«Жасыл экономика» - тұрақты дамудың айқын көрінісі

/image/2019/06/20/diapocitivas.jpg

Біздің бағытымыз айқын, жолымыз белгілі. Отыз жылдық мемлекеттілігіміздің тарихында аса үлкен жылдамдықпен даму сатыларының біршамасын басып өттік десек, жаңсақ сөйлегеніміз емес. Біздегі саяи-экономикалық ахуалдың, әлеуметтік жағдайдың деңгейі айтарлықтай жоғарылады.

Қазақстанның жер аумағына байланысты, белдеулік локациясына байланысты бірқатар аймақтарда экологиялық мәселелер бар. Мысалы, Арал теңізінің трагедиясы, Семей қаласы маңындағы ядролық қаруды сынау алаңдарының залалдары дегендей... біз мысалға алып оытрған екі ірі апатты орындар – жалғыз Қазақстанның емес, көршілес мемлекеттердің, тіпті, әлемнің трагедиясы десек болады.

Рас, мәселелер баршылық. Мәселе түйіні шиеленіскен сайын оған қара аспанды төндіріп, жарыса айта бергеннен келіп-кетер пайда жоқ. Абзалы – дұрыс бағытты таңдап, табиғаттың зардап шеккен аймақтарын қалпына келтіру, табиғи апаттардың адам өміріне кері әсер етуіне жол бермеу.

Қазақстанда «Жасыл экономика» бағдарламасы кең көлемде, ауқымды күшпен жұмыс жасауда. Бұл бағдарламаның алдына қойған мақсаттарын, жүзеге асыруды көздейтін міндеттерін орындауға қоғамның түрлі таптары, алуан жас ерекшелігіндегі мүшелері белсенді атсалысуда. Бағдарлама аясында жер-жерде ағаш отырғызу, сенбілік жасау сынды еріктілер тұрақты ұйымдастыратын қоғамдық іс-шаралар өтіп жатады.

Бұл – еліміздегі табиғатты қорғау, азаматтарды, халықты, келешек ұрпақты табиғи апаттардан, табиғат зілзалаларынан сақтандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан әрекеттер.

Әлем біздің елдегі табиғатты қорғау, экологиялық мәселелерді шеші жұмыстарына қаншалықты назар салып отыр?

Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссия (ЭСКАТО) жасыл экономика тұжырымдамасын жедел түрде жүзеге асыруды кезек күттірмейтін міндет деп санайды. Аталған ұйым құрамында Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан сынды посткеңестік елдер мүше ретінде тіркелгенін ескерсек, Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың аса мәз емес екенін байқауға әбден болады.

ЭСКАТО-ның жоспарына сәйкес, 2005 жылы негізгі басымдықты бес бағытқа беретін жоба ұсынылды: ұтымды тұтыну және өндіріс үлгілері, Кәсіпорындар мен базарларды «жасылдандыру», тұрақты инфрақұрылым және жасыл салық және бюджеттік реформалар. Кейіннен тағы екі алаң – табиғи капиталды инвестициялау және қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштері қосылды.

Осы көрсеткіштер аясында мемлекет деңгейіндегі арнайы жобалар қолға алынып, бүкіл халықты жұмылдырған акциялар, қоғамдық шаралар белсенді өткізіліп келеді.

«Жасыл экономика» деген атаумен елдің көзі үйреніп кеткен бір бағыттың бар екенін білеміз. Бұл бағыттың да негізгі мақсаты сол – елдегі экологиялық мәселелерді түп-тамырымен жойып, табиғатты қорғаудың, қоршаған ортаға мейірім танытуды алғышарттарын үйрету. Осындай бағыттар аясында ірі шаһарларда, аудандарда, ауылдарды жыл сайын көктемде ағаш отырғызу, сенбілік жасау сынды адамзаттың қамқоршысы табиғаттың қойнауын тазартып, абаттандыру үшін жұмыстар жасалынып келеді.

Экологиялық мәселелердің ушығып тұрғаны жасырын емес. Айта кеткен тағы жөн, бұл проблема тек бізде емес, күллі әлем жұртшылығының мойынында, басында бар ауыртпашылық.

Мұзды мұхиттардың еруі, қасақана қастандықпен немесе абайсызда алып ормандардың өртенуі, ландшафтардың бүлінуі, ауаның ластануы, таза ауаның тапшылығы дегендей...

Біздің ел азаматтары жаз жайлауын жайлап, қыс қыстауын жағалаған көшпенді халықтың ұрпағы, ізбасары болғандықтан, табиғат тілін түсіне алады. Табиғат ахуалын көкірек көзімен көріп, көңіл сарайымен түсіне алады.

Ел азаматтарының экологиялық мәселелерге бей-жай қарай алмайтындары бірнеше жағдайларда көрініс беріп жүр. Арал теңізінің трагедиясы туралы айтпаған, жазбаған, сөйлемеген қазақ кемде-кем.

Ал Алатау бөктеріндегі Алматы шаһарына қарасты «Көк-Жайлау» демалыс орынындағы ағаштарды жаппай қырқып тастауға азаматтардың белсенді қарсы болғаны да жоғарыдағы сөзімізге тұздық.

Экологиялық мәселелер, алдымен, табиғаттың сұлулығына сызат түсіреді. Екіншіден, адам денсаулығына айтарлықтай қатерлі. Әсіресе, қалалық аймақтардағы көлік және зауыт түтіндері ағзаға қажетті көміртегіні алуды қиындата түседі.

Сарқыраған тау бұлағының, көк майса шөптің, шегірткесі сайран салған шалғынның ортасында өскен қазақ баласының табиғатқа жанашырлық танытпай қалуы мүмкін емес.

«Жасыл экономика» сынды ауқымды бағыттардың елді біріктіруге жұмыс жасауы көңіл қуантарлық жағдай. Көз қуанды, көңіл қалпына келді, ендігі мақсат – зардап шеккен табиғаттың жаралы дерттерін жазу.

Экологиялық мәселелерді шешу жолында кішкене де болсын қызмет атқарсаңыз, бұл – келешек ұрпақ мүддесі үшін жасаған табиғат алдындағы өтелген борыш болмақ.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар