстап, асау бұғаулап, арқан тастайды. Егіз ұлы Сапар мен Жапардың әңгімесіне анасы елеңдеп қалды. Соны байқаған екі ұлы "қап, әкемнің үйде болмағанын қарашы!" деп сандарын соғып отыр. Үміт енесіне қарады. Келінінің жанары жайнап тұр екен. Сұңғыла ене бетін қаққысы келмеді.
- Барып, көріп келіңдер, айналайын,- деп, тысқа шығып кетті.
...Түні бойы жауған ақ жауын толастады. Таң бозарды. Күншалғанның жақпал-жақпал тастарына тығылып тұрған тауешкілерге жан бітті. Дүр-дүр сілкіне бастады. Таутекелер маңғаз биіктен қарайды. Бөрте лақтар енелерін түртіп еміп жатыр. Ешкілер де өз заңдары бар, табиғат заңдылығын бұзуға ешкімнің де құқы жоқ. Кім бұзса, сол қатаң жазаланады. Табиғатта бәрі де баба ғұрпына бағынады. Егіз лақ ерткен бөрте ешкі секіріп таудан ылдиға түсе бастады. Қалғандары үнсіз ілесті. Тек таутекелер ғана артта келеді. Жаңбырдан ширығып қалған ешкілер тас бұлақты кесіп бірден жусанды белге тартты. Бөрте ешкі бастап, ор текелер бақылап, тауешкілер өте сақ келеді. Шоқ орманның жанын қиып өте бергені сол еді, бұғып жатқан сілеусін алда асыр сап келе жатқан егіз лаққа тап қойды. Ортеке пысқырып, тауешкілер дүр етті. Бөрте лақтар да барын салды. Сілекейі шұбырған сілеусін де қалар емес. Бәрін бақылап келе жатқан ортеке ерлікке барды. Бөрте лақты тақымдап қуып жетіп қалған сілеусінді бүйірлеп кеп артқы жамбастан бір сүзді. Ор текенің оқыс әрекетін бақылап үлгерген сілеусін де шапшаң қимылдап, артқы санынан қауып қалды. Жеткен теке сілеусіннің аузынан оңай құтылды. Ешкілер де, бөрте лақ та Күншалғанның тасына өрмелеп, биігіне шығып үлгерді. Сілеусін, сілекейі шұбырып, жемсіз қалды. Ерліке барған ор текенің сілеусін тістеген жарасы күннен-күнге асқына берді...
Ердің астына өрмелі қайыс арқан орап, кертөбелге мініп, қасына екі ұлын ертіп, Үміт келгенде екі баласы көрген аң орнынан әлі қозғалмапты. Үміт бірден таныды. Жеткен таутеке таста қалшиып дара тұр. Жаралы-ау, жануар. Ол екі ұлына тау жақтан барып, текені ылдиға қарай үркітуді тапсырды. Өзі аттан түсіп, қайыс арқанды қолына алып шалма құрды. Аттың айылын дұрыстап тартты. Егер таутеке сәтін салса, ойға қашуы керек. Тайларын таудың етегіне қалдырған Сапар мен Жапар сыбырлап сөйлеп, баспалап басып, таутекенің артынан барып үркітті. Теке одырайып бір қарады да, пысқырып тұра қашты. Үміт кер төбелге қамшы басты. Жаралы болса да, теке жүйрік екен. Құлағының түбінен тер шыға кертөбел көсілді. Үміт текені қуып жетті. Қуып жетті де, арқанды иіріп лақтырып кеп қалды. Арқан текенің мүйізімен бір аяғын орап түсті. Үміт тақымға баса қойды. Кертөбел сенделіп кетті. Теке омақасып құлады. Тайларына мінген Сапар мен Жапар да шауып жетті. Екі езулері екі құлағында, аналарын құшақтап мәз. Үміт текенің жарасын бірден көрді. Үшеуі таутекенің мойнына арқанды күрмеп байлап, ауылға алып келді.
Үміт пен екі ұлының ерлігі бүкіл елге жайылып кетті. Ду-ду, гу-гу әңгіме. Әңгіме емес, аңыз. Ана арқанмен ұстаған тірі таутекені келіп көрушілер, телеарнаға түсірушілер, журналистер қаптады. Таутекені Үміт қос ұлымен бірге аялап күтті. Жарасына қу сүйек қыздырып басты. Жарасы жазылғанмен таутеке қолға үйренбеді. Малға қосылмады. Қойдағы ең үлкен сұр серкені бір сүзіп, талдырып тастады. Күн санап жүдеп, Күншалған тауына қарай берді. Түзде еркін өскен қоңыр аңды, қораға қамап ұстауға болмайтынын білген ана егіз ұлын қасына алып, таутекені жетелеп Күншалған тауына келді. Ақ шүберекке өшпестей боп жазылған "ЕРКІНДІК ЖАСАСЫН!" деген жазуды ортекенің мүйізіне мықтап байлады. Жапар мен Сапар ортекені сипап еді, теке де бұларға еркелеп басын сүйеп қасынды. Үміт текенің мойнындағы байланған арқанды шешті де, қос ұлына қарап былай деді:
- Қыран бүркіт қартайса зеңгір көкке ұшып шығады да, қанатын қомдап, бар екпінімен зулап кеп, өзін-өзі тасқа соғып өлтіреді.
-Неге,- деді жарысып Жапар мен Сапар?
-Қырандар, қарға секілді тышқан аулап күн кешпейді, -деді Үміт.
-Ал, таутекелер қартайса қайтеді деп сұрады егіздер?
-Таутекелердің де тағдыры қырандармен ұқсас. Қартайған текелер биік құзға шығады да, құздан өзін лақтырып мерт болады. Қартайып, ит пен құсқа жем болудан арланса керек!.. Неткен тектілік! Аң мен құста бүркіт пен таутекедей текті, батыры жоқ шығар. Біреуі көк аспанның еркесі, біреуі биік тау мен құздың серкесі. Туған жердің көркі, Күншалғанның киесі болған жануарым, бар енді деп, тебіреніп сөйлеп Үміт ор текенің арқасынан сипады. Арқаннан босаған таутеке ақырын басып Күншалғанның биігіне өрмелеп бара жатты. Аналарының тебіреніске толы сөзі Сапар мен Жапарды қатты толқытты. Екеуі енді ғана аң мен құстың сырына қаныға бастағандай.
Қыран мен таутекенің ерлігіне сүйсінген қос ұлан «БІЗДЕ ЕЛДІ ҚОРҒАЙТЫН БАТЫР БОЛАМЫЗ!» деп іштей өз-өздеріне серт берді.
Егіз ұлын екі қолтығына қысып, бауырына басқан ана таудың етегінде қол бұлғап тұрды...
... Бекнұр шығармасын оқып болғанда, тебіреніп тыңдап отырған Меруерт апай жылап жіберді. Мейірлене кеп арқасынан қағып: "Міне, азамат, жарайсың!" деді.
Балалар ұзақ қол соқты...
Ербол Бейілхан
Пікір қалдыру