Дүниежүзілік сауда ұйымы(WTO) қазаққа не "береді"?

/uploads/thumbnail/20170708181822987_small.jpg
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Кеше, яғни 22-нші маусым күні ұйымның 161 елі Қазақстанды өз қатарына ресми түрде қабылдады, сөйтіп біз 162-нші мемлекет болып алып ұйымның шеңберіне ендік. Поскеңестік кеңістіктегі 15 елдің 10-ны ДСҰ-на мүшелікке бізге дейін өтіп кетсе, Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан мен Түркіменстан әзірге сырт қалып тұр. Түркіменстан 2013 жылы ұйымға кіруге ниет білдірді. Сонымен, Дүниежүзілік сауда ұйымы қазақ экономикасына не береді? Ұтарымыз не, ұтылар тұсымыз қайсы? Ұлт.кз порталы елімізге белгілі сарапшылардың пікірін білді. Мырзагелді Кемел – Экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Бұл ұйымның басты идеясы – сауда еркіндігі. Бірлестіктің талабы – кез-келген мемлекетке тұтынушы тауарларын қосымша салық салмай сату. Яғни, келетін ипортқа да, шығатын экспортқа да ешқандай қосымша салық салынбайды. Біз бұл ұйымға кіруге 1995 жылы өтініш білдірген едік. Ол кезде бұл ұйым бізге тиімсіз еді, себебі біздің кәсіпкерлік саласы дамымаған.  Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетпеу ол кезде мүмкін емес еді. Осы 19 жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарылды. Бұрыс жағы, сырттан келетін өнімге салық салынбағаннан кейін сырттан келетін арзан өнім көбейіп, отандық тауар бәсекелестікке төтеп бере алмауы мүмкін. Бірақ, кәсіпкерлік бәсекелестік болмаған кезде жетілмейді. Осыны есте ұстаған дұрыс. Бұл ұйымға кіру арқылы біз кәсіпкерлерді қайрай түсеміз. Тиімді жағы әсіресе қаржылық секторда анық байқалуы мүмкін. Себебі, біздің нарықта бірлі-жарлы ресейлік, арабтың банктерінен басқа қаржылық институттар жоқтың қасы. Біздің банктер беретін несиенің пайызы өте жоғары, 8-ден 24 % дейін өсіп келеді. Әлем қақпаларының ашылуы арқылы бізге өзге елдің банкері келіп, арзан несиемен қамтамасыз етеді. Бұл тағы сол кәсіпкерлер үшін тиімді. Қай мәселеде болсын еркіндік жақсы ғой. Еркіндік шектелген жерде бүгешектей береміз. Ал, ашық бәскелестік келгенде жығылғаны жоғалады, төтеп бергені тұрып кетіп күрескер кәсіпкерлер пайда болады. Тұтастай алғанда ДСҰ-ның экономикалық жағынан пайдалы тұстары көп. Бұл жерде айта кететін тағы бір тұсы, ДСҰ мен ЕАЭС бір-біріне кедергі келтіре алмайды. Бұл жайында өз Үндеуінде президент те айтты. Қайта Еуразиялық экономикалық одағының кейбір кемшін тұстары болса осы ДСҰ талаптарына сәйкестеніп қайта түзеліп кететін сияқты болып көрінеді маған. Келіссөздердің ұзаққа созылуы түсінікті жайт. 161 мемлекетпен жеке-жеке сөйлесіп, олардан Қазақстанды мүшелікке қабылдауын сұрау үлкен жұмыс еді. Қарсы болғандар көп болды. Әсіресе, Еуропа елдері. Өйткені, Қазақстанға қаржы салғысы келетіндер көп болды. Содан қауіптенеді ғой. Қазір қазақ нарығын қырғыздың жеңіл өнеркәсібі жаулап алды. ДСҰ-ның қырғыз үшін тиімді тұсы осы болды. Біз де көп ұзамай игілігін көре бастаймыз. Ең бастысы билік жаңа жағдайға әзір болуы керек. Экономикамыздың әлі де әлсіз екені рас. Біздің банк секторындағы жалпы қаржымыз Америкадаға орташа бір банктің қаржысындай ғана. Біз Ұлы елміз, алып елміз деп атойлағаннан гөрі, құмырсқаша еңбектенуіміз керек.

Ержан Әмірбекұлы – экономист:

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз бұл заңдылық. Себебі, бар әлем бір шеңберде жүргенде, біздің одан сырт қалуымыз әрине дұрыс болмас еді. Енді кірген соң бөркімізді аспанға атып қуануға да бола қоймас. Себебі, Дүниежүзілік сауда ұйымы біздің еліміз үшін үлкен сынақ болайын деп тұр. Біздің бір кемшін тұсымыз, кәсіпкерлікте жүрген азаматтар тез пайда тауып, тез байығысы келеді. Олар енді түсінуі керек. Әлемдік сауда ұйым деген сақинаға кірген соң отандық тауарды көп өндіруіміз керек. Ол бастапқы кезде тиімсіз болуы мүмкін, пайда аз түсер бірақ оған шыдауымыз керек. Бізге қазіргі таңда бүкіл ел болып шыдап, төтеп беруіміз керек болып тұр. Біз үлкен нарыққа кіріп отырмыз, көптеген елдер ұйымның ойынына үйреніп қалған, біз жаңа ойыншы болайын деп отырмыз. Сондықтан, әрине бас кезінде тиімсіз тұсы көп болады. Біздің бұл ұйымға мүше болуымыз Ресейге ұнамауы мүмкін. Себебі, біз дербес мемлекте ретінде әлемдік нарықпен тікелей қарым-қатынас жасай бастаймыз ғой. Кез-келген ұйымның сыртанда саяси мәселе бар. Бұл ЕЭАС болсын, ДСҰ, БҰҰ болсын барлығының сыртанда үлкен саяси ойындар жүріп жатыр. Олардың барлығы біздің келуімізді күтіп, қазақтың экономикасын жақсартайын деп отырған жоқ қой. Әр мемлекет өз пайдасын көздейді, өз мүдделерін қорғайды. Бізде де бір ғана мүдде болуы керек. Бұл ұйымның игілігін көру үшін он шақты жыл керек-ау. Себебі, біздің кәсіпкерлер жаңа ортаға икемделіп, бойларын үйретіп, түсінгенше осынша уақыт өтер. Біз осыған дейін шикізатты экспорттаушы ел болып келдік. Енді қазақтың майын, қымызын тағы басқа өнімдерін шетке шығарып, сауда жасауға икемделу керек. Бұл ретте бар жүк, салмақ кәсіпкерлерге түседі. Олар бірінші кезекте ұлтжанды болуы керек. Тек пайданы ғана ойламай, елдің мүддесі үшін қызмет етсе біз бұл сынақтан аман-есен шығамыз.

Тоқтар Есіркепов – Экономика ғылымдарының докторы, профессор

:

Қазақстан ұйымға қабылданды. Бірақ, қандай шартпен? Бұл біз үшін жұмбақ. Билік ДСҰ кіруді ел азаматтарынан жасырын жүргізді. 20 жылға жуық жүргізілген келісімнің негізгі шарттары мен талаптары, параметрлері бұқара үшін сол құпия түрінде қалып қойды. Ал, Ресей 2000-ншы жылдардың басында-ақ ұйымға кіру шарттарын Президенттің сайтында ашық жариялап отырды. ДСҰ мүше болудың негізгі алғы шарттары ашық жарияланбаған соң, қандай да бір қорытынды жасау мүмкін болмай тұр.    

ult.kz

Қатысты Мақалалар