Қазақтың жүрегін корейлер емдейді

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

22 мамыр күні Алматы қаласы, Іле ауданы, Ынтымақ ауылында Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея мемлекеттері бірлесіп ашқалы отырған «Седжон Еуразия» атты клиниканың алғашқы іргетасын қалау салтанаты өтті. Аталмыш жобаның келісімшартына екі ел арасында 2011 жылдың 26 тамызда қол қойылған. Салтанатты рәсімге Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Маралбек Мейірбеков, Корея Республикасының ҚР-дағы бас консулы Хен Ын, Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының президенті Ко Кен Хва, Кенги-до провинциясының денсаулық сақтау саласын дамыту бөлімінің жетекшісі Рю Ён Голь, Седжон госпиталінің төрағасы Пак Ен Гван, Седжон госпиталінің президенті Чон Ран Хи, «Седжон Еуразия»  халықаралық медициналық орталығының бас директоры Вячеслав Шегай қатысты.

В.Шегайдың айтуы бойынша клиниканы қазақстандық құрылыс мекемесі салады. Орталық құрамына поликлиника, диагностикалық орталық және 100 кереуетке арналған стационар кіреді. Емханада шамамен 300-400-дей қызметкер жұмыс істейді. Поликлиникада күніге 1000-нан астам адамды қарау көзделіп отыр. Сонымен қатар қазақстандық 20 дәрігерді Кореяда оқыту жоспарлануда. Клиника 2015 жылдың 2-ші жартысында іске қосылады.

 – Қазақстанда жүрек аурулары 2-ші орында. Аурухана мүддесі – адамның                               ауруының алдын алу, Кореядан берілетін медициналық көмек пен жаңа технологиялар арқылы аурудың белгілері мен түрін табу, асқынудан сақтау болып табылады. Мысалы, рак ауруының 1-ші кезеңін емдеуге 150 мың тг жұмсалатын болса, оның 3-4 кезеңін тойтаруға 20-30 млн тг қаржы кетеді. Сол секілді емхана мамандарының мақсаты – ауруды тез анықтап,оған тиісті шара қолдану болмақ.Сонымен қатар мемлекеттік квота мен қайырымдылық қорын ұйымдастыру жоспарда бар,– дейді Вячеслав Шегай.

Бас консул Хен Ын:

–«Седжон» ауруханасының көмегімен көптеген адам өмірін сақтап қалатынымызға сенімдімін. Жобаны жүзеге асырудағы мақсатымыз- денсаулықты сақтап, ғылыми зерттеулермен алмасу. Қазақстан дамыған ел. Кореядағы «Седжон» ауруханасы 30 жылдан бері жүрек ауруларын емдеуде үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанда 2015 жылы халықаралық клиника ашылғанда жаңа әлемдік дәрежеге ие болады деп сенемін,– дейді.

Маралбек Мейірбеков:

–        Елімізде медицина қарқынды дамуда.Осыдан 4-5 жыл бұрын көптеген ауруларды емдеуге қауқарымыз жетпеген болса, қазір оның көбін өз елімізде емдеу мүмкін болды. Ал Қазақстан мен Корея арасындағы бұл жоба екі елге де жемісін береді деп ойлаймын, – деді.

Жаңа клиниканың салынуы тұрғындардың Корея Республикасының жоғары технологиялы медициналық индустриясына қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Кореяның басқару тәжірибесін қолдану, клиника қызметіне Кореяның кеңесшілері мен білікті мамандарын тарту қазіргі уақытта сол елдің ауруханаларында емделуді қалайтын шетелдің медициналық туристер ағынын Қазақстанға бұруға зор мүмкіндік береді.

Айжанат Қазиева

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар