Сіз телеарналарға қарап жүрсіз бе, осы.... 21 жыл болды, қазіргі биліктің және оның жандайшаптарының қазақты қорлап келе жатқандарына. Иә, 21 жыл болды! Бұл ширек ғасырға жуық уақыт деген сөз!!!
Ұлтымыз қазақтанудың орнына, керісінше, Кеңес кезеңінен де бетер, көтінен кері кетіп, жаппай орыстанып немесе батыстанып бара жатқан жастарымызды, тіпті, ата сақалдары аузына біткен үлкендерімізді көріп, жігерім құм болады, ылғи. Бұл не деген сұмдық, ай мен күннің аманында!
Анау мүлдем ұлттық тәрбиеден кеткелі де, тура 21 жыл болыпты, о сұмдық! Оған айтып, қайран сөзді қор қылудың қажеті де шамалы екенін, бойында қазақтың қаны бар әр қазақ жақсы біледі...
Бір кезде, мүмкін, қазір де үлкен қыздың каналы болған «Хабарды» түсінуден қалғанымызға қашан?
Осы «Хабар» соңғы кездері «Habar-stars» деген аты ағылшынша,заты қазақшасымақ бір шоу хабар ойлап тауыпты. Оны жүргізетіндердің барлығы да бейне бір цирктегі сайқымазақтардай, өрескел әрі дөрекі сөйлейтін жандар екен. Бұл да қазақтың қазақты қорлауы емей, немене?
Жә, телехабардың жүргізушілерін қоя тұрып, осы жобаның тақырыбына назар аударып көрейікші. Ағылшынша білетін үйдегі немеремнен сұрап едім, ол:
-Әке, соны да білмейсің бе? Ол «Хабар-Жұлдыз» деген сөз,- деп қарап отыр.
Иә, қазіргі жастарға не дейсің. Түсінген болып, басымды изеген болып, өз бөлмеме барып, осы мақаланы қолға алдым.
Сонда деймін-ау, біздің қазақта «Жұлдыз» деген әдемі қазақ сөзі бола тұрып, бұлар енді орысшаны қойып, ағылшанша шүлдірлейтін болғаны ма? Бұл да қазақты қорлаудың «жарқын бір белгісі» емей, атаңның басы ма?
31 телеарнағы «Қазақша концерт» дегеннің шыққанынын да біраз уақыт болды. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінде неге «Қазақша концерт» деген болуы керек? Сонда олар біздің сорлы қазақты мүсіркеген болып, аптасына бір, әр жұма сайын кешкілік «Қазақша концерттерін» беретін болған. Осының өзінен-ақ, еліміздің тәуелсіз мемлекет емесін аңғару қиын емес.
Ал, енді осы «Қазақша концертті» жүргізетің ұзынды-қысқалы екі қазақ жігітінің мас адамдарша бұраң-бұраң етіп, ауыздарына келгендерін «оттауларын» қалай түсінуге болады? Олар сонда осы телехабардың атының өзі қазақты қорлап тұрғанын білмегендері ме? Болмаса, оларға бәрі бір ме? Ұлттық намыстан жұрдай болған біздің қазақтың ана екі жүргізушісі сияқтылары да біздің ұлтымызды әбден қорлап біткені, менің жанымды аяздай қариды!
Иә, құрметті, бойында ұлттық намыстары бар қазақ азаматтары!
Біз қашанғы осы ұлтымызды ашық үрде қорлалағандарға төзе бермекпіз, осы? «Алаштың» ардақтысы, Міржақып Дулаттың «Оян, Қазақ!» леген ұранын арада жүз жылдай уақыт өткенде, тәуелсіз мемлекет атанғанда, тағы бір рет бар дауысыммен айғайлап айтқым келеді. Бірақ, менің сол жанайқайымды естір құлақ бар ма екен, әуелі?!.
Жұмаш КӨКБӨРІ,
Алматы қаласы,
20.04.2013 жыл.
Пікір қалдыру