Қазақ-армян қарым-қатынасында қандай тарихи байланыс бар?

/image/2019/06/14/ed8e7fb80c76c624cc3fd6da0dbaf0c2_xl.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада жергілікті журналистерге берген сұқбатында Қазақстан мен Армения Республикасының арасындағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынасқа  байланысты қойылған сұраққа: «...Біздің Армениямен тарихи, тіпті тілдік жағынан да ортақтығымыз мол. Сондықтан мен ынтымақтастық қарым-қатынастың болашағына сеніммен қараймын. Біздің тарапымыздан, Қазақстан жағынан, өзара қарым-қатынасты нығайту үшін мүмкін болған барлық жағдай жасалатынына күмән келтірмеңіздер», - деп жауап берген еді.

[«У нас очень много общего, между прочим, с Арменией с точки зрения истории и даже языка. Поэтому я с оптимизмом смотрю на будущее сотрудничество. Не сомневайтесь, что с нашей стороны, со стороны Казахстана, будет делаться все возможное, чтобы укреплять сотрудничество»]

Осы мәселенің төңірегінде әлеуметтік желілерде «Оңтүстік Кавказдағы Армения мен Еуразиядағы Қазақстанның арасында қандай байланыстар болуы мүмкін?» деген түрлі пікірлер айтылуда. Тіпті кейбір өзге елдің азаматтары бұдан саяси астар іздеген пікірлерін де жариялауда.

Қазақстан Президенті өзінің журналистің қойған сауалына берген жауабында не айтқысы келді? Қазақстан әлемнің алыс-жақын барлық мелекеттерімен достық қарым-қатынаста екендігін және оны одан әрі жалғастыра беретіндігін Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды концепциясында атап көрсеткен болатын. Армения Республикасымен де осындай өзара ынтымақтастық қарым-қатынастардың да жалғаса берері сөзсіз. Бұған 2010 жылдан бергі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Ереван мемлекеттік университеті арасындағы өзара байланыстың нәтижесінде магистранттар мен аспиранттардың Қазақстан мен Арменияда тәжірибеден өтуін мысалға келтіруге болады. Ереван мемлекеттік университетінде «Қазақстан тарихы мен мәдениеті» деп аталатын арнайы кабинет жасақталып, онда қазақтың даналары Абай, Ыбырайлардан бастап, кешегі Алаш арыстарының портреттері ілініп, еңбектері қойылумен қатар, М. Әуезовтен бастап қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары жинақталған. Ол жерде университет студенттеріне қазақ тілі үйретіліп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінен, Қазақстан тарихынан арнайы дәрістер оқытылады. Университеттің аспиранты Шушан Хачатрян қазақ тілін меңгергендігі сондай – М. Әуезовтің еңбектерін түпнұсқасынан оқып, осы тақырыптағы диссертациялық жұмысын аяқтап, қорғауға дайындалуда. Сөйтіп, армян жастары арасында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, қазақ тіліне қызығушылық туындап отырғанын көреміз.

Ал екі ел арасындағы «тарихи, тіпті тілдік ортақтықтарымыз мол» дегенде Қазақстан Президенті Кеңес Одағының құрамында болған елдердің 70 жылдық ортақ тарихымен қатар, Қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың көне замандардан бастап кешегі орта ғасырларға дейін, ат тұяғы жеткен дүниенің төрт бұрышындағы елдермен түрлі қарым-қатынастарда болғандығын, ол елдердің тарихында, тілінде қалдырған іздерін айтып отыр деп түсінгеніміз жөн. Иә, армян тілі үндіеуропа тілдері тобына жататын тіл екендігі, ал қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын, жүйелері бөлек-бөлек тілдер екендігі мәлім. Ғасырлар бойына созылған түрлі тарихи-әлеметтік жағдайларға байланысты бір тіл екінші бір тілден, өзінде жоқ атауларды қабылдап дамитыны белгілі. Бір халықтың екінші бір халықпен байланысы жайындағы деректер жер-су, елдімекен атаулары, яғни топонимдермен қатар, адам аттарында (антропонимдерде), әсіресе тектерінде – патронимдерде сақталып қалады. Бұл әлем тілдеріне тән – құбылыс. Рас, әрбір мемлекет өзінің өткен тарихындағы мұндай өзге тілдің куәсі болатын атауларды өз тілдеріндегі атаулармен алмастыруға тырысады және алмастырады да. Бірақ жазба тарихи деректемелерден, түрлі карталардан көне деректерді көптеп табуға болады. Енді осымен байланысты ойларымызды ортаға салайық.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстанның әлемдік өркениеттегі орнын анықтауға арналған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында: «Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жəдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жəдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым əріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар жəне басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» - деп, Қазақстан тарихшыларының алдына жаңа міндеттер қойған болатын.

Түркі халықтары мен Оңтүстік Кавказдың тарихи-мәдени байланыстарының тамыры тереңге тартады. Ол жерлерде Көне дәуір сақтарынан бастап, ғұндардың, хазарлардың, оғыздар мен қыпшақтардың іздері тайға таңба басқандай сайрап жатыр. 

Шығысында Ертістен бастап, батысында Дунайға дейінгі Ұлы дала ортағасырларда Дешти -Қыпшақ аталып, оның тұрғындары айналасындағы алыс-жақын елдермен түрлі қарым-қатынастарда болғаны мәлім. Оңтүстік Кавказға, одан әрі Иран, Араб елдеріне түркі тайпалары Каспи теңізінің оңтүстігімен де, солтүстігімен де өтіп отырған. Стратегиялық жағынан ыңғайлы Оңтүстік Кавказ аумағы ғасырлар бойы түрлі соғыстардың алаңы болып қана қоймай, мәдениеттердің де тоғысқан аумағы болды.

Ортағасырлар армяндар тарихындағы ең қаралы дәуір болып есептеледі. О баста Иран мен Византияның қоластында болған армяндарды VII ғасырда арабтар жаулайды, одан кейін мұсылман селжүктердің қарауына көшеді. Грузин патшасы Давит ІІ қырық мың қыпшақ әскерінің күшімен селжүктерді ығыстырып шығарғаннан кейін, армяндардың бір бөлігі аз уақыт грузиндерге бағынып тұрады да, моңғол шабуылынан кейін Илхандардың бодандығында, Жалайырлардың, Аққойлы, Қарақойлылардың, кейін Қызылбас Сефевилердің билеуінде болады. Дербес мемлекеті болмай, жеке-жеке княздіктерге бөлініп вассалдық өмір кешкен олардың жерін 1048 жылы Ертұғырыл, ал 1064 жылы Алып Арыслан бастаған селжүктердің жаулауына ұшырайды. Селжүктер мен Византия арасындағы 1071 жылы тамызда болған Манаскерт шайқасында христиан әлемі ретінде сүйеу болған гректер ойсырай жеңілген соң, армяндар босып, жер-жерге тарап кетеді. Бір бөлігі Грузия мемлекетінің қарауына өтеді.

Грузияның Давит ІV патшасы 1118 жылы, қасына кеңесшілері мен нөкерлерін ертіп, Солтүстік Кавказды жайлаған қайын жұрты қыпшақтардан келіп көмек сұрайды. Сол жылы Шаруқанның ұлы Артық бастаған 45 мың үйлі қыпшақты Дарьял асуы арқылы Қап тауының арғы бетіне алып өтіп, Грузия жеріне, ру-руға бөліп орналастырады. «Грузия тарихында» әскери қызметке қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген ол қыпшақтардың екі жылдан кейін 40 мың атты әскер шығарғандығы, сондай-ақ, патша мен оның отбасын қорғайтын, монаспа деп аталатын, 5 мың адамдық ерекше гвардия құрылғаны айтылады [Картлис Цховреба-История Грузии. –Тбилиси, 2008].

Қыпшақтар Ширван патшалығы мен Арменияны селжүктерден азат етуде қыпшақ қосындары алмас қылыштай жарқылдап, біртұтас Грузия мемлекетін құруда ерекше рөл атқарады. Осы қызметтері үшін Давид патша оларды ел басқарудағы маңызды орындарға тағайындайды. Қыпшақтар Грузия мемлекетінде үлкен саяси күшке айналады. Давид ІV патша өлгеннен кейін (1125ж.) таққа отырған оның баласы Деметре І (1125-1156ж.), немересі – Георгий ІІІ кезінде қыпшақтар грузин патшаларына үлкен сүйеніш болады.

Қыпшақ әскерлерінің араласуымен Давид ІV патша, оның ұрпақтары Грузияға ұзақ жылдар құзыретін жүргізеді, жау қолында кеткен жерлерін қайтарады. Қыпшақтар мемлекеттің ішкі-сыртқы билігіне араласады, пәрменді лауазым тұтқаларын ұстайды.

Қазіргі Армения аумағын мекендеген қыпшақтарға тоқталар болсақ, Давид патша 45 мың үйлі қыпшақты қазіргі Арменияның Дилижан өлкесінен бастау алып, Грузия және Әзербайжан мемлекеттерінің жерімен өтетін Ағыстафа өзенінің аңғарына орналастырғаны мәлім. Өзеннің бұл аңғарында аталған үш ел де шектесіп жатқанымен, негізгі бөлігі Әзербайжанның Қазақ ауданына қарасты. Ағыстафа өзенін бойлап, армян жеріне өтсең Қыпшақ ауылы тұрған Артық ауданы таяқ тастам жер. Армян тарихшысы Т.С. Еремян қыпшақтардың бұл өлкеге қоныстануын  Георгий ІІІ-ші мен Тамар патшайым билік құрған кезеңмен байланыста қарастырады.

Тамар патшайымның билік құрған кезінде, оның әскербасы болған Закарэ, қыпшақтар мекендеген осы жерді сатып алып, 1201 жылы Ғыпчахаванк (Қыпшақ монастыры) монастырын салдырады. Бұл ауыл 1946 жылға дейін Ғыпчах (Қыпшақ), ал монастырь «Ғыпчахаванк» деп аталған (қазір Һарич деп аталады). Осы кесененің қабырғасында 1304 жылы армян тілінде жазылған: «...илхан Ғазан ханның әлемді билеген кезінде, мен  Елхұтлұ Чаған ұлы және менің ұлым Абаш пен менің қатыным Хутлу әулие Аставацацинге қосылып, осы шіркеудің қазынасына біздің үлесімізде қалған май шайқайтын орынды сыйладық...кім де кім дау шығаратын болса құдай мен пайғамбардың қарғысына ұшырасын. Орындаушылар құдайдың алғысына бөленсін. 753 (=1304) жылдың жаз айы» деген ақпарат бар. Т.С. Еремян жазылған жылы көрсетілмеген «Мен Тритур, құдайдың күнаһар құлы, Хупасаренцтердің жүзімдігінің ширек бөлігін өз еңбегіммен сатып алдым да оны қасиетті шіркеуге бердім. (Сол үшін) шіркеу қызметкері Амазасп апостол Андрей мейрамы кезінде үш күн литургия оқылуын белгіледі. Кім де кім мұны бұзса Христің қаһарына ұшырасын» деген жазуды мысалға келтіріп, әулет атында қолданылған «Хупасаренцтер» - қыпшақтар, яғни 1178-1185 жылдары билік құрған грузин патшасы Георгий ІІІ-нің бас қолбасшысы (амирспасалар) және  ішкі істер министрі дәргейіндегі уәзірі (мандатуртухуцеси) болған қыпшақ Құбасардың ұрпақтары [Еремян Т.С. Юрий Боголюбский по армянским и грузинским источникам // Научные труды Ереванского государственного университета, том ХХІІІ, 1946. -393-394 беттер] деген тоқтам жасайды.

Армян тарихшыларының жазбаларында хундардан бастап, барлық түркі халықтарын кейде һон деген жалпы атаумен, кейде өздерінің атауларымен беріп отырған. «Солтүстіктегі халықтар» деп те атаған.

ХІІІ ғасырда өмір сүрген Киракос Гандзакецидің «Армения тарихы» еңбегі осы кезеңдегі тарихи оқиғаларды баяндаған құнды шығармалар қатарынан орын алады. Ол Гандзак қаласында (қазіргі Әзірбайжанның Гянджі) 1200-1202жж. туып, 1271 ж. қайтыс болған.

Гандзакеци еңбегінің 12-тарауында қыпшақтардың Грузия патшасы Лаша Георгиден (Тамар патшайымның ұлы, 1213-1222 жылдары патшалық құрған) қоныс сұрағаны, тілектері орындалмаған соң, олардың Гандзак қаласының маңына орын тепкендері, сол жердің армяндары оларды өздерін грузиндерден қорғайтын күш ретінде бағалап, оларға азық-түлікпен көмектескені туралы айтылады.

Армения Республикасының Түркиямен шектесетін Ширақ облысында Артық деген аудан бар. Аудан орталығы Артик  (қазіргі атауы) қаласының күншығысында 2-2,5 шақырымдай жерде, таудың баурайына қоныс тепкен Қыпшақ деген шағын ауылдағы 1206 жылы салынған хыпчакаванк (хыпчақ+аванг (аванг – монастырь, нақты айтқанда «қыпшақ монастыры» деген ұғымды білдіреді).

Шіркеудің шырақшысы Гачик Хачатурянның айтуынша, шіркеудің төбесінде күмбез іспетті мұнарасы болған екен. Қазір шіркеу  бірнеше рет жөндеуден өткен де, сырт жағындағы кіреберісі болмаса, бұрынғы күмбезді қалпы толық сақталмаған.

Бұл жерде басы ашылмай жатқан мәселелер баршылық: "ағайынды Иванэ мен Закарэлер қай ұлттың өкілі, ауыл неге Қыпшақ аталған, аймақтың Артық аталуының сол дәуірде Грузия патшасы Давидке Донның бойынан 45 000 әскермен көмекке барған Артық батырмен тарихи байланысы қандай, шіркеудің кезінде күмбезделіп, шығыстың үлгісімен жабылуы неліктен, кейін ол қыпшақтар қайда кетті, армян-қыпшақтармен байланыстары бар ма?" деген сияқты қоя берсең шыға беретін сұрақтар көп.  Айтуларына қарағанда, ауылда XIII-XIV ғасырларда қыпшақтардың жасақтары мекен еткен екен. Оған сол жердегі шашылып жатқан қорымдағы қойтастар мен сандықтастар үнсіз куә болып тұр.

Грузияда билік басында болған Қубасардың ұрпақтары аталарының  атымен аталуын заңды құбылыс, қазаққа тән дүние деп қараған жөн. Артық атауын да, кезінде Дешті Қыпшақтан Артық ханмен бірге Грузияға өтіп, бір ғасырдан кейін (әлде ертерек) Арменияға қоныс тепкен Артық ханның қосынымен байланысты қарауға негіз бар.    

Армяндардың саяси-әлеуметтік өмірінде қыпшақтардың ықпалы болғаны сөзсіз. Олардың Армениядағы тарихи-мәдени іздері сайрап жатыр. Армян тіліндегі тұрмыстық атаулар мен кейбір этнографиялық ерекшеліктерден берісі қыпшақи, әрісі жалпытүркілік байланыстарды анықтауға болады. Мысалы, армяндардың 7 атаға дейін қыз алыспауы 11-12 ғасырлардан басталыпты. Кейін, шіркеу армян диаспораларына бес атаға толған соң қыз алысуға рұқсат бергенімен, мүмкіндігінше қан араластырмауға әлі күнге дейін тырысады.  Ал енді қараңыз, Қап тауының оңтүстігінде армяндарға билік жүргізген парсыларда, арабтарда, оғыз-селжүктер мен османлыларда, тіпті әзербайжандарда жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрі жоқ. Сонда бұл кімнің әсері? Әрине қыпшақтарың әсері болып шығады. Армяндарда жігітке қалыңдықты ата-анасы таңдап, құда түсіп алып беру әлі күнге шейін сақталып келеді екен.

Қоржын мен алашаның түр-түрі жасалуымен ғана емес, аталуымен мен ұқсас (хорджун, алача), кат – сүт (қатық сөзімен салыстырыңыз), суджук – жаңғақтың дәндерін ұзындығы 60 см-дей етіп жіпке тізіп, қайнап қойытылған жүзім шырынына малып алып (қою шырын жаңғақ дәндерінің сыртына ішектей жабысып, ауа жібермейді) жасалған тағам түрі; хаш – ас, хашлама – қой етінен бұқтырылып жасалған тағам, сонымен бірге малшылардың тасқорығы, сорпаны томыртқалап ішу, далада сірне пісіру, шикі еттен бастырма жасау, айраннан, қатықтан сорпа жасау, құрт, ірімшік жасау т.б. сияқты тағам дайындаудың алшақтықтан ортақтығы басым.

Армян тілінде сақталған қыпшақ тілінің іздері арнайы ғылыми-зерттеудің нысаны болған жоқ. Дегенмен, бірден көзге түсіп, құлаққа жылы естілетін «ошхар» - қошқар (бұл сөз ерте дәуірлерде енген), «хой» - қой т.б. сияқты сөздерден тыс, армян тіліндегі антропонимдерде яғни адам аттарының құрамында әртүрлі дәуірлерден хабар беретін түркілік қабат өте мол. Патронимдердің құрылымдық негізі түркі тілдеріндегідей болып келеді де, соңына –ян, -ц, -еци (соңғы –еци қосымшасы шыққан аймағын, мекенін білдіреді) қосымшалары қосылып, ерлер мен әйелдердің тегінде бірдей болып  келеді. Мысал келтірер болсақ, Игитян, Чолахян, Хатунян, Садахян, Ғазахян, Кошкарян, Орманян, Кучукян, Хангелдян, Каракозян, Хаджибекян, Худавердян, Ханларян, Халпахчян, Караханян, Чопчунц, Джангелдян, Орманчян, Етикчян, Бадракян, Селджукян, Туркменян, Ғазарянц, Ғазахецян, Алашкертян, Абдалян, Амирбекян, Йахшибекян, Аслибекян, Сарыбегян, Ахсахалян, Ахкашян, Хашкаян, Чанахчян, Палтачян. Чарухчян және с.с.

Армян тіліндегі түркі сөздері жайындағы мол деректер Грачия Ачарянның «Этимологический коренной словарь армянского языка. Т. 1-4. -Ереван, 1973-1979; Гр. Ачарян. Словарь армянских личных имен. Т. 1-5. –Ереван, 1942-1948» (армян тілінде) еңбектерінде қамтылған.

Белгілі бір аумақтарда шоғырланып қоныстанған ирреденттер географиялық атауларды ана тілдерінде белгілей отырып, өздеріне тән топонимия жүйесін жасайды, оларды зерттеу ғылыми тұрғыдан назар аударуды сөзсіз қажет етеді. Дүние жүзінің көптеген мемлекеттерінің идеологиясы ирреденттерді ассимиляциялауға бағытталған. Этностың ділін, мәдениеті мен рухани байлығын көрсететін өзіне тән тілдік топонимиялық жүйені құрушы және оны сақтаушы халықтың этникалық ерекшеліктерін жою мақсатында трансформацияға ұшыратылу арқылы ассимиляциялау процесі  топонимияны да қамтиды.

Ол құбылысты «Административно-территориальное деление Армянской ССР» атты еңбектерден қай жылы қандай атаулардың қалай деп ауыстырылғандығынан нақты көруге болады.

Армения мен Әзербайжан арасында ХХ ғасырдың соңына қарай орын алған саяси қақтығыстардың салдарынан армяндар мен әзербайжандар мекен еткен жерлерін тастап шығуға мәжбүр болды. Нәтижесінде бұрынғы түркілік топонимдерге жаңаша атаулар берілді.

Армения мен Қазақстанның арасындағы тарихи ортақтық

Армян-қыпшақ ескерткіштері тіліне қатысты Т.И. Грунин, Э.В. Севортян, Дж. Клосон, Ж. Дени, И. Абдуллиндер тарапынан құнды пікірлер айтылды. Мысалы, академик Э.В. Севортянның пікірінде: «Ценнейшим памятником разговорных кыпчакских языков или диалектов конца XIII – начала XIVв. по-прежному остается «Codex Cumanicus» (СС). Судебные акты из Каменца составляют другой важнейший источник, из которого отныне можно черпать сведения об одном из старокыпчакских разговорных языков более позднего по сравнению с СС времени. Другие армяно-кыпчакские тексты можно было бы отнести к памятникам армяно-кыпчакского литературного языка, в котором мы вправе различать язык чисто религиозных сочинений, язык судебно-правовых документов и начатков художественной литературы назидательно-апокрифического направления» [Документы на половецком языке XVI в. (Судебные акты Каменец-Подольской армянской общины). Транскрипция, перевод, предисловие, введение, грамматический комментарий и глоссарий Т.И. Грунина. Под редакцией Э.В. Севортяна. Статья Я.Р. Дашкевича. –Москва: Издательство «Наука», 1967. 14 б.] деген орнықты пайыммен жан-жақтылығы көрінеді. «Памятники старокыпчакского языка, составленные на армянском алфавите, еще не вошли в надлежащей степени в практику исследований по истории тюркских языков. Между тем они хранят в себе ценные сведения, столь необходимые в сравнительно-исторических штудиях в области тюркологии» [55]

Сонымен қатар армян әліпбиімен қыпшақ тілінде жазылған, сипаты жағынан әртүрлі, көлемі мол жазбалар бар. Түркітану ғылымында оларды «армян-қыпшақ» ескерткіштері деп атайды. Бұл мұралар Арменияда емес, негізінен қазіргі Украинаның Каменец-Подольск, Львов қалаларында жазылған. Ереван қаласындағы көне қолжазбалар кітапханасы Матенадаранда сақтаулы «Қыпшақ тілінің грамматикасы», армянша-қыпшақша сөздіктер, жыл қайыру, діни еңбектер Украина жерінде жазылып, Арменияға кейіннен әкелінген дүниелер.

Ол кездегі Речь Посполита құрамында болған қазіргі Украина жерінде армяндардың дербес құқығы бар  қауымы (колониясы) құрылып, іс қағаздары үш тілде – армян, қыпшақ, поляк тілдерінде жүргізілген. ХV ғасырда (1496 жылдан бастап) орталығы Каменец-Подольск қаласы болған. Армян әліпбиімен сол кездегі қыпшақ тілінде немесе қыпшақ тілі туралы армян тілінде жазылған материалдар бар.

Қыпшақ тілінде сөйлеп, христиан дінінің армян-григориан бұтағын тұтынған, қауым болып өмір сүрген бұл этникалық топтың қай  халыққа тән екендігі ғылымда басы ашық қалып келеді. Осы мәселеге байланысты пікір-таластарда: «Егер олар қыпшақтар болса, онда христиан дінін қабылдаған күннің өзінде ұлттық, рулық менталитеттерін жоғалтуға не себеп болды? Армяндардың әлемнің жартысын билеген қыпшақтарға діни, саяси әсері ондай дәрежеде бола алмаған. Сондықтан олар (қыпшақ тілінде сөйлегендер) қыпшақтар емес, Қырымда ассимиляцияланған армяндар» деген пікірлер де бар. Әрі, мұнымен қатар, лингвистикалық, яғни, тілдік тұрғыдан зерттеушілер тарапынан: «бір халықтың тілін екінші бір халықтың армян-қыпшақтар сияқты терең меңгеруі мүмкін емес, сондықтан олар – қыпшақтар болуы керек» деген пікірлер айтылуда. Бұл мәселені әлі де түбегейлі түрде, этнолингвистикалық, экстралингвистикалық, тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеу қажет. 

Біздің дәуірімізге жеткен жазбалар ХVІ ғасырдың 20 жылдары мен ХVІІ ғасырдың аяғын қамтиды. Одан бұрынғы кезеңде жазылғандары жоғалған, әзірше тағдырлары белгісіз. Дегенмен, кейінгі кездерде табылған қолжазба кітаптар бұл мол мұраның ерте дәуірінен хабар беретін жазбалардың бір жерлерде сақталуы да мүмкін-ау деген ойларға жетелейді.

Армян-қыпшақ ескерткіштері Арменияның Ереван қаласындағы көне қолжазбалар кітапханасы Матенадаран қорында (8 қолжазба), Мәскеу, Санкт-Петербург кітапханаларында, Киев, Львов қалаларының мұражайларында, сондай-ақ Польша, Франция, Румыния, Нидерланды, Италия, Австрия елдеріндегі мұражайлар мен музейлерде, сонымен қатар, жеке адамдардың қолдарында сақтаулы.

Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық, саяси-әлуметтік, мәдени өмірінен мол  мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан әр түрлі, көлемі үлкен жадығаттар. Осы саладағы кейінгі зерттеулерде бұл жазба мұралар алты топқа бөлініп қарастырылып жүр: 1) тарихи жазбалар; 2) заң кодекстері мен акт құжаттары; 3) филологиялық еңбектер; 4) діни әдебиеттер; 5) көркем шығармалар; 6) жаратылыстану-ғылыми әдебиеттер.

Армян-қыпшақ ескерткіштерін жариялауда Г. Алишан, Ж. Дени, Э. Шютц, Э. Трыярски, И. Вашари, М. Левицкий, Р. Кон және т.б. шет ел ғалымдарымен қатар, бұрынғы Кеңестер Одағының аумағындағы Т.И. Грунин, А.Н. Гаркавец, И. Абдуллин, Я.Р. Дашкевич сияқты ғалымдар көп еңбек сіңірді.

Жалпы армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің арасында көркем аударма стиліне жататын «Дана Хикар сөзі» шығармасының орны биік. Христиан жыл санауынан жеті ғасыр бұрын Ассирия-Вавилонияда дүниеге келген бұл моральдық-дидактикалық шығарма әу баста арамей тілінде жазылып, кейін бүткіл шығыс елдеріне, ортағасырларда еуропалықтарға дейін таралған. Қыпшақтар түркі әлемінде тұңғыш рет бұл шығарманы армянша нұсқасынан өз тілдеріне қысқартып аударған. Тілі көркем, мазмұнды, насихаты мол болғандықтан осы шығармамен қазақ оқырманын таныстыруды мұрат тұтқан едік. Шығарма желісі мен ондағы қанатты сөздер әрісі Інжілде, «Калила мен Димнада», «Мың бір түн» шығармасында көрініс тапқан және теологтар, философтар тарапынан әлемдік деңгейде зерттелуде. Жуырда осы шығарманың армян әліпбиімен жазылған, бұрын белгісіз болған, түрік тіліндегі нұсқасы қолымызға түсті.

Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеп, жариялауда, жоғарыда аттары аталған ғалымдардан басқа, осы саланың үлкен маманы, қазақстандық түрколог-ғалым Александр Николаевич Гаркавецтің еңбегі мол.

А.Н. Гаркавец дүние жүзі кітапханалары мен түрлі мұрағаттарға тарап кеткен армян-қыпшақ тіліндегі жазба мұраларды, атап айтқанда «Армянша-қыпшақша дұғалықтың (Псалтир)» (1575-1580) екі нұсқасы мен оған арналған армянша-қыпшақша сөздікті транскрипциялап жариялады (2001ж.).

2002 жылы Алматыдағы «Дешт-и Қыпшақ» Евразиялық зерттеу орталығынан «Кыпчакское письменное наследие: Каталог и тексты памятников армянским письмом» (1 том) деген атпен көлемі 1084 беттік еңбек жарық көрді. Бұндай еңбек қыпшақтану саласында бұрын-соңды жасалмаған баға жетпес құнды дүние болып табылады. Өйткені онда 1519-1628 жылдар аралығында жазылып сақталған 109 қолжазба мен 1618 жылы қыпшақ тілінде армян жазуымен баспадан басылып шыққан «Алғыш бітікі»- дұғалықтар кітабының мәтіндері транскрипцияланып, көпшілігі орыс тіліне аударылып берілген, акт кітаптарының мазмұндалған каталогы мен мәтін үлгілері көрініс тапқан. Еңбектің құндылығы – әлемнің түкпір-түкпіріне шашылып кеткен, әр кезде әр елде жарық көрген, әлі жарық көрмеген қыпшақ жазба мұраларын бір жерге жинақтап, зерттеушілерге екі ғасырға жуық мезгілді қамтыған, түрлі жанрдағы мол материалмен жұмыс істеу мүмкіндігін жасағандығында.

2003 жылы «Армян төре бітігінің қыпшақ-поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі», Львов, Каменец-Подольский, 1519-1594жж. деген еңбек  қазақ және орыс тілдерінде жарияланды. Онда армян-қыпшақ, латын тіліндегі мәтіндер транскрипцияланып, қазақ, орыс, украин тілдеріне аударылып, қыпшақша – қазақша, қыпшақша – орысша терминологиялық сөздік берілген. Еңбекті баспаға дайындап, орыс тіліндегі аудармасы мен ғылыми редакциясын А.Н. Гаркавец жасаған да, ал  қазақшаға тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Ғ. Сапарғалиев ағамыз тәржімалаған. Сондай-ақ «Төре бітікінің» латынша нұсқасын украин тіліне аударып жариялаған М. Капральдің еңбегі, армян-қыпшақтары мен олардың жазба мұралары жайындағы шолу мақала және әдебиеттердің библиографиясы аталған жинақтың маңыздылығын жоғарылата түскен.

А.Н. Гаркавец жариялаған бұл мұралар қыпшақтану саласына қосылған зор үлес, сонымен қатар  қыпшақтану саласындағы соны ізденістерге, тарихи-салыстырмалы зерттеулерге жол ашатын еңбек екендігі ақиқат.

Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық, саяси-әлуметтік, мәдени өмірінен мол мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан әр түрлі, көлемі үлкен жазбалар дедік. Ал шығармалар тілінің ерекшеліктеріне келер болсақ, әрине, арада жатқан бес ғасырға жуық уақыт пен славян тілдерінің қоршауында болуы, Речь Посполита мемлекетіне саяси-экономикалық тәуелділік ескерткіштерінің сөздік құрамына терең із қалдырғаны рас. Ортағасыр жазба мұраларының арасында армян жазулы қыпшақ ескерткіштері сөйлемнің құрылысы мен сөздік құрамында армян, славян, латын тілдерінің ықпалы молдығымен ерекшеленеді. Бұл тілдің дамуы жағдайында болатын заңды құбылыс. Мысалға, кешегі ХІХ ғасырдағы Ыбырай Алтынсариннің шығармаларының тілі мен қазіргі қазақ тілі бірдей емес қой, дыбысталуы, сөз мағынасының өзгеруі, сөйлем құрауы сияқты өзіндік айырмашылықтары бар.

Зерттеушілердің көпшілігі «Codex Cumanicus» («Кодекс Куманикус») тілінің армян-қыпшақ ескерткіштері тілімен сабақтас, негізі бір екендігін және кейінгісі «Codex Cumanicus» тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерінің арасын жалғастырып жатқанын айтады.

Мысалға сол кездегі қыпшақтың сөзі мынадай: «Теңрідəн аваз келді, иемге кетмəк ойым бар». Қазіргі қазақ тілінен қаншалықты алыс? Бүгінгі үнге икемдесек «Тəңірден əуез келді, иеме (о дүниеге) кетпек ойым бар» болып шығады. «Оғлум, йахші досдуңдан йырахланма, егәр йырахландың есә йә тапарсен аның кі досд йә тапмасен» - «Ұлым, жақсы досыңнан жырақтама, егер жырақтансаң ондай досты жә табарсың, жә таппассың»; «Оғлум, егәр өвүң  бійік, узун есә йеті хулач бойуңну егіп кір» - «Ұлым, үйің биік, ұзын болса да жеті құлаш бйыңды иіп кір». Сонда, арада бәленбай ғасыр өтсе де тіліміз аса өзгере қоймаған. Мұны аударма деп қарау қисынға келмейді. Сөйлемді қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіру дегеніміз дұрыстау болар.

Сейсенбай Құдасов, А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ҒЗИ-ның аға ғылыми қызметкері.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар