Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев - бір қараған адамға ұлтжанды (ұлтшыл емес) азамат болып көрінуі ғажап емес. Бұл елге әкім болып келгенде алғашқы жұмыс сапарын данышпан Абай жерінен бастағанынын ұмыта қойғамыз жоқ. «Мынау тілсіз, дінсіз, тексіз биліктің ішінде де иманжүзді бір жан бар екен ғой» деп ел ақсақалдары басында қауқылдасып-ақ қалысқан болатын. Бірақ, кейде «осы бізде ақсақал дейтіндей жандар қалды ма екен әуелі», деген жаман ойға да еріксіз қалады екенсің.
Бірақ, Шығыс өңіріндегі бұл «қауқылдасудың» аяғы көп ұзамай, «жершілдік», «рушылдық» бояу ала бастағанда, әлгі ел ақсақалдары ішін жиып ала қойған. Қасиетті Шығыста ел басқаратындай бір адамның жоқ екенін дәлелдеу үшін ШҚО әкімі Б.Сапарбаев көп ұзамай, өзі туып-өскен оңтүстіктен шыққан ет жақындары мен сыбайластарының шұбырған қалың тобы бірден «жаңа басшылар» атанып, қара қоңыздай қаптап берді дерсіз. Сонда деймін-ау, Абайдай данышпанды, Мұхтар Әуезовтай қазақ әдебиетінің классигін және Кешірімхан Бозтаевтай саяси тұлғаны, жүздеген, мыңдаған дара тұлғаларды өмірге әкелген қасиетті Шығыс жері енді ел тізгінін ұстайтындай бір азаматты дүниеге әкелмеген бе деп күйінеді екенсің. Б.Сапарбаевтың жазылмас, ем қонбас дертінің ең бастысы – осы «жершілдік», «рушылдық» екенін Шығыс өңірінің тұрғындары тым кеш біліп, сандарын соғып қалған болатын. Иә, бұрын білгенде де, қарапайым халықтың қолынан не келер дерсіз. Бір ғана адамға құлдық ұратын елдегі саяси жүйеге есі дұрыс адам қалай қарсы шықсын?
Иә, бұл дерт – Семейдей облыс орталығынан айрылып қалған қалың елге індет болып тиген. Небір қолынан іс келетін, білікті де білімді, сарабдал саясаткер азаматтар Бердібек Сапарбаевтың қаҺарына ұшырап, ай мен күннің аманында орындарынан айрылып, тентіреп, тезек теріп кеткен.
БҰЛ - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың бірінші кемшілігі. Енді оның екінші кемшілігіне тоқталайық.
Осы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы «Таңсық» ауылының түлегі, еліміздегі ең ауқаттылардың қатарына жататын Тоқтархан Қожағапанов деген «пысықтың» қалай ғана осы келімсек әкімге жағып қалғанын, аягөздіктер түсінбей дал. «Әкімге жақпай емей, немене», бүкіл Аягөз, Семей, Қазақстан, Түрік дүниесі елдері осы Қожағапановтың «Таңсық» ауылын бір кезде бөлімше басқарған, марқұм әкесі Жұман Қожақапанов есімімен ататуға бар күшін салып, жанталасып жүргенінен жұртшылық жақсы хабардар.
Басқаларын айтпағанның өзінде, бүкіл Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары бұл әділетсіздікке қарсы орындарынан өре түрегелгенде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың селт етпегені елді қатты таңқалдырды. «Бұл неткен бетон-бет басшы» десті олар жағаларын ұстап.
Сонда дейміз-ау, ана қалтасы қалың Т.Қожағапанов мына Б.Сапарбаевтан бастап, барлық әкім-қаралардың аузын майлап жіберген-ау, әйтпесе, оған не болыпты қасиетті Қозы мен Баян жерін қайдағы бір келімсектің есімімен атап жіберуші аягөздік мәслихаттың шешіміне қарсы келмей, міз бақпай үнсіз отырып қалғаны елге түсініксіз болып қалуда.
ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың -барша иісі Түрік жұртының ортақ асыл мұрасы саналатын, 2,5 мың жылдық тарихы бар, ғашықтық символы - «Қозы-Көрпеш-Баянсұлу» кесенесі тұрған жерді қайдағы бір ферма меңгерушісі, марқұм Жұман Қожағапановтың есімімен атауды қолдаған сыңай тантуы - бізді еріксіз осындай ойларға жетелелеген. Аягөз өңірінің аузы дуал ақсақалдары:
-Е, мына жемқорлық дерт тұтастай мемлкетті жаулап алғанда, облыс әкімі Б.Сапарбаев та ауыз, кеңірдек жоқ деп кім айтты?- десіп, жерге қараған. Оларды жерге қаратқан – әкімнің Т.Қожағапановты қолдаған сыңай танытуы еді. Осы әкімге елдің «Қозы мен Баян» жрінің атын өзгертуге байланысты арызданғандарына да көп болды. Ал, Б.Сапарбаев: «бірің - өліп, бірің - қал» деген адамша, бүгінге дейін сол сызданып, жарылардай болып, сазарып отыр.
Міне, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ең басты екі кемшілігі дегенде, біздің айтарымыз осы, ағайын...
Ж.КӨКБӨРІ,
22.05.2013 жыл
Пікір қалдыру